Келесі кім?

01.12.2010, 22:47
Келесі кім?
Қазақстан құрамасының ойыншылары міне биыл да өз жанкүйерлерін еш қуанта алмады. Оған себеп бас бапкер Бернд Шторк болды ма, әлде өз ойыншыларымыз ба, оны өздеріңіз саралай жатарсыздар. Дегенмен де, 4 ойында ең болмағанда 1 гол салу керек еді ғой? Басқа ұлт өкілдерінен құрап алған Қазақстан құрамасының мүшкіл жағдайын өз көзімізбен көрдік. Бапкер Шторк мырза өз орнынан кетті. Енді оның орнына кім келеді екен? Бірақ, қандай бапкер болмасын Қазақстанға келгенде ойланып келетін шығар шамасы. Әйтеуір келген бапкерлер алғашында керемет болып келеді де, бір-екі ойыннан кейін-ақ оларды жұмысына қарап, жамандай бастаймыз. Ең соңында бапкер бар кінәні ойыншыларға арта салады. Әрине бапкер алаңда ойнамайды. Бірақ, бапкердің дегенімен ойнайды емес пе ойыншылар? Менің ойымша қандай бапкер болмасын, ол ең алдымен ұлты қазақ ойыншыларды құрамаға тартса екен! Мәселен, ойынымен жарты Еуропаға танымал болып жүрген Самат Сымақов ше? Ол әлі өз бабында. Одан басқа сұрмерген Мұрат Тлешев. Өткенде ғана Еуропа лигасының 4-ші айналымындағы Голландияның «АЗ» командасына қос гол ұрмады емес пе? Міне, сол кезде өзіміздің қара домалақ қазақ жігіттері қандай еуропалық стильдегі ойын көрсетті. Ұлттық құраманың ойындарын қарап отырып, бізге тек бір тайм ғана ойнау керек деп те ойлайсың. Бірақ, олай болуы мүмкін емес, әрине. Жоғарыда айтып кеткендей, неміс кетуін кетті, ал қалған кемісті кім түзейді? Кеткенде де бас бапкердің бізге сыйлаған жеңілістеріне жауап ретінде біздің басшылар шапан жауып, арқасынан қағып шығарып салды. Әрине, қонақты құдайындай сыйлайтын халықпыз ғой. Десе де, бір мемлекеттің құрамасын басқарып отырғаннан кейін, оған немқұрайлы қарамуы керек еді. Менің ойымша, ұлттық құрама сапында ұлты қазақ ойыншылар көп болуы тиіс. Тіпті 100% қазақ болса екен деп те армандайсың! Бірақ, менімен келіспейтіндер де бар ғой. Мәселен, қазақтар доп тебе алмайды, қазақтар 90 минуттық футболға шыдай алмайды деп жатады. Жарайды, оған да келістік делік. «Сол қара қазақтың орнын басып жүрген ұлттық құрамадағы басқа ұлтты ойыншылар не бітіріп жүр?» деген ой туындайды. Міне, сол себепті жаңадан келетін бапкердің құлағына алтын сырға! Ұлттық құрамада қазақтар көп болуы керек. Маңызды ойындарда жеңілген күннің өзінде біздің жігіттер мемлекеттік әнұран орындалғанда қосылып бірге шырқайтын болады. Әзірге осының өзі жеткілікті. Ал жеңістер әлі-ақ біздің ауылды маңайлайды деп үміттенеміз.

Руслан БАҚЫТЖАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×