
“Манчестер Сити” клубынан кетуге шешім қабылдаған Бельгиялық жартылай қорғаушы Кевин Де Брюйненің келесі клубы ретінде кеше ғана Италияның чемпионы атанған “Наполи” клубы айтылуда.
Танымал Италиялық инсайдер Джанлука Ди Марционың мәліметінше, “Наполи” клубының спорт директоры Джованни Манна соңғы апталарда Манчестерге барып, Де Брюйне мен оның өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында клубтың болашақ жобасы таныстырылып, ойыншының талаптары мен тілектері талқыланған. Де Брюйне бұл ұсынысты ашық қабылдап, отбасымен бірге мұқият қарастыруда.
Сонымен қатар, Де Брюйне де “Наполи” клубының жобасына қызығушылық танытып отырғаны туралы хабарлар бар. Клубтың Чемпиондар лигасына қатысуы және Бельгиялық әріптесі Ромелу Лукакудың командада болуы бұл шешімге әсер етуі мүмкін.
“Наполи” Де Брюйнеге қосымша бір жылға ұзарту мүмкіндігімен екі жылдық келісімшарт ұсынуға дайын. Жылдық жалақысы шамамен 6 миллион еуро болуы мүмкін. Бұл сома Сауд Арабиясы мен АҚШ клубтарының ұсыныстарынан төмен болғанымен, Де Брюйне Еуропада жоғары деңгейде ойнауды жалғастыруды қалайды.
Біздің серіктес: FONBET