Осы жазда еліміздің футбол федерациясында маңызды ауыс-түйіс болып, Бас хатшы қызметіне әлемге әйгілі Ағылшындық “Тоттенхэм” клубының бұрынғы директоры Скотт Мунн келеді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ол бұл орында Андрей Кеплинді алмастырып, 2030 жылға дейін жұмыс істейді деп күтілуде.
Мунн 1947 жылы 17 ақпанда Австралияның Мельбурн қаласында дүниеге келген. Үйленген, үш баласы бар, бос уақытында велосипед тебумен айналысқанды ұнатады.
Мунн — спорт менеджменті саласындағы нағыз майталман. Оның мансабы 2000 жылы Сидней Олимпиадасын ұйымдастырудан басталған. Кейін регби саласында шыңдалып, 2009 жылы футболға ауысты. Оның негізгі жетістіктерінің бірі — “Мельбурн Сити” клубын 10 жыл бойы басқарып, команданың іргетасын қалауы. Бүгінгі таңда бұл клубтың табысты болуында Муннның еңбегі орасан.
2019 жылы ол әлемдегі ең ірі футбол империясы — City Football Group-тың Қытайдағы бөлімшесін басқарды. Ондағы жоғары нәтижелерінен кейін оны “Тоттенхэм” қожайыны Даниэль Леви байқап, 2023 жылы клубтың футбол операциялары жөніндегі бас директоры етіп тағайындады.
“Тоттенхэмде” Мунн мынадай маңызды бағыттарға жауапты болды:
– Негізгі құрамның техникалық жұмыстары
– Әйелдер футболы мен жастар академиясы
– Жаттығу орталықтарының жұмысын үйлестіру
Скотт Мунн тек клубтық деңгейде емес, басқарушы органдарда да үлкен тәжірибе жинақтаған маман. Оның басты ерекшелігі — жас таланттарды тәрбиелеу жүйесін (“youth pathways”) дұрыс жолға қоя білуі.
Дегенмен, оның “Тоттенхэмдегі” жолы тек жеңістерден тұрмады. 2025 жылы клубтағы үлкен реформалар кезінде ол қызметінен босатылды. Оның үстіне, Мунн медицина бөлімін қайта құрып, бас дәрігерді ауыстырғаннан кейін командада жарақат алған ойыншылар саны артып кеткені де сынға алынған еді.
Скотт Муннның Қазақстан футбол федерациясына келуі — отандық спорт үшін үлкен мүмкіндік. Ол Еуропалық стандарттарды енгізіп, федерация жұмысын оңтайландыра алады ма? Оны алдағы бес жыл көрсетеді. Бұл тағайындау КФФ-ның халықаралық деңгейге шығу амбициясын айқын аңғартып отыр.