Қостанайлық “Тобылдағы" соңғы өзгерістер жанкүйерлер мен сарапшылар арасында қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Нұрбол Жұмасқалиевтің қызметінен кетіп, оның орнына Беларусьтік маман Мирослав Ромащенконың тағайындалуы команданың болашағына қатысты үлкен сұрақтар туғызды.
Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Павел Евтеев бұл шешімнің астарында не жатқанын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, клуб басшылығының мұндай қадамға баруына команданың турнирлік кестедегі аянышты халі себеп болған.
“Нұрбол Жұмасқалиевтің орнына Мирослав Ромащенконың келуі — "Тобыл” басшылығының командаға қан жүгіртіп, футболшыларды сілкіп алу үшін жасаған қадамы. Қостанай клубы қай кезде де ең биік белестерді бағындыруды көздейді, сондықтан турнир кестесіндегі соңғының алдындағы орын олардың асқақ амбициясына мүлдем сәйкес келмейді. Бапкерлер қосынындағы бұл өзгерістің команда нәтижесіне қаншалықты әсер ететінін алдағы уақыт көрсетеді. Десе де, қазір "Тобыл" үшін әрбір ұпай маңызды, олар тез арада жинақталып, үздіктер қатарына қосылуы тиіс.” – деді Евтеев Sports.kz сайтына берген сұхбатында.