Кіл қазақтардан құралған «Қайсар» елордалықтармен тең тарқасты

04.05.2025, 19:06

ҚПЛ-дің кезекті турында Қызылордада өткен матчта «Қайсар» мен «Астана» жеңімпазды анықтай алмады.

Кіл қазақтардан құралған «Қайсар» елордалықтармен тең тарқасты

Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қонақтар белсенді бастады. Бірнеше қауіпті сәттер туындатқанымен, оларды голға айналдыра алмады. Бірінші таймның соңында алаң қожайындарының қорғаушысы Карам Сұлтанов өз айып алаңында Марин Томасовқа қарсы ойын ережесін бұзды. Алайда Джеффри Чинеду белгіленген пенальтиді сәтті пайдалана алмай, допты қақпа бағанасына тигізді.

Екінші таймның 59-минутында «Астана» ойыншысы Кипрас Казуколовас өз айып алаңында Нұрдәулет Ағзамбаевты шалып жықты. Ал Айбар Жақсылықов пенальтиді дәл орындап, есеп ашты — 1:0.

Қонақтар голдан кейін алға ентелеп, тараз басын теңестіруге барын салды. Нәтижесінде 90-минутта тағы бір пенальти белгіленді. Елордалықтардың сапынан Назми Грипши екінші мүмкіндіктен қателеспей, есепті теңестірді — 1:1. Кездесу барысында қызылордалықтардың қақпашысы Нұрымжан Салайдин ерекше көзге түсті. Ол өз қақпасына бағытталған 16 соққыны тойтара білді.

Осылайша, «Қайсар» биылғы маусымда өз алаңындағы барлық ойында қарсыластарымен («Жеңіс», «Оқжетпес», «Қайрат», «Астана») ұпай бөлісті.

Тең нәтижеден кейін «Астана» 18 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға түсті. Олар көш бастап тұрған алматылық «Қайраттан» екі ұпайға қалып келеді. «Қайсар» 4 ұпаймен турнирдің төменгі жағында орналасқан.

«Қайсар» — «Астана» 1:1 (0:0)

Голдар: Жақсылықов (пенальти) 59 — 1:0, Грипши (пенальти) 90 — 1:1

Соғылмаған пенальти: Чинеду 41 (штанга)

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

ҚПЛ
Алдыңғы жаңалық
Дзюба мансабын аяқтамақ
Aladop Youtube
×