Өз кезегінде «Жетісудың» бас бапкері Серік Әбдуәлиев алаң төріне жиналған жанкүйер қауымға алғысын жолдады. Ол біріншіліктегі қысқа мерзімдік үзілістің қарсаңында бұл жеңістің орны айрықша болғанын қуана мәлімдеді. Осы күні «Шахтер» ұпай жоғалтты. Бас жүлдеден үміткер кеншілер 29-тур ойынын Шымкентте жергілікті «Ордабасыға» қарсы өткізген болатын. Мықтылармен бәсекеде күшейіп шыға келетін шымкенттіктер бұл жолы да дәстүрден жаңылмады. Азулы «Шахтердың» адуынды шабуылшыларын тұсаулап ұстаған алаң иелері өз қақпаларына бірде-бір гол соққызбады және өздері де нәтижелі соққы жасамады. Тең ойын бірінші кезекте «Шахтерға» кері әсерін тигізді. Кеншілердің бас бапкері Виктор Кумыков өздерінің бұл кездесуге тыңғылықты дайындалғандарын, сол үшін де Шымкентке бес күн бұрын келіп жеткендерін баяндады. «Бірақ жолымыз оңғарылмады» деген бапкер ұлттық құраманың сапында жүрген ойыншыларының бірнеше ұрымтал сәтте гол соға алмағандарын түсінбейтінін айтты. Ол: «Біз мұндай ойынымызбен алғашқы алтылыққа енбей қалған командаларды да ұта алмаймыз» - деді. «Ордабасының» бас бапкері Виктор Пасулько да өз шәкірттерінің ойынына көңілі толмағанын ортаға салды. «Біз осымен екінші кездесуде жеңіске жете алмадық. Енді он бес күндік үзіліске шығамыз, сол уақытта кемшіліктеріміздің төркініне үңіліп, оларды жоюдың жолдарын қарайтын боламыз» - деп ой қорытты шымкенттік маман. Кереку өңірінде «Ертіс» пен «Астана» кездесті. Бұл ойында төрт гол соғылып, оның барлығы да «Ертіс» ойыншыларының еншілеріне жазылды. Есепті 3-минутта алаң иелері ашып, Ұлықбек Асанбаевтың қанжығасы майланды. 66-минутта Алексей Данаев есеп айырмасын ұлғайтты. Арада тағы 11 минут өткенде Глеб Мальцев Эрич қорғаған қақпадан саңлау тапты. Ал ойынның 86-минутында «Ертістің» өкілі Владислав Чернышов өз қақпасына гол соғып алып, амалсыз есеп айырмасын қысқартты. Осы кездесуден кейін «Ертіс» турнир кестесінде бір сатыға жоғарылап, «Ақтөбені» артта қалдырды. Матч соңынан «Астананың» бас бапкері Хольгер Фах «Ертіспен» бәсекеде ұдайы көп гол тіркелетінін, тартыстың қызықты өтетінін айта келе, бір ойыншылары алаңнан қуылғанға дейін командасының тең бәсекелескеніне тоқталды. «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов соңғы төрт кездесуде екі-ақ гол жіберіп, 8 ұпай олжалағандарын хабарлады. Ол: «Алда «Шахтер» мен «Ақтөбеге» қарсы екі бірдей жауапты кездесу тұрғанын, командасының үшінші орынға таласып көретінін мәлімдеді. Төменгі топқа түсіп қалмауды көздейтіндер арасындағы тартыс та қызып тұр. 29-турда «Тобыл» өз алаңында «Атырауды» қабылдаған болатын. Кездесудің 28 және 38-минуттарында Сергей Гридин мергендік танытып, «Тобылды» алға шығарды. Бірінші кезеңнің аяқталуына бес минуттай уақыт қалғанда қонақтар есеп айырмасын қысқартты. Ал үзілістен кейін олар таразы басын теңестіріп, ойындағы тартысты қайта қыздырды. Бұл жолы Нивалдоның соққысы дәл шыққан еді. Дегенмен кездесудің соңына таман алаң қожайындары өз жанкүйерлерін тағы екі гол соғып, қуанта алды. Алдымен 86-минутта Сергей Костюктің алыстан бағыттаған добы қақпа торынан табылды. Артынша Игорь Юрин «Атырау» қақпашысы Андрей Шабановты қапы қалдырып, «Тобыл» 4:2 есебімен жеңіске жетті. Алматының «Қайраты» да маңызды үш ұпайға ие болды. Ағылшын маманы Джон Грегори баптайтын алматылықтар өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» ұтты. Ойынның 29-минутында Константин Головской есеп ашса, 58- минутта Мұрат Сүймағамбетов нәтижені еселеді. Осы жеңісінен соң «Қайрат» алдында келе жатқан «Атырауға» ұпай саны жөнінен жақындай түсті. Қазір екі команданың арасын бар болғаны 2 ұпай бөліп тұр. Турнир кестесінің ең соңында келе жатқан Өскеменннің «Востогы» да өз алаңында «Таразды» 2:1 есебімен ұтты. Бұл ойындағы үш гол да алаң иелерінің еншісінде. Өйткені кездесудің 62-минутында Михаил Габышев өз қақпасына гол соғып алып, «Таразды» алға шығарған еді. Бірақ көп ұзамай алаң иелері есе қайырып, 77-минутта Буряк және 90+1-минутта Згураның көмегімен жеңісті жұлып кетті. Ұлттық құрамамыздың 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарына байланысты жарияланатын қысқа мерзімдік үзілістен соң премьер-лигадағы тартыс қайта жанданады. 15 қазан күні көш басындағы «Жетісу» Шымкентте «Ордабасымен» кездессе, екінші орындағы «Шахтер» өз алаңында «Ертісті» қабылдайды. Елордамызда «Астана» мен «Ақтөбе» шеберлік байқасады. Сондай-ақ «Тараз» өз алаңында «Атырауды» ұтуға тырысса, Қызылордада «Қайсар» «Тобылдың» тегеурініне шыдап көрмек. Ал Алматыда «Қайрат» пен «Восток» соңғы орында қалып қоймас үшін бәсеке көрігін қыздыруға тиіс.
Шалқар ЕСТЕН
Біздің серіктес: FONBET