
«Қайсардың» баспасөз-қызметінің жетекшісі Ерасыл Шарбек «Asi_inside» YouTube-арнасының эфирінде ҚПЛ-дегі клубтардың жағдайы мен легионерлерге мемлекет бюджетінен жалақы беруге тиым салатын заң туралы пікірін айтты.
«Күні кеше жақсы жасақталған «Тұранның» өзі тарап кетуге шақ қалып тұр. Қаржылық жағдайы жақсы «Елімайдың» өзінде де дәл осындай қиындықтар туындап жатыр. Сондықтан, қазақстандық футболшылардың сұранысы жоғары болуда. Өйткені, барлығы да қазір легионерлерден бас тартып, екінші айналымда таза қазақстандық футболшылармен ойнауға бел буады. Қазір жақсы деген қазақстандық ойыншыларға сұраныс өте жоғары. Премьер-лигада 14 клубтың тек төртеуі ғана шетелдік футболшыларға ақша төлей алатын қауқары бар. Олар – «Астана», «Қайрат», «Тобыл» және «Ақтөбе». Одан кейін бесінші клуб «Атырауды» қосуға болады, Дидар Сыдықбек арнайы бір демеушілерімен қосылып жатыр. Ол екінші айналымда легионерлеріне демеушілердің есебінен айлық төлеуге жұмыс жасап жатыр. «Тұран» сияқты қиындықтарға тап болмайтын осы бес клуб қана», - деді Ерасыл Шарбек.
Биылғы маусымда «Қайсар» легионерсіз ойнауға бел буған жалғыз клуб. Енді жаңа заңнама күшіне енген уақытта қызылордалық клубтың үлгісімен тағы біраз команда тек отандық футболшыларға сенім артуы ықтимал. «Қайсар» өткен турда «Ұлытаумен» ұпай бөлісті 1:1. Виктор Кумыков жаттықтыратын қызылордалық ұжым 13 турдан кейін 13 ұпаймен оныншы орынға жайғасқан. Келесі турда «Елімаймен» кездеседі (29-маусым).
Біздің серіктес: FONBET