Қуаныш Қабдолов "Атыраудағы" жұмысын қортындылады: футболшылар алаңға ойыннан ләззат алу үшін емес, ұтылып қалмайық деген оймен шықты...

27.05.2025, 11:37

«Атырау» клубының бас бапкері міндетін атқарған Қуаныш Қабдолов Aladop.kz сайтына өз пікірімен бөлісті.

Қуаныш Қабдолов "Атыраудағы" жұмысын қортындылады: футболшылар алаңға ойыннан ләззат алу үшін емес, ұтылып қалмайық деген оймен шықты...

- Қиын кезеңде клубтың тізгінін қолыңызға алып, арада бір ай өткен соң қызметтен кеттіңіз. Мұндай шешім қабылдауыңызға не себеп болды?

 «Атырау» - менің туған клубым. Басына күн туса, әрқашан көмектесуге дайынмын. Бұл сөзімді талай рет дәлелдедім. Осы жолы да клубтың бас менеджері Дидар Сыдықбек өтініш жасаған соң, бас бапкердің міндетін атқардым. Өзіме берілген уақыт ішінде барынша команданы психологиялық-физикалық және тактикалық жағынан дұрыстауға тырыстым. Бірақ нәтижесі ойдағыдай болмады. Себебін кешегі баспасөз мәслихатында да айттым. Оның үстіне төрешілердің даулы шешімдері аз болмады. «Астана», «Ордабасы» сияқты еліміздің алпауыттарына қарсы тұру қиынға соқты. Трансферлік кезеңге жетпей-ақ қаншама мәселелер анықталды. Сол себепті өз еркіммен бас бапкер міндетінен кетуді ұйғардым. Мен өзім істемеген нәрсе үшін жауап бергім келмейді. Егер барлық мәселе менде болса, командаға серпіліс беру мақсатында осындай шешімге келдім. Егер де өзім жаңа ойыншылар шақыртып, ойын жүйесін қойсам, әңгіме басқаша болар еді.

- Осы қысқа мерзім ішінде қандай өзгерістер енгізе алдым деп есептейсіз?

 ⁠Ең алдымен, команданы психологиялық ордан шығару керек болды. Одан бөлек физикалық жаттығуларға ден қойдық. Тактиканы өзгертіп, құрамды ротациялап көрдік. Бірақ айналып келгенде барлығы ойыншылардың деңгейіне тіреледі. Деңгейің осы болса, қанша еңбектенсең де, қысқа уақытта нәтиже беру қиын.

- Команданың тығырыққа тірелуіне не әсер етті деп ойлайсыз?

⁠Маусым басында басшылықта ауыс-түйіс көп болып, команда үш айдай жалақы алмады. Бұның өзі де бастапқы ойындарда ойыншыларға кері әсерін тигізгені жасырын емес. Алайда кейіннен жағдай тұрақталғанда да, нәтиже өзгермеді. Горовенко өз еркімен бас бапкерліктен кетіп, клубтың бас менеджері Дидар Сыдықбек сұраған соң, біз келдік. Бірақ бір ай ішінде футболда айтарлықтай бірдеңе өзгерте қою екіталай. Сонымен қатар, команда 9 ойын қатарынан жеңіліп, қатты қысымға тап болды. Футболшылар алаңға ойыннан ләззат алу үшін емес, ұтылып қалмайық деген оймен шықты. Мұндай психологиямен тиісті нәтижеге жету өте қиын. Әйтсе де, «Атырау» биылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасындағы өз орнын сақтап, келесі маусымда жұмысты дұрыс жолға қойса екен деген тілегім бар.

- Қуаныш Кенжәліұлы, әңгімеңізге рахмет. Сәттілік тілейміз!

- Сіздерге да алғыс айтамын!

Айта кетейік, Қуаныш Қабдолов клуб сапына 21 сәуірде келіп, оның тізгіндеуімен чемпионатта 5 жеңіліс, 1 тең көрсеткіш тіркеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

ҚПЛ
Aladop Youtube
×