“Қызылжар” сапы Ұлттық құрама ойыншысымен толықты

Бүгін, 16:48

Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы, 23 жастағы қорғаушы Мейрамбек Қалмырза мансабын Петропавлдық "Қызылжар" клубында жалғастырады, деп хабарлайды Aladop.kz.

“Қызылжар” сапы Ұлттық құрама ойыншысымен толықты

Инсайдтық мәліметке сәйкес, тараптар арасындағы келіссөздер толық аяқталып, футболшы жақын күндері жаңа командасына қосылады.

Қалмырза – Қазақстандағы сирек кездесетін сол аяқты орталық қорғаушылардың бірі. Сонымен қатар ол қажет болған жағдайда орталық жартылай қорғаушы позициясында да ойнай алады. Әмбебаптығы мен доппен жұмыс істеу қабілеті оны отандық футболдағы болашағынан үміт күттіретін ойыншылардың қатарына қосады.

Футболдағы алғашқы қадамдарын елордалық "Астана” клубының жастар академиясында бастаған Мейрамбек кейін негізгі құраммен бірге жаттығып, кәсіби деңгейде тәжірибе жинақтады.

2022–2023 жылдары Көкшетаудың "Оқжетпес” клубының намысын қорғап, 45-тен астам матчқа қатысты. Осы аралықта команда көшбасшыларының біріне айналып, тұрақты ойын өрнегімен көзге түсті.

2025 жылдың қаңтарында Қалмырза Қазақстан Премьер лигасының үздіктерінің бірі – Қостанайлық "Тобыл” клубымен ресми келісімшартқа қол қойған еді. Алайды, сол жылы шілде айында тұрақты ойын тәжірибесін алу мақсатында маусым соңына дейін бұрынғы клубы "Оқжетпеске” жалға берілді.

Енді жас қорғаушы мансабындағы жаңа кезеңді "Қызылжар” сапында бастамақ. Петропавлдық клуб қорғаныс шебін күшейтуді көздеп отыр және Ұлттық құрама ойыншысының келуі команданың қорғаныс әлеуетін арттырады деп сенеді.

Айта кетейік, Transfermarkt порталы Мейрамбек Қалмырзаның нарықтық құнын 200 мың еуроға бағалайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Aladop Youtube
×