Латвияны тықсырсақ та, қорғанысын бұза алмадық

02.03.2012, 21:27
Латвияны тықсырсақ та, қорғанысын бұза алмадық
Қазақстан ұлттық құрамасы мен Латвия арасындағы жолдастық кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Ойын тізгіні жерлестеріміздің қолында болып, Беранек бастаған жігіттер кездесудің 70 пайызында шабуылдағанымен, латыштардың қақпасынан саңылау таба алмады...

 «Анталияда күн құбылмалы. Бүгін жауған жауыннан ертең ештеңе де қалмайды» деген еді жергілікті тұрғындар. Сол рас екен. Кешегі жаңбырдың ізі де қалмаған. Күн шайдай ашылып шыға келді. Тек теңізден соққан салқын самал бетті қарпып, ойынды отырып көруге мұрша бермеді.

 Ал стадионда бізді Булут атты ит күтіп алды. Естеріңізде ме, былтыр жылдың осы мезгілінде дәл осы стадионда Қазақстан мен Белоруссия құрамасы кездескен еді ғой. Сонда ойын басталған бетте алаңға бір сары ит жүгіріп шығып, доппен ойнауға кірісіп кеткен болатын. Міне, мынау сол иттің дәл өзі. Стадионның күзетшісі болса керек, есік алдында алаңсыз жатыр. Тағы да алаңға жүгіріп шыға ма деп ойлаған едік, бірақ иесі келіп алып кетті.  Төрешілерден де екеуі бізге жақсы таныс. Былтырғы Қазақстан – Белоруссия арасындағы жолдастық кездесуде төрелік еткен Звонарь мен Сергей Трофан бұл жолы да алаңда қызмет етті.  ...Сонымен матч та басталды. Ойын алдында Ұлан Қонысбаев: «Кішігірім жарақатым бар. Негізгі құрамда ойнаймын ба, жоқ па, белгісіз болып тұр», – деген еді, расында да Ұлан бірінші минуттан бастап алаңға шықпады. Оның орнын Таңат Нөсербаев басты. Сондай-ақ Мирослав Беранек матч алдында айтқандай, алаңға екі жастың бірі Бауыржан Ислам­ханға негізгі құрамнан орын тауып берді. Айта кету керек, «тараздық» жас тарлан бас бап­кердің үмітін толығымен ақтады. Допты қабылдап, реті келсе екі-үш футболшыны алдап өтіп, шабуылдағы әріптестеріне керемет пас асырумен-ақ қарсылас қорғаушыларының әбден ығырын шығарды. Айып доптарын да көбінесе өзі орындап, қақпаны алыстан нысанаға алып та жатты. Соның пастарының арқасында шабуылшыларымыз да Латвия қақпашысы Андрис Ванинсті жиі мазалаумен болды. Дегенмен алғашқы шабуыл латыштардың еншісінде қалды. Жерлестеріміздің пас берудегі қателігін пайдаланған латыштар қақпамызға лап қойды. Абырой болғанда, Мұхтар Мұхтаров латыш шабуылшысы Рудневстің соққысына тосқауыл бола білді. Бірақ бойларын бірден тіктеп үлгерген жігіттеріміз бұдан кейін қателікке жол берген жоқ. Бір-біріне жиі пас беріп, қарсы­ластарды допсыз жүгіруге мәжбүр етті. Нәтижесінде Латвия футболшыларының да жүйкелері сыр бере бастады. Нөсербаевты рұқсат етілмеген әдіспен тоқтатқан Ритус Кряуклис сол мезетте-ақ сары қағаз алса, арада он минут өткенде тағы да сол Кряуклис Таңаттың мұрнын шынтағымен ұрып, ақыры алаңнан қуылды.  Шынын айтсақ, бұл жағдай жігіттеріміздің ойын өрнегіне кері әсер етті. Олай дейтініміз, онсыз да көбіне өз айып алаңында ойнаған латыштар қызыл қағаздан кейін, тіптен қорғаныста жатып алды. Тіпті бірінші таймның соңғы 15 минуттығы толығымен жерлестеріміздің шабуылымен өткен. Өкінішке қарай, Гридин мен Остапенкоға гол соғудың сәті түспеді. Мәселен, Исламханның әдемі пасын жерге түсірместен, қақпаға бар пәрменімен тепкен Остапенконың добы бағанадан сәл қиыс кетсе, Гридиннің соққысы маңдайшадан биіктеу ұшты. Хайруллинмен жиі орын ауыстырған Таңаттың да соққылары қақпаға дарымай жатты. Қайрат Нұрдәулетов айып добын орындаған еді, ол да ныса­надан табылмады. Сөйтіп, үзіліске «есепті екінші таймда ашамыз-ау» деген үмітпен тарқастық.  Үзілістен кейін Мирослав Беранек бірінші таймда өте нашар ойнаған Марк Гурманның орнына тағы бір жас футболшы Елдос Ахметовті шығарса, қақпашы Сидельниковті «жетісулық» Владимир Логиновский алмастырды. Иә, Елдос та тырнақалды матчын тамаша өткізді. Жас екендігін білгендіктен бе, латыштар осы оң қапталымызды бұзып-жаруға тырысқан. Бірақ Елдос сыр берген жоқ. Ақыры Ахметовті алдап өте алмасын сезген қарсыластарымыз қарама-қарсы қапталымызды мазалай бастады. Алайда мұнда да допты Александр Киров күтіп алумен болды.  Аздап сейілген шабуылымызға жан бітіруді ойлаған Миро бапкер алаңға бірінен соң бірін ретпен үш футболшыны шығарды. Сергей Остапенконың орнына Сергей Хижниченко шықса, Марат Хайруллинді Серікжан Мұжықов алмастырды. Ал екінші таймда аздап шар­шаңқырап қалған Таңаттың орнына Ұлан Қонысбаев шықты. Сол-ақ екен, шабуылымыз түрленіп сала берді. Әсіресе, қос қапталдағы Ұлан мен Серікжан қолды-аяққа тұрмай, латыштардың қорғанысын піспектеумен болды. Ұлан тіпті, шабуылшыларымызға гол соғатын жүз пайыздық мүмкіндікті жасап берді. Өз қапталымен ойқастаған Қонысбаев айып алаңындағы Хижниченкоға қолмен қойғандай етіп, аяғына допты салып берген, бірақ қырсық шалғанда «шахтерлік» шабуылшы шамамен үш метрдей жерден допты қақпа маңдайшасынан кері серпілтті. Оған бірінші болып жеткен Гридиннің соққысын тура сызықтың үстінен қорғаушылар кері қайтарды. Сөйтіп, ойын 0:0 есебімен аяқталды. Мирослав Беранек, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:  – Төрешінің қарсыластарды кем құрамда қалдырғаны біз үшін бір жағынан тиімді болмаған сияқты. Олардың артқы шебі онсыз да мықты, ал он ойыншымен қалғаннан кейін латыштар тіптен қорғанысқа жатып алды. Негізі, жеңіс үшін ойнағанбыз. Өкінішке қарай, шабуылда сәттілік жетіспеді. Ал жалпы, командамның ойын өрнегіне көңілім толды. Әсіресе, дебютті ойындарын өткізген Исламхан мен Ахметовті ерекше атап өткім келеді. Ал Ұлан егер жарақаты болмағанда, алаңға бірінші минуттан бастап шығар еді. Александрс Старковс, Латвия ұлттық құрамасының бас бапкері:  – Төрешіні жазғырмаймын. Бірақ матч алдындағы барлық жоспарымның күл-паршасын шығарды. Ал Қазақстанның қарымды команда екенін бұрыннан білетінмін. Сондықтан ойын тізгіні сіздердің қолдарыңызда болғанына қатты таңғалып тұрғаным жоқ. Оның үстіне, бас бапкер Мирослав Беранекпен сонау «Еуро – 2004» чемпионатынан бері таныспын. Оның қаншалықты білікті бапкер екенін білетінмін. Қайрат Нұрдәулетов, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны:  – «Ойынның нәтижесіне көңіліңіз толды ма?» дейсіз бе? Жеңе алмадық, қалайша көңілім тоқ болуы керек?! Біз кез келген матчта, қарсыластың дәрежесіне қарамас­тан, жеңіс үшін ойнауымыз қажет. Дегенмен жігіттердің барлығы тырысып ойнады. Тек гол соғудың сәті түспеді. Әйтпесе, көбінесе ойын тізгіні біздің қолымызда болды ғой.   Қазақстан – Латвия - 0:0 Ескертулер: Мухтаров, 27 – Кряуклис, 7. Кряуклис, 18. Клява, 20. Фертовс, 63.  Ойынның 18-інші минутында Кряуклис алаңнан қуылды. Қазақстан: Сидельников (Логиновский 46), Гурман (Ахметов 46), Мұхтаров, Логвиненко, Киров, Нөсербаев (Қонысбаев), Нұрдәулетов, Исламхан, Хайруллин (Мұжықов), Остапенко (Хижниченко), Гридин (Тәжімбетов). Қосалқы құрам: Рожков, Евстигнеев, Шахметов Латвия: Ванинс, Горкс, Клява, Кряуклис, Фертовс, Ивановс, Лайзанс, Переплеткинс (Зюзинс, 82), Ругинс, Рудневс, Лукьяновс (Гаурачс 78) Бас төреші: Вячеслав Звонарь (Молдова)

 Түркия. Анталия. «Ататүрік» стадионы Автор: Азиз ОРАЗБАЕВ, арнайы Түркиядан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×