
Әли Әлиев Солтүстік Македонияға қарсы болатын бәсекедегі маңызды факторды атады. Қазақстанның бас бапкері іріктеудегі ойынға қатысты ой-пікірін ортаға салып, қарсыласты ұтудағы басты жайтты тілге тиек еткен.
«Өз алаңында ойнау – қайда болмасын, кез-келген команда үшін маңызды фактор. Мұндайда әрдайым қобалжу, эмоция толы болады. Алайда, біз мұндай эмоцияларды тізгіндеп, өз пайдамызға қолдануымыз қажет. «Астана Арена» қаншалықты әдемі, жанкүйерлер, атмосфера, мұның барлығын көптеген құрама командалар сезінді деп ойлаймын және маусымның тоғызында стадионымыз толады деп үміттенемін, тіпті осыған сенімдімін де. Жанкүйерлер қолдау білдіру үшін келеді әрі олардың саны көп болады. Ал біздің футболшылар олардың қолдауынан қанаттанып, алға ұмтылса, қарсыласқа керісінше психологиялық тұрғыда теріс ықпал етеді деп ойлаймын. Мұның бізге пайдасы, жанкүйерлерге командадан күткенін бере аламыз», - деді Ә. Әлиев.
Ұлттық команда маусымның тоғызында Солтүстік Македониямен шеберлік байқасады. Әли Әлиевтің командасы іріктеу компаниясының 3 турынан кейін үш ұпаймен үшінші орынға жайғасқан. J тобының көшін Солтүстік Македония мен Уэльс құрамалары бастап тұр (екеуінде де 4 ұпайдан).
Біздің серіктес: FONBET