4:1 есебімен аяқталған "Интер Майами" — "Нью-Йорк Ред Буллз" кездесуінде Мессидің жанкүйерге жасаған мейірімділігі көпшілікті таңғалдырды.
Ойынның қызған сәтінде жас жанкүйер алаңға тұтқиылдан жүгіріп шығып, тікелей Мессиге қарай ұмтылды. Қауіпсіздік қызметі дереу оны тоқтатуға тырысқанымен, бәрін таңғалдырған сәт дәл сол кезде орын алды. Месси оларды сабырға шақырып, қолын жайып, күзетшілерге тоқтау салды. Ол жас жанкүйерге жақындап келіп, селфи жасауға мүмкіндік беріп, еш қарсылық көрсетпеді. Содан кейін ғана қауіпсіздік қызметі оны алаңнан шығарып салды.
Стадион бір сәтте дүр сілкініп, жанкүйерлер хормен "Месси! Месси!" деп айқайлап, оған қошемет көрсетті.
Мессидің жеке қорғаушысы Яссин Чеуко бұл жолы алаңда болмады. Себебі АҚШ футбол лигасы жаңа ереже енгізіп, матч кезінде жеке күзетшілердің алаң жанына жақындауына тыйым салған.
Чеуко – бұрынғы әскери-теңіз арнайы жасағы (Navy SEAL) мүшесі, Мессидің қауіпсіздігіне үлкен жауапкершілікпен қарайды және АҚШ-тағы жанкүйерлердің алаңға шығу жағдайлары Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда жиі екенін бірнеше рет айтқан.
Бірі Мессидің бұл қадамын шынайы адамгершіліктің үлгісі деп бағаласа, енді бірі — мұндай жұмсақтық болашақта қауіп тудыруы мүмкін деп алаңдайды. Алайда дәл сол сәтте стадионды толтырған мыңдаған жанкүйердің сезімі бір арнаға тоғысты. Олар Мессиді қолдап, оған деген шексіз сүйіспеншілігін хормен жеткізді.
Осындай ерекше сәттер мен Мессидің алаңдағы шеберлігі АҚШ футболының халықаралық аренадағы беделін көтеруге әсер етуде. Ол әлем жұлдызы ретінде тек шеберлігімен емес, қарапайымдылығы және жанкүйерге деген құрметімен де ерекшеленуде.