Ағылшын премьер-лигасы шымылдығын қос лондондық алпауыт «Челси» мен «Арсенал» арасындағы кездесуімен ашса, Испанияда соңғы кездері жарақаттардан әбден зардап шеккен «патшалық клуб» атынан ат үркетін Вигодағы «Балаидос» стадионына қонаққа барады. Супер-матчтан Италия да құр алақан емес. Ішкі біріншілікте көші түзелген «Интер», тақтың иесі «Ювентуспен» бақ сынасады.
АПЛ. 24-тур. 4-ақпан
«Челси»-«Арсенал»
Контенің «Арсеналда» кеткен кегі бар. Себебі, италияндық маман «Челси» бапкері ретіндегі ең ірі жеңілісіне «зеңбірекшілерге» қарсы кездесуде ұшыраған еді. Алқашқы айналымда Венгердің жігіттері жарты сағаттың ішінде «ақсүйектердің» тас-талқанын шығарғаны көптің есіңде. Көшбасшылық орнын нығайтудың жөні бір бөлек те, ащы жеңілістің есесін қайтарудың жөні бір бөлек.
Өткен турда қос команда да ұпай жоғалтты. Әрине, «Энфилдта» жоғалтқан екі ұпай үшін Контенің өзегі өртенбегені анық. Тіпті, сол тең нәтиженің арқасында қуғыншыларынан ұзай түсті. Ал, «Арсенал» өз алаңында күтпеген жерден «Уотфордқа» жеңіліп қалды. Бірінші таймда екі доп жіберіп, жағдайды қиындатқан «зеңбірекшілер» ойынның екінші бөлігінде бір гол ғана соқты. Әдетте, ортаң қол ұжымдарға қарсы нәтижелі ойнайтын Өзіл де, қарсылас таңдамайтын Санчес те команданы құтқара алмады. «Уотфордқа» тізе бүгіп «Арсенал» чемпионаттағы бес матчқа созылған жеңіліссіз сериясын тоқтатты. «Челси» одан әрмен ұзады. «Ливерпуль» мен «Манчестер Сити» бір ұпай көлемінде жақындап қалды.
Маусымды жақсы бастап, жаңа жылдан кейін алтынға таластан тыс қалатын-«Арсеналдың» жылдағы жаңылмас әдеті. Сценарий бойынша, Чемпиондар лигасынан да шығып қалуы тиіс. Бүгінгі «Арсенал» тактикалық тұрғыдан қай ұжымның да сағын сындыратын «Челсиға» қиындық туғызады деуге сену қиын. Сондықтан, «ақсүйектердің» жеңісіне күмәнданудың қажеті жоқ. Оның үстіне, соңғы төрт жылда «Челси» қандай күйде болса да, кім баптаса да Арсен Венгер шәкірттері «Стэмфорд Бридждан» үнемі жеңіліп қайтыпты.
Ла Лига. 21-тур. 5-ақпан
«Сельта»-«Реал Мадрид»
«Сельта»-Испаниядағы ең батыр командалардың бірі. Батырлығы мен батылдығы сонша виголықтар қонаққа келген «Барселонаның» қақпасына төрт доп тоғытады, Испан кубогінен «Реал Мадридтің» өзің шығарып тастайды. Әйткенмен, «Леганес» секілді аутсайдер командаға да өз жеріңде жеңіліп қоятыны бар. Виголықтар 20 турдан кейін кестенің 8-ші сатысына жайғасып тұр. Ішкі біріншіліктегі соңғы үш ойында бір мәрте ғана жеңіс тойын тойлапты.
«Реалдың» басты бәсекелестері өткен турда ізбе-із сүрініп, Зидан шәкірттері бірінші орнын нығайтып алды. Үш-төрт ойынға созылған сүреңсіз ойыннан кейін қарт құрлықтың үздік ұжымы ес жиған секілді. Соңғы турда «Реал Сосьедадтың» қақпасына жауапсыз үш голды соғып, сенімді жеңіске жетті. Жарақат алған футболшылар да қатарға қосылып келеді.
«Сельта» алыптармен ашық шайқасудан тайынбайтын команда. «Реал» мен «Барсаның» қақпасына өз алаңында гол соқпай қоймайды. Мадридтік ұжымға қарсы соңғы жеті ойында кемі бір допты қарсылас қақпасына тоғытыпты. Негізі, қос команда арасындағы ойындар нәтижелі болады. Сол жеті кездесудің біреуінде ғана командалар екі гол соққан екен. Қалған матчтарда одан да көп. Голдар қарша бораған матч күтуге болады. Испан кубогінен сырт қалғаны үшін «Реалдың» виголықтарға тіс қайрап отырғаны да бар.
Италия А сериясы. 23-тур. 5-ақпан
«Ювентус»-«Интер»
21-турдағы Италияның орталық ойыны Туринде өтеді. Чемпионаттың бірінші командасы «Ювентус» төртінші сатыдағы «Интерді» қонақ етеді. Қос ұжым да ұпайға зәру. «Кәрі сеньеора» «Рома» және «Наполи» сынды қуғыншылардан алысқа ұзағысы келеді. Миландықтар керісінше, сол екеуінің тым болмаса біреуін басып озсам дейді.
Бірнеше жыл қатарынан Италияда чемпиондыққа үміткер жалғыз-«Ювентус». Әйткенмен, осы маусымда бұл чемпионатта алға жылжу бар. Ең алдымен, соңғы бес жылдықта көрінгенге күлкі болған «Интер», «Милан» секілді тарихы бай клубтардың ес жия бастауы. Ішкі біріншіліктегі соңғы жеті кездесудің бәрінде жеңіске жеткен «Интерді» келер маусымда Чемпиондар лигасынан көруіміз де ғажап емес. Әрине, ол күрделі мәселе. Ол үшін «Ювенус» сынды алыптармен терезі тең өнер көрсетуді бүгіннен бастау керек.
«Ювентустың» өз алаңында қаншалықты қуатты екенін ескеріп, Аллегри шәкірттерін матчтың фавориті санауға болады. Бірақ, «нерадзурридің» де өз бабында екенін ұмытпаған жөн. Батыл бапкері Пиоли «Ювенуспен» ашық футбол ойнаймыз деп те мәлімдеді. Сондықтан, қай ұжымның фаворит екенін дөп басып айту қиын. Дегенмен, қос команда да алаңнан голсыз кетпес.
Бундеслига. 19-тур. 4-ақпан
«Боруссия Д»-«Лейпциг»
Бундеслигаға осы маусымда ғана шыққан «Лейпцигті» қарт құрлықтың басты сенсациясы десек болар. Бірнеше тур неміс біріншілігінің көшін де бастап тұрды. Алайда,желтоқсандағы қатарынан екі жеңілістен кейін патшаға тақты босатты. Өткен турда ғана осы маусымда ешкімге тізе бүкпеген «Хоффенхаймнан» айла асырды. Ал, чемпионаттағы ең жас команда «Боруссияның» биылғы нәтижелері көңіл көңшітпейді. Әдетте, дортмундықтарды екінші орыннан көріп үйреніп қалғанбыз. Бірақ, қазіргі таңда төртінші орынды қанағат тұтып тұр. Бүгінгі қарсыластарынан 11 ұпайға қалып келеді.
Екі команданың алғашқы айналымдағы кездесуі «Лейпцигтің» минимальды жеңісімен аяқталған еді. «Сигнал Идуна Паркта» қонақтарға қиын болары түсінікті. Екі негізгі футболшысы-Форсберг пен Тимо Вернер алаңға шыға алмайды. Бұл азаматтар осы маусымдағы «Лейпцигтің» 36 голының 28-іне тікелей қатысқан. Ал, дормундықтарға бәрі қатарда. Тіпті, Марко Ройс та алғашқы минуттардан алаңға шығуы тиіс. Соңғы бес матчта төрт мәрте тең ойнаған «Боруссияның» толық үш ұпайды алуына мүмкіндігі жоғары.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ