Мадридтің «Реалы» Испания кубогының ширек финалына жақындай түсті

05.01.2012, 19:42
Мадридтің «Реалы» Испания кубогының ширек финалына жақындай түсті
Сантьяго Бернабеу стадионында Малаганы қабылдаған корольдік клуб екі доп айырмасымен жеңіліп жатып, таразы басын өздеріне аударды. Чемпионаттың бел ортасында келе жатқан қонақтар 10-шы минутта алға шықты. Санти Касорланың бұрыштан бағыттаған добын ұтымды пайдаланған Малага қорғаушысы Серхио Санчес Икер Касильясті қапы қалдырды. Кездесудің 29-шы минутында дәл осы жағдай қайталанды. Санти Касорла бұл жолы әдемі пасымен қорғаушысы Мартин Демикелистің гол соғуына үлес қосты. Ұтыла бастаған алаң иелерінде ойыншы алмасты. Бас бапкер Жозе Моуриньо бірден Карім Бензема мен Сами Хедираны және Месут Озилді алаңға қосып еді, ойын барысы өзгеріп сала берді. 68-ші минутта Хедира екі қорғаушыны сан соқтырып, арадағы айырманы қысқартты. Екі минуттан кейін Гонсало Игуаин қорғаушы Серхио Санчестің қателігін ұтымды пайдаланып, таразы басын теңестірді. Матчтың бітуіне 12 минут қалғанда Карім Бензема кезек сұрады. 15 метр қашықтықтан Вильфредо Кабальеро қақпасына үшінші допты тулатқан шабуылшы матчқа нүкте қойды. Енді командалар 10-шы қаңтар күні Малагада қарымта кездесу өткізеді.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×