Мәлім де беймәлім Байсуфиновтер

19.01.2021, 07:40
Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтің өмірінен сыр шерттік.
Мәлім де беймәлім Байсуфиновтер

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін отандасымыз Талғат Байсуфиновтің ұстағаны белгілі. Көпшілік оны футболдың қыр-сырын жетік білетін білікті бапкер, тік жүріп, тура сөйлейтін атпал азамат, намысты нанға сатпайтын өр қазақ ретінде жақсы біледі. Алайда оның былайғы жұртқа беймәлім тағы бір сыры бар. 

Аяқдопшылар әулеті

Бір әулеттің үш буынының, яғни әкесінің, баласының және немересінің кәсіби тұрғыдан футбол ойнауы – өте сирек кездесетін жағдай. Жөпелдемде ондай әулет ойыңызға оралмайды да. Иә, әлемдік деңгейде мұндай мысалдарды кездестіруге болады. Мәселен, италиялық Мальдинилерді алайық. Міне, дәл осындай әулет Қазақстанда да бар. Ол – Байсуфиновтер әулеті. Біздің кейіпкеріміз Талғаттың әке­сі­ Маруа Әбілдаұлы – Павлодар өңі­ріндегі алғашқы кәсіби футбол­шы­лардың бірі. Маруаның кенже ұлы Талғат Байсуфиновтің футбол­дан алыстамағаны өздеріңізге бел­гілі. Кезінде оның «Трактор», «Аңсат», «Ертіс», «Экибастузец», «Жетісу», «Восток» секілді клубтарда доп тепкені мәлім. Павлодардың «Ер­тісін» жаттықтырып, бапкерлік қыры­нан танылғаны да белгілі. Енді міне, ұлттық құраманы жетегіне алып отыр. Атасы Маруа мен әкесі Талғаттың жолын қуған Темір Байсуфиновтің келешегінен үміт күтетіндер көп. «Ақсу», «Ертіс», «Оқжетпес» секіл­ді клубтарда ойнап үлгерген 22 жас­тағы Темір Қазақстанның 19 жасқа дейінгі ұлттық құрамасына да жиі шақырылды. Буын сабақтастығы деген осы емес пе?!

Бұл аз десеңіз, тағы айтарымыз­ бар. Талғат Байсуфиновтің қызы Айнұр да – кәсіби футболшы. Ол – 17 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық қыздар құрамасының белді ойыншысы. Талғаттың зайыбы Ирина Анатольевна да футболдан алыс емес. Ирина – Павлодар футболы тарихындағы өзіндік орны бар Чупахиндер әулетінің өкілі. Уақы­тын­да жұбайын жігерлендіріп, қазір ұлы мен­ немерелерін қайрап отыратын белгілі әулеттің ұйытқысы Қадиша Қапасқызы – Байсуфиновтердің футболдағы ең басты жанкүйері. Міне, біз үшін «Байсуфиновтер әулеті» мен «футболдың» егіз ұғымдай естілетіні де сондықтан.

 Футболшылар үйі

Павлодар өңірінде Байсуфиновтер әулетін білмейтін адам кемде-кем. Оларға деген құрмет те ерекше. Өйткені аймақ футболының дамуына әулетімен үлес қосқан дәл осы Байсуфиновтер ғана. Мұндай әулет өңірде бұрын-соңды болған емес. Мұны жергілікті журналист Станислав Тимофеев өзінің «Футбольный код Маруа» атты кітабында да жазды. Аты айтып тұрғандай, кітап Маруа Байсуфиновке және өңір футболының тарихына арналған. Өмірі бір кітапқа жүк болған адамның қандай тұлға екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Павлодар футболының білгірі Александр Прасоленконың айтуынша, аяқдоп өнері бұл өңірге 1915-1916 жылдары келген. Оны әкелген – аустриялық, чехиялық тұтқындар. Соларға қарап жергілікті жігіттер ойнай бастаған. Тарихи деректерге сүйенсек, Павлодарда құрылған алғашқы футбол клубы «Звездочка» деп аталады. Ал 1923 жылдың көктемінде «Ястреб» деген клуб өмірге келген. Жергілікті халық әр сенбі сайын екі команданың тартысын тамашалауға жиналады екен. Павлодардағы алғашқы ресми матч 1947 жылдың 2 мамырында өткен. Дәл осы күні қаланың қазіргі Орталық стадионы пайдалануға берілді. Соның құрметіне жанкүйерлер футбол матчын тамашалаған. Ал аталған стадионда доп тепкен алғашқы қазақ – Маруа Байсуфинов.

– Қайын жұртым – Баянауыл. Дәлірек айтсам, әулиелі Қызылтау. Атам да, енем де сол жақтан. Екеуінің де сүйегі – күлік. Мәшһүр Жүсіпке туыстығы бар. Маруаның әке-шешесі 1930-жылдары Ресейдің Новосібір өңірін мекендеген. Күйеуім 1934 жылы сол жақта туыпты. Кейін Павлодарға көшіп келген. Сірә, соғыстан кейін болса керек. Онымен 1956 жылы Орталық стадионда таныстым. Сөйтсек, үйіміздің арасы жақын екен. Бірақ солай бола тұра, бұған дейін бір-бірімізді көрмеппіз. 1961 жылы осы әулетке келін болып түстім, – дейді өткен күндерді еске алған Қадиша апа.

Бүгінде сексеннен асқан Қадиша Қапасқызы Маруа салған үйде тұрады. Оны былайғы жұрт «футболшылар үйі» деп те атайды. Бұлай аталуының өзіндік себептері де бар. Біріншіден, бұл шаңырақтан футболшылар шоғыры шыққан. Маруа, Талғат, Темір Байсуфиновтерден бөлек, Қадиша апаның үлкен ұлы Қайраттың баласы Қайсар да – кәсіби футболшы. Бүгінде білікті бапкер ретінде танымал. Екіншіден, бұл үйден футболшылар үзілген емес. Әсіресе Маруа Әбілдаұлының тірі кезінде, Талғат Байсуфиновтің Павлодарда қызмет атқарған жылдарында жас футболшылар, ардагерлер осында жиналып, естеліктер айтып, кеңес құратын. Үшіншіден, аталған үйдің құрылысына футболшылар атсалысқан. Ол туралы жергілікті спорт ардагері Яков Бердің естелігінде жазылған. «Тұтас команда болып, Маруаның үйін салуға көмектестік. Арнайы сенбілік шарасын да ұйымдастыратынбыз. Футболшылардың қолымен тұрғы­зыл­ған бұл үйдің бізге ыстық болатыны да сондықтан», - дейді Яков Бер.  

– Біз стадионда танысып, табыс­тық. Стадионға Маруаның – коман­да­дағы жалғыз қазақтың өнерін тамашалауға, оған қолдау көрсетуге ба­ратынбыз. Оқушы күнімізден Ма­руаға жанкүйер болдық. Ол – жергілікті клубтағы жалғыз қазақ әрі команда капитаны. Өзге ұлт өкілдерінің ішінен суырылып алға шығудың өзі ол кезде ерлікпен пара-пар. 1956-1961 жылдары жергілікті командада Маруадан басқа қазақ ойнаған жоқ. Одан кейін қазақ жастарынан Еркін Қожахметов шықты. Қазақтар осылай біртіндеп көбейе берді, – дейді Қадиша апа Байсуфинова.

 Талапшыл Талғат

Маруа Әбілдаұлы «ұлдарымның бірі ізімді жалғаса екен» деп армандапты. Ол арманы да орындалды.

– Тұңғышым, марқұм Қайрат та, ортаншы ұлым Рахат та, кенжем Талғат та футбол ойнап өсті. Рахат­ Алматыдағы спорт-интернатта оқыды.­ Алайда дәрігерлер оның ден­саулығына байланысты спортпен шұ­ғылдануына тыйым салды. Маруа ұлдарының футболшы болғанын көр­гісі келді. Арманын Талғат жүзеге асырды. Кенжеміз бала күнінен спорт­қа құмар еді. Теледидардан спорт бәсекелерін босатпайтын. Сол кез­дегі футболшылардың, хоккей­шілердің аты-жөнін жеті атасын айтқандай жатқа соғатын. Талғат 10 жасқа толғанда Алматыға көштік. Маруа мұнда бес жылдай кәсіподақ ұйымының оқуын оқыды. Талғат Алматыда футболға түбегейлі бет бұрды. Алғашқы бапкері – Юрий Еремин. Кезінде Маруамен бірге ойнаған. 1983 жылы Павлодарға қай­та оралдық. Талғат жаттығуын тас­таған жоқ. Мұнда оны Анатолий Каза­ков жаттықтырды. 1984 жылы «Трактор» командасына алынды. Осылайша, Талғаттың футболдағы жарқын сәттері басталды. Оның әр жетістігіне қуандық. Бірақ қуаны­шымызды сыртқа шығара бер­мей­тін­біз.­ Енем өте ырымшыл еді. 14 құрсақ көтерген. Содан жалғыз қалғаны – Маруа. Сондықтан ол балаларды аса еркелетпей, «жаман бала», «қара бала» деп отыратын. Біз де ол кісінің қас-қабағына қарап, ұлымыздың жетістігіне іштей қуанғанымызбен, сыртқа білдірмеуге тырысатынбыз, – дейді Қадиша апа.

Жанкүйерлер Талғат Байсуфинов­ті талапшыл адам, қатал бапкер ре­тінде жақсы біледі. Ойын ірікпей айтады. Онысы кейде басшыларға ұна­май да қалады. Соған қарамастан, Талғат Маруаұлы алған бетінен, берген сертінен тайған емес.

– Өкінішке қарай, бізде кейде таланттар тасада қалып қояды. Үз­діктердің орнын жоғары жақта аға-көкелері бар орта деңгейдегі немесе дарынсыз спортшылар басады. Допты түзу тебе алмаса да, солардың жұлдызы жарқырайды. Талғат «Ертістің» бас бапкері болып тұр­ғанда «Ұлыңа айтшы, менің баламды командаға алсын», деп мазамды алғандар көп болды. «Талғат менің немереме командадан орын бермеді», деп араласпай кеткендері қаншама. Футболда мұндай ағайыншылық жүрмейді. Талғат – туған ағасының ұлы Расулды «Деңгейің төмен!» деп командаға алмаған адам. Таныстың, туыстың баласына мүмкіндік бере берсек, футбол өспейді. Адалдық керек. Талғаттың бапкер ретіндегі қа­талдығы, мінезділігінің артында адалдық тұр. Өзім де қаталдықты, тәр­тіпті сүйемін. Бұл мінездер бапкерге керек, әлбетте. Талғат – футболға жан-тәнімен берілген жан. Жеңілсе, жүрегі ауырады. Нәр татпайды. Оның мінезін, жайын бізден артық ешкім де білмейді. Қас-қабағына қарап отырамыз, – дейді Қадиша апа.

 Жұлдызды шақ

Талғаттың бапкерлік қызметтегі жарқын сәттерінің бірі – Павлодардың «Ертісін» басқарған жылдар. Бұған дейін «Есіл-Богатырь» мен «Ақсу­ды» жаттықтырған ол, 2008 жылы «Ертіске» ауысты. Онда да бас бап­кер­лік қызмет бірден бұйырған жоқ. Тек 2010 жылы ғана клубтың тағ­дыры Талғатқа біржола сеніп тапсырылды. Ол жерге қаратқан жоқ. 2010 жылы жанкүйерлерін қуанта алмай жүрген клубты жүлдегерлер қа­тарына іліктірді (3-ші орын). 2012 жылы «Ертіс» чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.

Талғат басқарған жылдары пав­ло­дар­лық клуб УЕФА-ның Еуропа лигасында да жақсы өнер көрсетті. 2011-2012 жылғы маусымның бірінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Ягеллониясын» ұтып (жалпы есеп – 2:1), Павлодарға нағыз футбол тойын тарту етті. Екінші іріктеу ке­зеңінде де жаман ойнаған жоқ. Грузияның «Металлург» команда­сымен сырт алаңда тең түсіп (1:1), өз алаңында 0:2 есебімен ұтылды. 2013-14 жылғы маусымда да Тал­ғат бастаған жігіттер жергілікті жанкүйерлердің үмітін ақтады. Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Болгарияның «Левски» командасын жарыс жолынан шығарды (жалпы есеп – 2:0). Екін­ші кезеңде Босния және Гер­цеговинаның «Широки Бриег» ко­мандасына есе жіберді (жал­пы есеп – 3:4). Футбол маманда­ры «Ертіс» екі маусымда да екінші кезең­нен әдейі сүрінді» деген пікір ай­тып жүр. Шындыққа жанасатын се­кілді. Өйткені сол кезде клубтың Еуропа лигасының үшінші кезеңінің шетел­дегі ойындарына бара алатын мүмкіндігі жоқ еді. Ұжымның қаржылық жағдайы тым төмен болатын. Сөйткен клуб ақыры қаржылық қиындықтарға байланысты 2020 жылы ел чемпионатын да жалғастыра алмай, орта жолда тоңқалаң асты. Ол енді бөлек әңгіме.

Қалай десек те, Талғат Байсуфинов павлодарлық жанкүйерлерді Еуропа лигасындағы тамаша ойындарымен тәнті етті. «Ертіске» енді ешқашан жанкүйер болмастай болып түңілген жергілікті халықты стадионға қай­та жинаған да осы Талғат еді. Талғат­пен бірге командаға ұжымдық рух,­ жанкүйерлік мәдениет келді. Бұ­рын жанкүйерлер 12 мыңдық ста­дион­ның әр жерінде тауыққа шашыл­ған тарыдай болып отырса, Талғат Маруаұлының кезінде стадионда ине шаншыр орын болмайтын жағ­дайға жетті. Әсіресе Еуропа лига­сының матчтары кезінде билет таппай сан соғып қалатындар көбейді. Павлодарлықтардың футболға деген махаббатын қайта оятқан Талғат Байсуфинов жергілікті халықтың сүйікті перзентіне айналды.

Айтпақшы, Талғат Байсуфинов­тен кейін «Ертісте» тоқырау кезеңі бас­талды. Бір жылда үш бапкерді ауыс­тырған жағдайлар да орын алды. Дәл осындай келеңсіздік бір емес, үш маусымда тіркелген екен. Тек болгариялық маман Димитар Ди­митровтың келуімен ғана команда­ның жағдайы дұрысталды. Ол кеткен соң тағы да қиын кезеңдер бас­талды. Сол тұста жергілікті халық «Ертісті» тоқыраудан тек Талғат Бай­суфинов қана алып шыға алады деп, сүйікті перзентіне үлкен сенім артты. Алайда футболдың ақшасын талан-таражға салып үйренген өңір­дің жоғары шенділері оны аттап бастырмады. Себебі олар Талғаттың анау-мынауға илікпейтінін, өзгенің айтқанымен жүрмейтінін, қысқа­сы, өздеріне ың­ғайсыз адам екенін жақсы білетін еді.

 Елдің үміті

Талғат Байсуфинов осымен екінші рет Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. Бұған дейін бас құраманы 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың ақпанына дейін жаттықтырған еді. Тұп-тура 11 ай басқарды.

Осы уақыт ішінде ол сенім арту­ға тұрарлық жаттықтырушы еке­нін дәлелдеп үлгерді. Оған дәл сол кезеңдегі ұлттық құраманың статис­тикалық көрсеткіштері дәлел бола алады. Талғат Маруаұлының жетек­шілігімен бас құрамамыз 8 ойын өт­кізді. Оның екеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең түсті. Үш ойында ұтылды. ФИФА-ның ұлттық құрамалар рейтингінде 2015 жылды 132-ші орынмен тәмамдаған Қазақстанды 2016 жылы жүздіктің қатарына енгізді (98-ші орын). Тіпті Талғат Байсуфинов басқаратын құрама ФИФА-ның 2016 жылдың қыр­күйек айындағы рейтингінде 83-ші орынға дейін көтерілді. Мұндай жетістік ел футболының тарихында бұ­рын-соңды тіркелген емес.

Ұлттық құраманы тегін-ақ бас­қаруға дайын екенін ресми түрде та­лай мәрте мәлімдеген Талғат Бай­суфинов – Қазақстан ұлттық құрама­сын жаттықтырған төртінші қазақ және бас командаға екінші мәрте жетекшілік еткен алғашқы бапкер. 28 жылда біздің құраманы 17 бап­кер жаттықтырған екен. Оның ішінде ұлттық командаға Талғаттан бө­лек, Бақтияр Байсейітов, Бауыржан Баймұхамедов, Серік Бердалин секілді қа­зақ бапкерлері жетекшілік еткен.

Талғат Байсуфиновтің алдында үлкен міндет тұр. Ол – 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсету. Елдің ендігі үміті – Ертістің перзентінде.

Фархат Қайратұлы

Мақала Egemen.kz сайтынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×