Мен әлемнің үздік ойыншысы болар едім...

06.01.2021, 15:18
Гарет Бэйл өзін Месси мен Роналдудан кем санамайды.
Мен әлемнің үздік ойыншысы болар едім...

Жақында ғана "Тоттенхэм" футбол клубына ауысқан мадридтік "Реалдың" бұрынғы ойыншысы кейінгі кезде баспасөз беттерінен жиі төбе көрсетіп жүр. Алайда, бұрынғы кездердегідей өзінің қапталмен қорғаушыларды керемет жылдамдығының арқасында айналып өтіп соққан голдарымен емес, клубтан неге кеткендігі, жарақаттары мен өкпе-наздары туралы сөздерімен елді елең еткізіп жүр:

"Егер алған жарақаттарым болмағанда, менің есімім тарихта Месси мен Роналду сияқты үздіктермен қатар қалатын еді.

"Реал" сапында мен үздік сұрмерген едім, айып добын менен шебер орындайтын ешкім болмады, бірақ жеме-жемге келгенде Роналду бәрін өз мойнына жүктейтін.

"Ливерпульге" қарсы финалда мен ғаламат гол соқтым. Оның турнир тарихындағы үздік гол екендігін ешкім мойындағысы келмейді. Себебі, оның авторы жай ғана Гарет Бэйл..."

Осылай ағынан жарылған Уэльс құрамасының капитанының Криштиану Роналдудың көлеңкесінен көріне алмағандығын аңғаруға болады. Еуропа Чемпиондар лигасының 4 дүркін жеңімпазының айтқан сөздерінде жан бар секілді. Әйтсе де, кезінде Мессидің көлеңкесінде қалып кетпес үшін ПСЖ сапына ауысқан Неймардың батылдығы Гареттің бойынан табылмағандығы өкінішті. Бэйлды жоғарыда "Реалдың" бұрынғы ойыншысы деп атаған себебіміз, ойыншының корольдік клубтағы мансабы аяқталғандығы туралы өзі сұхбаттарының бірінде мәлімдеген болатын. Ол тек қағаз жүзінде ғана мадридтік клубтың футболшысы болып саналады.

Футболда жарақат алмайтын ойыншы кем де кем, сондықтан мансабының кері кетуіне тек жарақаттарын сылтау ету орынсыздау көрінеді. Гареттің статистикасына қарасақ "Тоттенхэмде" көп тұрақтамайтыны да көрер көзге көрініп-ақ тұр. Талантты ойыншы Деле Аллиді алаңға шығармай қойған талапшыл Жозе Моуриньоның оған тағы бір мүмкіндік беруі екіталай дүние. Жасы біразға келіп қалған Бэйлдың болашағы бұлыңғыр болып тұр әзірге. Ал Сіздің ойыңыз қандай, қадірменді оқырман?

Наурызбай Сатжанов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×