Месси-Бразилияда да Месси

22.06.2014, 05:58
Месси-Бразилияда да Месси
Аргентина бірінші ойында, Босниямен болған кездесуде бірінші таймда 5-3-2 схемасымен сылбыр ойын көрсетіп, екінші бөлікте өздерінің үйреншікті 4-3-3-ке көшіп, жеңіске жеткен еді. Ал, Иран ол Босния емес, құрамында Джеко, Ибишевич секілді жұлдызды демесек те, соған жақын ойыншылары жоқ, Иран ұлттық құрамасын тас-талқан етеді деп күтілген еді. Аргентина мен Иран деңгейлері арасындағы жер мен көктей айырмашылық тағы бар.  Аргентина-Иран-1:0(0:0) Гол: Месси, 90+1 Бірінші тайм, әрине, күтілген сценарийде өтті. Доп аргентиналықтардың аяқтарында, ал мұсылман елінің өкілдері қорғанысты тас-қамал құрған. Игуаин мен Агуэролардың соққысына қақпашы Хагиги кедергі болса, Фернандес, Гарай, Роха бағыттаған соққыларға дәлдік жетіспеді. Дежага соққысы, Ромеро сэйві Екінші бөлікте де, өлмей беріспеуге тырысқан ирандықтардың қорғанысына оңтүстік америкалықтар айтарлықтай қысым жасады. Нәтижесіз. Ол ол ма, егер Дежаганың 66-шы минуттағы соққысы қақпаға еніп кеткенде, Аргентина не күй кешері белгісіз еді. Уақыт судай ағып өтіп бара жатса да, аргентиналықтар қорғаныстың кілтін таба алған жоқ. Қысым бар, бірақ қимылдарында сылбырлық бар. Сабелья алаңға тыңнан Лавесси мен Паласионы қосса, екеуі де алаңда көрінген жоқ. Паласионың еншісінде, бір бұрыштама добы және Мессидің шайнап берген пасын ұтымды пайдалана алмағаны. Бірақ, Месси есімді гений әлемдік мундиальда тағы бір сенсацияның орын алуына жол берген жоқ. Барселонының тірі аңызының алыстан алыс бұрышқа бағыттаған соққысы, бұл ойынның онсыз да қаһарманы Хагиги қақпасына енді де кетті. Ал, бүкіл матч бойы қорғанысты торыған ирандықтарда есепті теңестіруге күш те, мүмкіндік те, уақыт та қалмаған еді. Аргетина осымен 6 ұпай еншілеп, плей-оффқа жолдама алды. Екі ойында жеңіс. Бірақ, жеңістің де түр-түрі болады ғой. Бұндай ойын өрнегімен, сылбырлығымен, азусыздығымен плей-оффта не істеме?  Бүгінгі ойын да Аргентинаның бұл турнирдің фавориті емес екендігін көрсетті. Лео да сүйреп шыға бермес, тіпті оның өзі жоғары деңгейде ойнап жүрген жоқ. Бірақ, бүгінгі 91-ші минуттағы соққысынан кейін, бұл ойыншының ойын тағдырын жалғыз өзі-ақ шешіп кете алатын қасиетіне тамсанбасқа болмайды.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×