Месси Испания Кубогінде тарихи рекорд орнатты

18.04.2021, 19:18
Месси «Барселона» сапындағы 35-ші трофейіне қол жеткізді.
Месси Испания Кубогінде тарихи рекорд орнатты

"Барселона" Испания Кубогінің финалында "Атлетик Бильбаоны" еш қиындықсыз жеңді (4:0). Лионель Месси дубль авторы атанса, Антуан Гризманн мен Фрэнки Де Йонг бір голдан соқты.

Аргентиналық футболшы осы матчта ерекше жетістікке қол жеткізді. Испания Кубогінің финалында бұған дейін ешкім тоғыз гол соққан емес, деп хабарлайды OptaJose статистикалық порталы.

Дәл осы турнирдің финалында он рет ойнап, тоғыз гол соққан Месси финалдық ойындарда сегіз голды өз еншісіне жазған "Атлетиктің" аңызы Тельмо Сарраны басып озды.

Лионель Месси "Барселона" сапындағы 35-ші кубогін жеңіп алды. Ол Испания чемпионатында 10 рет, Испания Кубогінде 7 рет, Испания Суперкубогінде 8 рет, Чемпиондар Лигасында 4 рет, УЕФА Суперкубогінде 3 рет және клубтар арасындағы әлем чемпионатында 3 рет жеңіске жетті.

Ал "Барселона" өз тарихында Испания Кубогін 31-ші рет жеңіп алды. Бұл турнирдегі рекордтық көрсеткіш болып табылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×