Мирослав Лобанцев: «Шетелдік болсам да, қазақ футболының жағдайы мені қынжылтады»

18.04.2021, 04:16
Лобанцев осы маусымда қақпасына ұзақ уақыт бойы гол жібермеген қақпашылар арасында рекорд орнатты.
Мирослав Лобанцев: «Шетелдік болсам да, қазақ футболының жағдайы мені қынжылтады»

«Қызыл-Жардың» қақпашысы Мирослав Лобанцев Prosports.kz  сайтына берген сұхбатында мансабы туралы, Қазақстан футболы жайлы ойымен бөлісті.

– Биыл ел чемпионатында қақпасына ең ұзақ гол жібермеген рекорд өзіңе тиесілі. Мұндай көрсеткіш сізге қандай да бір әсерін тигізе ме?

– Әрине. Оның үстіне «Қызыл-Жарда» рекорд орнатқаныма қуаныштымын. Өйткені бізге мықты команда ретінде қарамайды ғой. Дегенмен маусымды жақсы бастадық. Ең бастысы жеңіске жетіп келеміз.


– «Ақтөбеге» қарсы матчта соңғы минуттарда екі гол жібердің. Не болды?

– Жеңісті уысымыздан жіберіп алғанымыз қынжылтады. Бірақ біз соңғы минуттарда емес, оған дейін есемізді жіберіп қойдық. Олар бізді әбден қысымға алды. Біз қорғанамыз деп қақпаға тым жақындап кеттік. Осылайша төрт минутта екі гол жібердік.


– Рекордқа иесі болуыңызға «Қызыл-Жар» қорғаушыларының да үлесі бар. Қорғаныс шебіндегі негізгі рөлді Денис Колодин атқара ма?

– Жалпы алып қарасақ солай. Өйткені бұл оның жұмысы. 

– Биыл команданы Андрей Карпович тізгіндеді. Жұмысына қандай баға бересіз?

– Ең бастысы, ол жақсы команда жинай білді. Өткен жылы нашар болды дей алмаймын. Бірақ ол достыққа бағытталған команданы жасақтады. Қазір бәріміз жақсы араласамыз. Осының арқасында жақсы нәтижеге жетіп келеміз.


– Команда капитан ретінде сізді таңдады. Қандай сезімдесіз?

– Негізі команда капитаны - Шота Григалашвили. Бірақ жиында команданы капитан ретінде бастап шығып жүрдім. Содан қалыптасып кетті. Маған бапкерлер де, жігіттер де сенім артады. Осы арқылы маған қосымша жауапкершілік жүктеледі.


– Өткен маусымда жақсы ойын көрсеттіңіз. Басқа командалардан ұсыныс түсті ме?

– Қолыма ешкім ұсынысты алып келген жоқ. Сол себепті уақытты созбай командамен келісім-шарт мерзімін ұзарттым. «Қызыл-Жарда» ойнап жүргеніме қуаныштымын. Командамыз жақсы. 

– Алғаш рет Қазақстанның бірнеше қаласына бардыңыз. Қандай ой түйдіңіз?

– Шыны керек, біреудің ісіне араласқым келмейді. Бұл бір саясат секілді. Не айтайын. Шетелден келсем де Қазақстан чемпионатында еш жағдай жасалмағаны мені қынжылтады. Әр қалада үлкен бір стадион соғуға шамасы бар ел. Алайда біз қазір футбол стандартына сай келмейтін стадиондарда ойнап жүрміз. Бұл ойын сапасына ғана емес, ойыншылардың денсаулығына да кері әсерін тигізеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×