Мирославты тұсаулау Мирослав шәкірттерінің қолынан келе ме?

24.03.2011, 00:37
Мирославты тұсаулау Мирослав шәкірттерінің қолынан келе ме?

DSCN5456
26 наурыз. Кайзерслаутерн. Астана уақыты бойынша 00 50-де Қазақстан құрамасының футболшылары әйгілі неміс машинасына қарсы алаңға шығады. Нұрбол бастаған жігіттер Месут Өзіл, Самир Хедира, Бастиан Швайнштайгер, Лукас Подольский, Мирослав Клозе сияқты футбол жұлдыздарымен айқасады.

Топ бастап келе жатқан Йохим Лев шәкірттері ұпайдан шашау шығармай, жолдама мәселесін күн ерте шешіп тастауды көздеп отыр. Және өз алаңында немістер аутсайдер командамен тіпті тең түсуді намыс көреді. «Біздер қай кезде болмасын қарсыластарды бағалай білеміз, сондықтан алдағы болатын кездесуге менің шәкірттерім шекеден қарамайды. Біздің мақсат – қалайда жеңіске жету. Сондықтан бар күшімізді саламыз» депті Йохим Лев бапкер  тілшілерге берген сұхбатында. Алдыңғы кездесулермен салыстырғанда Лев  команда сапында көп өзгеріс жасаған жоқ. “Вердер” жартылай қорғаушысы Марко Марин бұл жолы тізімге ілінбей қалды. Оның орнына Майнцтың жас шабуылшысы Андре Шюррле шақырту алыпты. Марио Гомес пен Тони Кросс және қақпашы Тим Визелер қайтадан қатарға қосылса,  Баллак қоштасу матчын Қазақстанмен өткізбейтін болды.

Неміс құрамасы сапынан кімдерден қауіп күтеміз?

Кез-келген футболшысы өте қауіпті. Қорғаныста ойнайтын капитан Филипп Ламның өзі қақпаны қалай көздейтінін жақсы білесіздер.  Месут Өзіл мен Хедирада жігерлі жастар. Осы матчта мергендігімен танылуды көздейді. Десекте ең үлкен қауіп шабуылшылар үштігінде екені мәлім. Лукас Подольский, Марио Гомес және Мирослав Клозе. Айтпақшы осы үшеуі бірінші матчта доп соқпап па еді біздерге? Дәл солай. Бірақ Лев Марио мен Мирославті бірге шығармайды. Бапкердің “Еуроспортқа” берген сұқбатында  мәлім болғандай, алаңға екеуінің бірі ғана шығады деп күтілуде. Яғни Қазақстанда өткен матчтағыдай екеуін алмастырып отырмайды. Марио қазір бабында. Италиямен болған жолдастық кездесуде немістер сапынан көзге түскенде осы Гомес болатын. Алайда Мирославтың мүмкіндігі көбірек секілді. Жарақатынан айыққан Клозенің орны бөлек. Бүгінде құрама сапындағы ең үздік бомбардир осы іріктеу сынында топтағы барлық командаға доп соққан еді. Біздерді айтпағанда Түркия, Бельгия, Әзербайжан, Австрияғада. Сондықтан бапкер Мирослав Беранекке осы жағынан бас қатыру керек сияқты.

Неміс қақпасына доп соға аламыз ба?

Бұл сұрақ қазір барша футбол жанкүйерлерін алаңдатып отырған мәселе. Бұдан бұрыңғы іріктеу сынындағы матчтарда біз қарсыластарымызға бірде-бір доп соға алмадық. Сол кездегі Шторк шәкірттері тырысып көргенді. Бірақ қанша тырыссақта, болмады.  Бұл жолыда бізде мүмкіндік өте аз. Біріншіден сырт алаңда топ көшбасшысымен доп тебеміз. Екіншіден немістер осы іріктеу сынында тек бір доп қана жіберіпті қақпаларына. Үшіншіден Беранек бұл матчта қорғанысқа жатып алуды көздеп отыр. Төртіншіден біздің футболшылар мұндай ірі оқиғаға дайын емес. Германияда чемпионат нағыз қызған шақта болса, бізде ел біріншіліг енді ғана басталды.

Есеп ірі бола ма?

Әбден болуы ықтимал. Немістер ірі есеппен ұтуды жаны сүйеді. Оларды күллі әлем ”машина” деп бекер айтпасы анық. Неміс футболшылары қазір өте ашулы. Неге дейсіздер ғой. Мәселе мынада. Германия құрамасының дені, 70 пайызы “Бавария” ойыншылары. Чемпиондар лигасы мен Бундеслигада жолы болмаған ойыншылардың барлық назары ендігі құрамада. Сондықтан Астанада өткен матчтағыдай біздерді аяп жатпасы анық. Жанкүйерлері кездесудің 5:0 немесе 6:0 мен аяқталатынына сенімді.

PS: Кездесу қалай аяқталсада, құрамамызға жанкүйерлік етейік. Матчқа бара алмаған халық “Хабардан” және Ресейдің НТВ+ сінен бұл матчты тікелей тамашалай алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
"Тобыл.ТВ" YouTube-та
Серіктес жаңалықтары
×