Монако сапары

24.01.2012, 19:32
Монако сапары
 

Еуропадағы кішкентай ғана мемлекет Монакода жыл сайын футболдан УЕФА суперкубогы сарапқа салынатын дүбірлі додаға досым Әлішер Толыбаевтың тікелей ұйымдастыруымен 2011 жылдың тамылжыған тамызында барып қайтқан едік.

Иә, сонымен төрт адам боп аттанатын болдық. Төртеуміз деп отырғаным шымкенттік ежелгі достарым Әлішер Толыбаев, Мейрамәлі Әбдірамановтармен, тараздық Досан Рымтаев деген азамат. Досан мырза жас болса да Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, Тараз төңірегіне іскерлігімен жақсы аты шыққан белгілі кәсіпкер. Жанымдағы азаматтардың үшеуі де осы заманның іскер азаматтары. Алды бірнеше ірі өндіріс, кәсіпорындарының иелері. Бизнестерін әлдеқашан жолға қойған, тұрақты табыс көздері бар алпауыт жігіттер. ...Біз мінген алып әуе лайнері Алматыдан Амстердамға жеті сағаттай ұшты-ау деймін. Бұрын басқа да алыс елдерге ұшқандағы ұшақтардың әуедегі шыңырауға құлағандай селкілінен зәрезап болған басымыз бұл жолғы артық дыбысы да естілмей жайлы ұшып, өте сәтті қонған әуе алыбына риза болысқан кейіппен Амстердамның әуежайына келіп түстік. Амстердамнан ішкі рейспен француздардың Ницца қаласына ұштық. Үш серігім де алаңсыз ұйқыға кеткен. Өз басым оларға Алматыдан қосыла салғандықтан ба екен, әлі сергекпін. Барлық көріністерді санаға жазып алғым кеп, төменге тесіле мұқият қараймын. Осы сапарға шығарда бұл елдің тарихын түгелдеп, көп ежектегесін бе екен, көңіл құрғырың әлде неге алып ұшады. Міне, Ницца қаласына да жеттік-ау. Ниццаның әуежайынан бізді арнайы көлікпен орыс тілін бұзып түсініксіздеу сөйлейтін жас француз жігіті күтіп алды. Оның көлігіне отырған соң бірден Монакоға тарттық. Тауды тесіп жасалған тунельді таспадай тартылған теп-тегіс жолмен жүйткіп келеміз. Төңірегімізге қызыға қараймыз. Бір метр бос жер жоқ. Таудың басына дейін қия беткейлерге екі-үш қабатты үйлерді мінгестіріп салып тастаған. Сырт көзге қызылды-жасылды үйлер таулардың етегінен бастап, басына дейін тасты жарып салынғандықтан, оларға апаратын қия жолдар таулардың белінен бірнеше рет орап тастаған белбеулердей алыстан көз тартады. Бізге бәрі таңсық. Төңірекке жанарымызға сыйғанша ашқарақтана қараймыз. Жалпы, Ницца - Жерорта теңізінің жағалауына орналасқан өте әдемі қала. Бұл, негізінен, ежелден Францияның оңтүстік айлағына қарайтын ең үлкен демалыс жағалауларының бірі болып саналады. Ниццаның тарихын сәл әріден бастасақ, онда бұл Ниццаңыздың негізін біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырда гректер қалаған көрінеді. Сол тұста әйел құдайы Никейяның есімімен Ники атауы берілген. Кейіннен Ницца атауын алған қала орта ғасырда сан алуан қиямет-қайымдарды бастап өткеріп, талай-талай қанды майданды кешіп өтіп, түрлі басқыншылардың тегеурінді шабуылдарына ерлікпен төтеп береді. Баяғы Франция Корольдері қаншама рет бұл шаһарды басып алуға тырысыпты, бірақ ер жүрек ежелгі тұрғындар өз тәуелсіздіктерінен оңай айырғылары келмеген. Ал ХІІІ-ХІV ғасырларда Ниццаны Прованса билеушілері бірнеше рет басып та алады. Сонау 1388 жылы қала Савойский графтығының тікелей қамқорлығында, қорғауында болды. 1860 жылға дейін Савойский графтығының құрамында болған шаһарды Сардиния Корольдігі Туринский келісімшарты бойынша Францияға берді. Жалпы, Францияның Ниццаны билеуі екі кезеңнен тұратын көрінеді. Біріншісі - 1691-1731 жылдары аралығында Король Людвик ХІV болса, ал екіншісі 1792-1814 жылдары атақты Бонапарт Наполеонның қаланы басып алған уақытымен сәйкес келеді. Міне, сол Наполеонның жүргізген үздіксіз соғыстарынан кейін ғана Ницца әлемге курортты қала ретінде белгілі бола бастаған. Өзінің жанға жайлы климатымен, жып-жылы қысымен, тап-таза ауасымен, сан түрлі шырын жемістерімен, таңғажайып табиғатымен бұл шетелдік демалушыларды қатты қызықтырған аймақ атанды. Өткен ғасырдың екінші жартысында Ницца халқы қала мэрі Жана Медесена (1928-1944, 1947-1966) мен оның ұлы Жактың сауатты, салиқалы саясаттарының арқасында өте жайлы тыныш өмір кешті. Бұл тыныштықты - 1979 жылғы қазан айының он алтыншы жұлдызындағы орын алған алапат табиғат апаты - цунами кезіндегі бірден тоғыз адамның өмірін қиған оқыс оқиға бұзды. Сонымен қатар Ницца бірнеше рет халықаралық саяси форумдарды өткізетін де ресми орын ретінде әлемге белгілі қала ғой. 2000 жылдың желтоқсанында Еуроодақ шекарасын шығысқа қарай кеңейту жайлы келісімге келуге саммиті осы шаһарда өтті. Ал 2008 жылдың қараша айында бұл Ниццаңызда Еуроодақтың Ресей саммитінің де өткені бізге баспасөзден белгілі. Ницца - Франция Ривьерлерінің бейресми астанасы және «Приморские Альпы» департаментінің әкімшілік орталығы болып та табылады. Ал Ривьер деп отырғанымыз бұл ежелгі - француз-итальян жағалауы. Ол Лигурийский теңізі мен батысында Францияның оңтүстігіндегі, 70 мыңдай ғана тұрғыны бар, «Лазурный» жағалауындағы Канн деген курортты қаласынан, шығысында Специя қаласына дейінгі үлкен аралықты алып жатыр. Ал Специя - Италияның ең бір ірі әскери айлақты және әскери өнеркәсіптік қаласы екені оқырманға белгілі болар. Ницца қаласы күні бүгінге дейін Францияның ең үлкен, ең басты мәдени орталықтарының бірі болып отыр. Бұл жерде жыл бой әртүрлі мәдени басқосулар болып тұрады. Ал мұражайларының саны мен сапасы жағынан Ницца тек Парижден кейінгі орынды иеленеді. ХІХ ғасырдың ортасында бұл Ницца қаласы орыс аристократтарының арасында өте әйгілі демалыс аймағы ретінде белгілі болған. Бір дерек көзі бойынша 1856 жылы жесір қалған ханшайым Александра Федоровна осы Ниццаға демалысқа келген көрінеді. Ханшайым сол сапарында Ниццадағы Вильфранш шығанағынан арнайы жер сатып алады. Сосын сол жерге арнайы рұқсат алып император үйін салғызады. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ Ниццаға төрт жүзге жуық орыс отбасы көшіп келеді. Ал 1912 жылы Ниццада алғаш рет орыстың Әулие Николай соборы салынады. Собор құрылысы орыс императоры Николай ІІ тұсында тұрғызылған екен. 1930 жылы Ниццадағы орыстардың саны бес мыңнан асып кеткен көрінеді. Олардың көбісі Ресейді кешегі қызыл революция кезінде тастап қашып шыққандар екен. Олардың көпшілігі екінші ұлы отан соғысы басталған кезде Америкаға эмиграцияға өтіп кетіпті. Ниццада бір кезде атақты орыс жазушысы Чехов демалған деген де нақты дерек бар. 1927 жылдың қыркүйек айында дәл осы Ницца қаласында орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің бір кездегі әйелі, әлемге әйгілі биші Айседора Дункан ханым кездейсоқ қайтыс болады. Ару Айседора ханым мінген машина керіліп жатқан ағылшын жағалауында зымырап кетіп бара жатқанда, сол машинаның дөңгелектеріне бишінің өз мойнындағы ұзын шарфы желмен желбіреп ұшып барып ілініп, оралып қалып, буып өлгендігі жайлы да қайғылы деректі кездестірдік. Кезінде Есенин жайлы жылт еткенді қалт жібермей оқыған бізге ұлы ақынмен атақты бишінің тарихын да түптетіп оқығанбыз. Олардың екеуінің әлемді кезген сапарларына қызыққанбыз сонда. Олардың сәтсіз біткен махаббат хиқаятына әбден қанық болғандықтан ұлы бишінің дүниеден өткен жерін өз көзімізбен көру бізді бей-жай қалдырмағаны анық. Оны ойлы оқырман да сезіп отырған болар. Жә, бұл жалпы басқа бір мақалаға арқау болатын басқа әңгіме. Қазір төрт қазақтың табаны тиіп тұрған әсем Ницца, ән Ницца, жыр, аңыз Ниццаға ептеп болса да қатысы бар болған соң ғана айта кетейік деп жатқанымыз ғой. Міне, сонымен, ұлы сахарадан келген төрт қазақ сол Ницца қаласынан Монакоға қарай кетіп барамыз. Ал бұл шағын мемлекеттің территориясы үш шағын қаладан тұрады екен. Олар - Монако, Монте-Карло және Ла-Кондан. Алайда осынау кіп-кішкентай осы мемлекеттің тарихы тым тереңде жатыр екен-ау. Тіпті біздің эрамызға дейінгі Х ғасырда бұл аймақта ежелгі финдер тұрған көрінеді. Финдерден кейін бұл жерді гректер басып алған. Ал І ғасырда осынау шалқып жатқан таңғажайып бүкіл Лазур жағалауы ертедегі Рим империясының құрамына енген. Бұл мемлекет құлағаннан кейін бұл жағалау арабтардың иелігіне өтеді. Ал біз алыстан бір көрмекке іздеп келе жатқан Монако қаласы ХІ ғасырда генуялықтардың күшімен салынған екен. Кейіннен олар 1215 жылы бұл жерде алып қорған тұрғызды. Содан кейін барып ХІV ғасырда Монако князьдігі пайда болды. Князьдықты алғаш рет генуэз тайпасынан шыққан Грималди басқарады. 1524 жылы бұл князьдік Испанияға бағынады. Ал 1641 жылы Монако біржолата Францияның қарамағына өтті. Бұл дүниедегі ең кішкентай мемлекеттің шағын ғана астанасы бүкіл дүниежүзіне белгілі болды. Мұнда бар-жоғы 10 мыңдай ғана адам тұрады. Олардың 25 пайызы Монакоға берілген Монигаскилер, қалғандары осы өңірде тұрақты тұрып келе жатқан әр жерден келген шетелдіктер. Олардың көпшілігі француздар. Содан кейін итальяндықтар, гректер, немістер, ағылшындықтар мен америкалықтар. Негізгі тіл - француз тілі. Ал діндері бүгінгі католик діні. Қазір қала индустриясы барынша қарқынды, серпінді дамыған, сан алуан шипажайлары бүгінгі заманға сай өркендеген, өнеркәсібі әбден өскен кішкентай ғана мемлекет. Мұнда негізінен, электротехникалық өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, дәрі-дәрмек өндіру жағы өте кең дамыған. Сондай-ақ фаянс, моелик және сан алуан сувенир өндірісі де кең етек жайған екен. 1885 жылдан бері бұл князьдік колекциялық марканы тұрақты шығарып тұрады. Ол әлемдік рынокта өте үлкен сұранысқа ие боп отыр. Дегенмен бұл елдің экономикасының негізін құрап отырған ең негізгі - туризм саласы екені ешкімге жасырын емес. Монакода әлемге әйгілі музыка академиясы да бар екен. Қаланың инфрақұрылымы әбден туристерге ыңғайластырып жасалынған екен. Сән-салтанаты жарасқан қонақүйлер, шулы мейрамханалар, жайнаған дүкендер, жағасын толқындар тепкілеген жұп-жұмсақ құмды жағажайлар демалушыларға мінсіз қызмет көрсетеді. Монте-Карлода ең алғашқы ойынхана 1861 жылы ашылған екен. Қазір бұл ұлғая-ұлғая әлемдегі ең үлкен казиноға айналған. Бүкіл дүниеге белгілі 1899 жылы ашылған қаланың ең бір назар аударарлық орындарына мұхиттану музейі мен экзотикалық таңғажайып бақ жатады. Бұл мұражайдың ортасында бүкіл әлемнің барлық теңізінен әкелінген барлық балықтардан әбден іріктелген үлкен аквариум тұр. Бұл бір жағынан теңіз танудағы әрі үлкен ғылыми орталық іспетті. Дүниежүзіндегі ең алғашқы халықаралық гидрографикалық қоғам тұңғыш рет осында ұйымдастырылған. Міне, біз сол Монакоңыздың қақ ортасындағы керемет қонақүйге кеп тоқтадық. Бұл қонақүйдің бұрын біз түскен қонақүйден ерекшелігі теңіздің толқындарының тепсініп, біздің балконымыздың дәл түбіне дейін кеп жататындығында еді. Оны да қойшы, әсіресе, жағалай бірнеше қатарға бөлініп тізіліп тұрған сан мыңдаған көздің жауын алатын әсем кемелерді айтсаңызшы. Не деген сұлу сурет. Тіпті поэзияның тілімен де жеткізу қиын. Оны тек көзбен көру керек. Әсіресе, дала қазағына экзотикалық бақтың жанында алғашқы қауымдастық дәуірінде адамдар өмір сүрген үңгір сақталғаны қызық көрінеді. Қазаққа үңгір таңсық болмағанымен адамды еріксіз тарихтың кейбір қатпарларының белгісіндей әсерге бөлейтіні анық. Бұл Монакоңыз - кішкентайлығы, жерінің өте шағындығы жөнінен Еуропа мен бүкіл әлемде екінші орында тұрған мемлекет. Ал бірінші орында ежелгі Ватикан мемлекеті тұрғаны біздің оқырманға белгілі болар. Дегенмен осы шағын қала мен князьдікті басқару ешкімге жалтақтаусыз өте дербес түрде жүргізіліп келеді. Коммуна мұнда сонау 1911-1917 жылдары құрылған екен. Мемлекеттің конституциясының сол 1911 жылы шыққан қаулысына сәйкес мұнда князьдік үш коммунаға бөлінген: Ла-Кондама - айлақ жағасындағы шағын ғана аудан, Монако - тасты аймаққа орналасқан өте көне шаһар болса, Монте-Карло - ең бай және мәртебесі өте жоғары аудан боп саналады. 1917 жылы осынау үш қаланың орнында бір ғана коммуна болған екен. Кейіннен бұл коммуна Ла-Кондама және Монте-Карло болып екіге қақ бөлінген. Ал қазіргі кезде ол екеуі шағын-шағын он ауданға бөлініп кетіпті. Ал осы Монакодағы ежелгі салтанатты князь сарайы әлі күнге дейін Монако үкіметінің баяғы біз айтқан грималь тайпасынан қалған мемлекеттік ресми резиденциясы боп есептеледі. Бұл сарай Генуэзск қорғаны болып алғаш рет 1191 жылы салынған. Кейін кеңейтіліп, қайта салынғаны аңғарымпаз сырт көзге оңай аңғарылады. Сонау VІІІ ғасырдың аяғынан бастап бұл тарихи ежелгі сарай баяғы генуэздің гримал тайпасының еншісінде көрінеді. ХVІІ ғасырдан бастап ержүрек грималдықтар әсем Монаконы тәуелсіз мемлекет ретінде басқаруды қолға алған. Алайда олардың тыныш өмір сүруіне қуатты көршілері мүлде мүмкіндік бермегені жайлы тарихта, сарғайған қағаз беттерінде сайрап жатыр. Осынау салтанаты асқан тарихи Сарайдың Еуропадағы өзге сарайлардан ең бір ерекшелігі - ол тек қана Монако князь дігінің жеті ғасыр бойғы жалғыз резиденциясы болуында. 1997 жылы Гримальды сарайында өзінің Монаконы 700 жыл бойына басқарып келгендігін аса салтанатты түрде атап өткен екен. Біздің жол бастаушымыз УЕФА Монакодағы чемпиондар лигасы және Еуропа лигасының топтық кезеңге жеребе тарту, сонымен қатар Еуропаның үздік ойыншысын анықтау гала-концертінің кестесін футболға кіретін билетпен бірге берді. Жұма, яғни 2011 жылдың тамыз айының 26 жұлдызында Монаконың орталық стадионында орталық Еуропа уақыты бойынша сағат 13-00-де футбол басталады деп жазылған. Сағат 13:00-де Grіmaldі Forum - Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жеребе тарту болады екен. Ал кешкі сағат 20:45, УЕФА Суперкубогының ойыны «Барселона» - «Порту» «Луи ІІ» атындағы стадионда аса салтанатты жағдайда басталды. УЕФА суперкубогы үшін «Порту» мен «Барселона» командалары футбол алаңында айқасты. Суперкубок кімге бұйыратынын өз көздерімен көргісі келген жанкүйерлер «Луи ІІ» стадионында ине шаншар орын қалдырмапты. Бұрын-соңды бір жерге осыншама халықтың жиналғанын көрмеген қазаққа, бәрі таңсық. Төңірегіміз құлақ тұндырардай ду-ду, гу-гу. Стадиондағы ыза, қиқы, у-шудан адамның құлағы тұнады. Шынында да Әлішер, Мейрамәлі, Досандардың маған кешеден бері қонақүйдегі шай үстінде кезектесіп айтса айтқандарындай-ақ бар екен. Бірнеше мәрте ақтық сынға жетіп жығылған Португалияның атақты футбол командасы «Барселонадан» айласын асыра алмады. «Барселона» бапкері Хосеп Гвардиола кубокты екінші мәрте еншілеп, бұл көрсеткіш бойынша Алекс Фергюсон, Луис ван Галь, Карло Анчелотти сынды белді бапкерлермен теңескені мәлім болды. Қос клуб та ойынды өте ынталы бастады. Ой-хой, шіркіндердің тепкен доптары ауаны айырардай аспанға ысқыра ұшқандай көздеген межесіне артық та емес, кемде емес дәл беретіні бізді қайран қалдырды. Қасымдағы серіктерімді ғана емес, қаршадайдан қара өлеңмен ауырған мені де мынау ғажайып ойын бірден өзіне еліктіріп алып кеткендей. Шебердің аты шебер ғой, несін айтасың, шіркін-ай, деп осындайда қазақ футболын

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×