Мұхамеджан Сейсен: Сенсация жасап, таңқалдыруға болады

10.09.2020, 06:04
«Тараз» футбол клубының және Қазақстан жастар құрамасының қақпашысы Мұхамеджан Сейсен Европа чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Израиль құрамасымен өткен ойында ең басты ойыншылардың бірі бола білді.
Мұхамеджан Сейсен: Сенсация жасап, таңқалдыруға болады

Айта кетейік, біздің жастар құрамасы ойынның қосымша уақытында гол жіберіп алып, сол қосымша уақыт ішінде жеңісті жұлып алған болатын. М.Сейсен матчта бірнеше мәрте допты қайтарып, қауіпті сәттерде команданы құтқарып қалды. Ол клубтың баспасөз қызметіне ойын туралы пікірімен бөлісті.

 - Мұхамеджан, кездесу өте тартысты өтті. Мұндай ойында ойнау оңай болмаса керек...

- Иә, жеңіл матч деп айта алмаймын. Шынында оңай болған жоқ. Біз бірінші таймның қосымша минутында гол соғып, алаң иелерінің ашуына тигеніміз анық. Алдыңғы Черногориямен өткен кездесуден кейін бапкерлер ойын тактикасын ауыстырды. Біз қалайда жеңіске жету үшін алаңға шықтық. Әйтпесе, топтағы жоғары орындарға күрес ерте аяқталуы мүмкін еді. Араға үш күн салып екінші ойынды өткізу физикалық тұрғыда ауыр болғаны рас. Бірақ біз барлығына төзімділік танытып, алаң иелерін жеңе білдік және таблодағы есеп ойынға сай болды.

- 90 минут бітіп, қосымша уақытта қарсыластар гол соққан соң жеңіс уыстан шығып кеткендей болған шығар...

- Шыныным айтсам, ия солай көрінді. Соңғы минутта гол жіберу өте өкінішті жайт және мен тағы гол жіберіп алмауды ойладым. Мұндай сәттерде жеңіске деген сенімді жоғалтпау қиын болады. Команда абыржып қалғаны байқалды. Бірақ Оралхан Өміртаевтың голы бәрімізді серпілтіп тастады, сенім әкелді.

- Жастар арасындағы Европа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алуға болатынына қаншалықты сенім бар?

- Өткен матчтан кейін, әрине сенім зор. Турнир басында мүмкін бұлай ойламаған да шығармыз. Жетістікке жету үшін физикалық, психикалық тұрғыда көп жұмыс жасау қажет. Іс жүзінде Испаниямен де тең дәрежеде иық тірестіріп ойнауға болатынын көрдік. Қалған кездесулерде де осындай мәнерде жалғастыратын болсақ қажетті ұпайларды жиып, сенсация жасап, таңқалдыруға болады.

«Тараз» КФК баспасөз қызметі

Фото: kff.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×