Мұратына жеткен мұрттылар

09.02.2012, 22:36
Мұратына жеткен мұрттылар

Арамызда түр-түсімен немесе ерекше бір кескін-келбетімен өзгелерден оқшауланып тұратын спортшылар болады. Ондай азаматтардың есімдері тез есте қалады. Бет-бейнелері жадымызда сақталып, көпке дейін көз алдымыздан кетпейді. «Айқын-аптаның» бүгінгі санында біз әлемдік спортта өшпес із қалдырған мұртты боксшылар жайында әңгіме қозғауды жөн көрдік. 

Футбол әлемдегі №1 спорт түрі екені сөзсіз. Сол себепті бұқаралық ақпарат құралдарындағы осы салаға қатысты әңгімелердің барлығы да теңбіл доптан басталады. Мәселен, таяуда шетелдің бір белді басылымы әлемдегі ең әйгілі 10 мұртты футболшының тізімін жариялаған екен. Соны біз де өз оқырмандарымыздың назарына ұсынуды құп көрдік. Бұл тізімде бірінші орын Рууд Гуллитке бұйырды. Өзі Голландияның Амстердам қаласында туып-өскенімен, оның арғы тегі - суринамдықтар. Жастайынан футболды серік еткен Руудтың сексенінші жылдардың екінші жартысында бақ жұлдызы жанды. 1987 жылы ол Еуропаның ең үздік ойыншысына тиесілі - «Алтын доптың» иегері атанса, 1987 және 1989 жылдары әлемнің теңдессіз теңбіл доп шебері ретінде танылды. Гуллит талай клубтарда өнер көрсеткенімен, «Миланның» сапындағы ойыны өте сапалы болды. Италиялық команда құрамында ол Еуропа чемпиондары кубогы, Суперкубок, Құрлықаралық кубокты қанжығасына байлады. 1988 жылы Голландия құрамасының Еуропа чемпионы атануына сүбелі үлес қосты. 2002 жылы аталмыш мемлекет құрлық біріншілігінде қолаға қол созды. Жалбыраған қара шашы мен қалың қара мұрты бар жігіттің сол кездегі керемет ойыны күні бүгінге дейін жанкүйерлердің көз алдында. Екінші орында - Невилл Саутолл. Өзінің спорттық карьерасын 1980 жылы бастаған Уэльстің атақты қақпашысы 2002 жылға дейін өнер көрсетті. Ол қатардағы «сарбаздардың» бірі болып қалған жоқ. Табаны күректей 22 жыл бойы Невилл өзі ойнаған клубтар мен өз елінің ұлттық құрамасының тас қамал қақпашысына айналды. Әсіресе, Англияның «Эвертон» клубының сапында өткізген жылдар өте жемісті болды. Уэльстің сапында 92 матч өткізіп, өз қақпасына небары 126 гол жіберіп алды. 1995 жылы Невилл «Британия империясының орденімен» марапатталды. Замандастарының айтуынша, түрі сұсты, көзі отты, мұрты жыбырлаған қақпашы допқа ұмтылған сәтте «мен» деген шабуылшылардың өздері білгенінен жаңылатын. Үшінші орында - Клаудио Джентиле. Клаудио Ливияда туғанымен, оның балалық шағы, өрлеу кезеңі Аппенин түбегінде өтті. 9 жыл бойы Италия ұлттық құрамасының ең белді қорғаушыларының бірі болды. 1982 жылғы әлем чемпионатында оның атағы алысқа жайылды. Аргентинаға қарсы кездесуде Джентиле Диего Марадонаның өзін тырп еткізбеді. Даңқты футболшы қанша жанталасқанымен, қорғаушының «темір құрсауынан» құтыла алған жоқ. Келесі ойында ол Бразилияның сұрмергені Зикоға адым аштырмады. Сол жылы Италия әлем чемпионы атанды. Бапкерлік кәсіпте де айтулы азаматтың бағы жанды. Сондықтан да Клаудио Джентиленің мұрттылар тізімінде үздіктер қатарына қосылуы тегін емес. Төртінші және бесінші орында - Цезарь Йенкинс пен Грэм Сунеес. Екеуі екі дәуірдің түлектері болғанымен, жасыл алаңда олар жасындай жарқылдады. Йенкинс - ХІХ ғасырдың соңында Уэльс құрамасының қорғаушысы болса, Сунеес - Шотландияның азаматы. Ол өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Ливерпуль» клубында жартылай қорғаушы міндетін атқарды. Одан кейінгі бес орын британдық Джо Бартон, колумбиялық Карлос Вальдерама, уэльстік Иан Раш, солтүстікирландиялық Джорд Бест және германиялық Руди Феллерге бұйырды. Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×