Әрбір тур өткен сайын еліміз премьер-лигасындағы тартыс бұрынғыдан бетер қыза түсуде. Әсіресе, 17-турда күтпеген нәтижелер тіркеліп, шиеленісті бәсекелер өтті. Жарыс кестесінің жоғарғы жеті сатысындағы командалардың барлығы да осы жолы ұпай жоғалтты. Тек екі ұжым - «Атырау» мен «Қайсар» ғана ұпайдан шашау шығармай, өз жағдайларын аз да болса түзеп алды. Енді бес турдан соң, премьер-лигадағы он екі клубтың екі топқа бөлінетіні мәлім. Қазірдің өзінде төменгі топқа түсіп қалмаудың қамын күйттейтіндер мен жүлдеден үміттілердің қарасы белгілі бола бастағандай.
17-турда көш басындағы «Астана» Өскеменде жергілікті «Востокқа» қарсы тұрған болатын. Турнир кестесінің ең соңында келе жатқан шығысқазақстандықтар бұл кездесуге тас-түйін дайындықпен шыққан екен. Ойын аса тартысты өтіп, екі команда да гол соға алмай тарасты. Астаналықтардың сапында өнер көрсеткен ұлттық құрамамыздың өкілі Ұлан Қонысбаевтың жуырда ғана Қарағандының «Шахтерына» ауысқанын айта кетейік. Ал «Востоктың» қатарында бұл кездесуге украиналық футболшы Александр Згураның алғаш рет қатысқанын да тың мәлімет ретінде ұсынамыз.
Ойын соңынан сөз алған «Астананың» бас бапкері Хольгер Фах өз командасының басымдыққа ие болғанына қарамастан гол соға алмағанына қынжылыс білдірсе, «Востоктың жаттықтырушысы Александр Голоколосов кездесудің соңына таман жеңісті жұлып кетудің тамаша мүмкіндігі туғанын, бірақ аздаған сәттіліктің жетпей қалғанын алға тартты.
Жарыс кестесінің екінші сатысындағы «Шахтер» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын ұта алмады. Дегенмен бұл бәсеке барысында төрт бірдей гол соғылды. Бір қызығы, оның барлығы да ойынның екінші жартысында тіркелді. Алғашқы голды қонақтар 54- минутта пенальтиден соқты, авторы - Азат Нұрғалиев. Арада он минуттай өткенде алаң иелері де он бір метрлік нүктеден доп тебу мүмкіндігін алып, Мақсат Байжановтың көмегімен таразы басын теңестірді. 72-минутта қонақтар қайта алға шықты. Бұл жолы Виталий Евстигнеев нәтижелі соққысымен көзге түсті. Осыдан кейін шымкенттіктер сауатты қорғанып, қарағандылықтарды әбден састырды. Жеңіс қонақтардың уысында кетуге жақын еді, бірақ соңғы сәтте, төреші белгілеген қосымша уақытта біріншіліктің сұр мергені Сергей Хижниченко өз командасын жеңілістен құтқарып қалды. Есеп - 2:2.
Үздік үштіктің қатарын толтырып келе жатқан Талдықорғанның «Жетісуы» бұл турды Атырауда өткізіп, 0:1 есебімен ұтылды. Жергілікті «Атырау» кездесудің 30-минутында есеп ашты және Андрей Травин соққан гол матч тағдырын біржолата шешіп тастады.
«Жетісудың» бас бапкері Серік Әбдуәлиев сәтсіздіктің бір ұшын команда құрамындағы қиындықтармен байланыстыра келе, жалпы кездесудің тең бәсеке тұрғысында өткенін атап өтті. Бұл ойынға «Жетісудың» екі бірдей белді қорғаушысы - Михайлов пен Климавичюс қатыса алмаған еді. Алғашқысы тәртібіне байланысты кездесуден шет қалса, Балтық жағалауының өкілі отбасылық жағдайына орай өз командасына көмектесе алмады. «Атыраудың» бас бапкері міндетін атқарып жүрген Иван Азовский болса, барша жанкүйерді жеңіспен құттықтап, команда мүшелерінің бәріне алғысын жеткізді.
«Ақтөбе» де өз алаңында «Таразды» ұта алмай, екі ұпайдан айырылды. Ақтөбелік жанкүйерлер кездесудің 42- минутындағы Самат Смақовтың пенальтиден мүлт кеткен сәтін ұзаққа дейін ұмыта алмайтын болар. Кездесуді тамашалауға он мыңға жуық жанкүйер жиналған екен. Бірақ қалың көрермен 90 минут бойы бірде-бір голға куә болмады. Қос қарсылас 0:0 есебімен тең ойнады.
Биылғы маусымда премьер-лигадағы орнын сақтап қалуды басты міндетке айналдырған «Қайрат» 17- турда Қостанайдың «Тобылын» қабылдады. Алматылықтар бұған дейінгі үш кездесуде қатар ұтылып, жанкүйерлерін әбден жабырқатқан еді. Сол үш ойында «Қайрат» бар болғаны 1 гол соғып, өз қақпасына 10 доп жіберіп қойған болатын. Алматылық ұжымның тізгінін жуырда ғана қолға алған ағылшын маманы Джон Грегори қорғаныс шебін күшейтуді басты мақсат еткен бе, әйтеуір «Тобылға» қарсы тұрған «Қайрат» гол жібермеді. Ол ойын аяқталғаннан кейін өз ойын ортаға салды: «Бізді Астанадағы кездесудің нәтижесі қатты қынжылтты, дегенмен бүгінгі матчта тәп-тәуір ойнай білдік. Әсіресе, ойынның бірінші жартысында жігіттер жинақы ойнады. Команда капитаны Руслан Балтиевтің қатарға қосылуы да ойынымыздың сәтті өрілуіне септігін тигізді. Десек те, соңғы жиырма минутта футболшыларымыздың қатты шаршап қалғанын байқадым, сондықтан алдағы уақытта фитнесс-дайындықты мықтап қолға алатын боламыз».
«Тобылдың» бас бапкері Сергей Петренко «Қайратпен» бәсекеге тыңғылықты дайындалғандарын, алайда шабуыл шебіндегі олқылықтардың кесірінен гол соға алмағандарын тілге тиек етті. Ол: «Соңғы жиырма минутта ойын тағдырын шешер көп мүмкіндіктің бірде-бірін кәдеге асырмадық, «Қайраттың» жолы болды» деді.
Қызылорданың «Қайсары» павлодардың «Ертісін» қабылдап, аса маңызды үш ұпай иеленді. Кездесудегі жалғыз голды Тимур Байжанов соқты.
Жарыс кестесіндегі жағдайға көз салсақ, 17- тур қорытындысы командалардың орналасу ретіне аса көп өзгеріс әкелмегенін байқаймыз. 17 кездесуде 37 ұпай жинаған «Астана» бұрынғысынша көш бастап келеді. Одан бір ойын артық өткізген «Шахтер» 2-сатыда, еншісінде 36 ұпай бар. 17 кездесудің қорытындысы бойынша 34 ұпай олжалаған «Жетісу» 3-орында тұр.