Нұрбол ЖҰМАСҚАЛИЕВ, «Тобыл» футбол клубының жартылайқорғаушысы, команда капитаны

28.03.2013, 22:43
Нұрбол ЖҰМАСҚАЛИЕВ, «Тобыл» футбол клубының жартылайқорғаушысы, команда капитаны

ҚАЗАҚ ФУТБОЛШЫЛАРЫНЫҢ ӘЛЕМ БІРІНШІЛІГІНЕ ШЫҒУЫНА ӘЛІ 15-20 ЖЫЛ КЕРЕК

- Нұрбол қай жердің тумасы боласыз? Жалпы футболға қалай келдіңіз?

Мен Батыс Қазақстан

облысының Орал қаласында 1981 жылы дүниеге келгем. Футболға мені үлкен ағам 6 жастан бастап апарды. Содан бастап Орал қаласында футболға қатысып, жаттығу жасап футболға келдім.

Отбасында ағаңыз екеуіңіз бірдей футболға бардыңыздар ма?

Ағам менен 7 жасқа үлкендігі бар. 15-16 жасқа дейін футболға қатысты. Кейін кәсіби футбол ойнауды қойып кетті.

Отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз

Ата-анам мен ағам Орал қаласында тұрады. Өзім қазір Қостанайда тұрам. Жолдасымның есімі Әсел. Қостанай жерінен. Бір ұл бір қыз тәрбиелеп отырмыз.

Балаңызды болашақта футболға беретін ойыңыз бар ма?

Алла бұйырса көреміз. Мүмкіндік болса, баламның футболға қабілеті болып жатса міндетті түрде беремін.

Өзіңіз ұлттық құрамада бірнеше жыл ойнадыңыз. Қазақ футболының бел ортасында жүрген азаматсыз. Қазақстан құрамасы УЕФА төріне ауысқаннан қаншалықты пайда алып жүр?

УЕФА-ға ауысқанымыз жақсы болды. Қазақстан футболына болашақта үлкен пайда болады. Бірақ кішкене уақыт керек. 15-20 жылдан соң Әлем біріншілігіне Қазақстан құрамасы шығады деп ойлаймын.

Футбол королі Пеле жайында пікіріңіз қандай? Қазақ халқынан Пеле сияқты, аты аңызға айналған бразилиялық шабуылшыға жақындау талант шығады деп ойлайсыз ба?

Әлем футбол тарихында өзінің керемет талантымен күллі әлемді өзіне қарата білген, әлемді мойындатқан Пеленің шеберлігіне тәнтімін. Алла бұйырса шығады. Қазір біздің Қазақстан ұлттық құрамасы еуропа немесе әлем біріншілігіне жолдама алғанының өзі қазақ футбол тарихындағы үлкен серпіліс болар еді. Сол деңгейге жеткізетін қазақ балалары шығады деп ойлаймын.

Сіз кезінде 11 маусым бойы Қостанайдың «Тобыл» футбол клубында ойнадыңыз. Кейін Астананың «Локомитивіне» ауысқан едіңіз. Келер жылы қайтадан қостанайлық команданың қатарына қосылдыңыз. Қостанайға оралуыңызға не себеп болды?

11 жыл бойы бір клубта ойнап үйреніп қалдым. Оның үстіне өзім де сол клубта жүріп, футболшы ретінде қалыптастым. Сол себептен де астаналық клубта 1 маусым өткізген соң, келер жылы қайтадан өзімнің «Тобылыма» бардым.

Қостанай қаласының командасына қайта келгенде сізді жанкүйерлер қалай қабылдады? 

Өте жылы қабылдады. Мен ол үшін де «Тобыл» футбол клубының жанкүйерлеріне алғысым шексіз.

Пост кеңестік елдерді алып қарайтын болсақ, мысалы Әзірбайжан, Армения, Грузия. Ол құрамалардаға ойыншылар жергілікті ұлт өкілдерінен құралған. Бір екі ғана басқа ұлт өкілдері ойнайды. Ал нәтижесі көңіл көншітерлік. 2012 жылғы Польша мен Украинада өткен Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында Армения құрамасы өз тобында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, тіпті топтан шығып кетуіне сәл-ақ қалды. Қазақстан ұлттық құрамасында 2-3 қана қаракөз қазақтар мен қалғандары басқа ұлт өкілдері. Егер де Қазақстан құрамасының сапына 11 қазақты алаңға шығарып ойнатса, мүмкін нәтиже беретін бе еді? Намысқа тырысып дегендей...

(Күлді) Олай айту қиын шығар. Қазақстанда өте көп халықтар тұрады. Оған байланысты емес деп ойлаймын. Ең бастысы кім болмаса да Қазақстан үшін жүрекпен ойнаса болды ғой. Намысқа тырысып, елі үшін жері үшін ойнаса нәтиже де жаман болмас еді.

2007 жылы Қазақстан премьер-лигасының ақтық сынында қостанайлық «Тобыл» мен ақтөбелік аттас «Ақтөбе» футбол клубтары Алматы қаласында сынға түскен. Сол ойында негізгі есеп 1:1-мен аяқталып, қарсылас командаға сіз пенальти сала алмай сол ойында «Ақтөбе» ел чемпионы болып еді. Өміріңіздегі қиын сәтті қалай қабылдадыңыз?

Былай қарап тұрсаңыз футбол-ойын. Бастысы біздің жақын туған-туысқандарымыз аман болсын. Бізге ең бастысы сол ғой. Қиын қыстау сәтте жақындарымыз барынща қолдау көрсетті. Футбол ойын болғандықтан, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді.

Осыдан бірер жыл бұрын Қостанайда сіз ауырып жатқан баланың ота жасауына 700 теңге қаржылай көмек берген екенсіз. Ол үшін сізге Алла разы болсын! Жалпы командаластарыңызбен қандай да бір қайырымдылық іс-шараларына қатысып тұрасыз?

руРахмет сізге! «Тобыл» клубы Қостанайда уақытымыз болғанда көмекке зәру жандарға қолымыз келгенше көмектесіп тұрамыз.

Әңгімеңізге рахмет!

                                                      Әңгімелескен Руслан БАҚЫТЖАН

                                                        Арнайы www.aladop.kzсайты үшін

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×