Нұрлан Әбуов «Қайсар» футбол командасының бастығы: «Бізде футбол мектебі түгіл, базамыз талапқа сай емес»

23.11.2012, 17:48
Нұрлан Әбуов «Қайсар» футбол командасының бастығы: «Бізде футбол мектебі түгіл, базамыз талапқа сай емес»

Нұрлан Әбуов «Қайсар» футбол командасының бастығыҚазақстан премьер-лигасының ХХІ маусымы да өз мәресіне жетті. Қызылорданың «Қайсар» футбол командасы 9-орынға табан тіреп, премьер-лигада өз орнын сақтап қалғанымен, команданың айналасында шешімін таппай жүрген дау-дамай мәселелер ел аузында көп айтылып жүр. Осыған орай, Сыр елінің жалғыз командасының жай-күйін білу үшін команда бастығы Нұрлан Әнтешұлы Әбуовпен әңгіме құрған болатынбыз.

 - Нұрлан Әнтешұлы, маусымның басында «Қайсар» алғашқы бес ойын қатарынан жеңіліп, сүреңсіз бастағанына қарамастан, командаға қайта келуіңізге не себеп болды?   - Өзіңіз айтып өткендей биылғы маусымның басында «Қайсар» өте қиын жағдайға тап болды. Тығырықтан шығатын жол іздеген облыс басшылары менің командаға қайта оралуымды сұрады. Өзімнің бұл саладағы тәжірибеме және командаға жанашыр адам ретінде командаға қолымнан келгенше көмегімді беруге келістім. Командада ең бірінші мәселе футболшыларды психологиялық тұрғыда дайындау қиынға соқты. Менің қызметім тікелей команданың жай-күйіне жауап беру болды. Ал бас бапкер Владимир Андреевич Никитенко футболшылардың ойын үлгісі мен тактикалық жағынан өзгертулер енгізсе, біз командаға керек жағдайдың барлығын жасауды мойнымызға алдық. - Жалпы командадағы жұмысыңызға өз есебіңізді берсеңіз? - Жалпы біріншіліктің бірінші айналымынан кейін, трансферлік терезенің ашылуына байланысты, жақсы ойыншылар табу басты жұмысымыз болды. Азғантай уақыттың ішінде шақырылған футболшылардың деңгейін білу қиын шаруа, бірақ тәуекелге бел буып, олардың еңбек кітапшаларына, бұрынғы ойындарын видеодан көру арқылы бір шешімге тоқталуымызға тура келді. Мысалы, Марьян Марковичпен 3-ақ күнде келісім-шартқа отырдық. Өйткені «Динамо» Киев, сербиялық «Црвена Звезда» клубтарында өнер көрсетіп, сол елдердің бірнеше мәрте чемпионы атанған және де чемпиондар лигасында да ойнаған тәжірибесі бар футболшы. Абделькарим Фахтали де бізге жұмбақ футболшы болған, бірақ командамен өткізген жаттығуларына қарап, бұрынғы ойындарын видеодан көріп келісім-шартқа отырдық. Жаман болған жоқ, Абделькарим командаға көп пайдасын тигізді, тіпті аз уақыттың ішінде қызылордалық жанкүйерлердің сүйікті ойыншыларының біріне айналды. Ал Боян Мамичке келсек, 3 доп соғып, 3 нәтижелі пастың авторы атанды. Дмитрий Пархачев та Қазақстанда өзін көрсете білген ойыншылардың бірі, оның да командадағы еңбегі зор. Сонымен қоса, сербиялық қақпашы Неманья Джоджоның шеберлігінің арқасында ұпай алған ойындарымыз да болды. Ол екінші айналымның сегіз ойынында өзінің қақпасына голдан аман алып қалған. Бұл – қақпашы үшін өте үлкен нәтиже. Сондықтан ең алдымен командадағы барлық жігіттерге үлкен алғысымды білдіремін, қиындықтарға мойынсұнбай, бір жанұяның мүшелері секілді бір-біріне қолдау көрсетіп, жасыл алаңда барын салды. Оларға ризашылығым шексіз. - Жалпы облыстың жоғарғы басшыларынан толыққанды қаржылай көмек көрсетілді ме? - Клубтың қаржы мәселесін мен білмеймін. Менің келісім-шарт бойынша міндетім команданың қасында болып, дайындық жұмыстарына барлық жағдайды жасау болды. - Маусымның орта тұсынан бастап футболшылар жалақы алмағаны рас па? - Бұл сұрағыңызға толыққанды жауап бере алмаймын. Бірақ жалақы беруде кешіктірілулер болды, несін жасырайын ондай мәселе тек біздің клубта ғана емес, басқа командаларда да бар. - Біздің клубтың базасына сыртынан қарасаңыз, ешкімнің қарауынсыз қалған, тастап кеткен ғимаратқа ұқсайды, ал осы базаның инфрақұрылымы қаншалықты стандартқа сай және оған көңіліңіз тола ма? - Бұл біздің клубтың шешімін таппай тұрған ең ауыр мәселесі. Базамыз сырты түгіл, ішінің өзі де бірде бір стандартқа сай емес. Шынын айту керек, шет елден келген Марьян Маркович пен Абделькарим Фахтали ең бірінші рет біздің базаны көріп жағасын ұстап, талып қала жаздады. Енді қайтеміз мүмкіндігіміз болмаса, бұл мәселе талай жерде айтылды, бірақ құлақ асқан адам жоқ. Базада 30 адам тұратын болса, барлығына төрт жуынатын жер мен әжетхана бар. Тіпті, айта берсең кемшілік көп, қарап тұрып өзің ұяласың. - Жалпы клубтың жаңадан база салу жоспарында бар ма? - Болашақта қаладан 15-20 км. жерде орналасқан Ақжарма (бұрынғы МИС) ауылында жаңадан база салу жоспарда бар көрінеді. Бірақ оның қашан жүзеге асатыны белгісіз. Ал Қазақстан футбол федерациясының жылдан жылға талаптары күшейіп келе жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Болашақта әр клубтың өз футбол-мектебі болуы тиіс деп жатыр. Ал бізде мектеп түгілі, базамыз талапқа сай емес. Дәл осылай қала беретін болса, премьер-лигадан алып тастауы да ғажап емес. Өйткені талап бәріне бірдей. Сондықтан осы мәселе бойынша жоғарғы басшылар қол ұшын созып, дер кезінде көмегін тигізсе екен деймін. - Ғани Мұратбаев атындағы Орталық алаңның жағдайы да айтарлықтай мәз емес, жаңадан көк төсеуді талап етіп тұрғанына да бірнеше жылдың көлемі болды, осы мәселеге қаржы бөлу туралы ұсыныстар айтылды ма? - Иә, Орталық алаңның жағдайы сын көтермей тұр. Қызылордаға келген командалардың барлығы көгалдың нашарлығын айтып ҚФФ арызданып болды. Олар бір ойын ойнап, жылап-сықтап кетсе, біздің футболшылардың шықпаған жаны олар сол алаңда күнде жаттығу жұмыстарын жүргізді. Содан кейін де алаңның нашар жағдайынан біріншілік барысында жарақат алып қалған футболшылар көп болды. Жай ғана мысал көгалды күтіп ұстау үшін заман талабына сай арнайы машина, су шашатын құрылғылар болуы тиіс, ал бізде ондай жоқ. Барлығын қолмен, арбамен істейді, одан жұмыс та өнбейді ғой. - Биыл команданың қосалқы құрам ойыншылары соңғы турға дейін жоғарғы нәтиже көрсетуге ұмтылғаны көңіл қуантады. Ал өзінің ағаларынан тәуір нәтиже көрсеткен осы жастарымызға қандай қолдау көрсетіп, оларға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? - Құдайға шүкір, Сыр елі қазақ футболына көптеген футболшылардың есімін сыйлаған өңір. Бірақ, осы жастарымыздың барлығы дерлік бірінші командада ойнап кетуі сирек кездесіп жатады. Неге десеңіз, өйткені оларға да маусымның басында шет елде оқу-жаттығу жұмыстары мен көптеген жолдастық кездесулер ұйымдастырылса, шеберліктері шыңдалып, өздеріне сенімділік пайда болып, жақсы нәтижеге қол жеткізер еді. Және де қазіргідей бір ғана жаттықтырушы емес, кем дегенде үш-төрт бапкер болуы керек. Өкінішке орай, қаржының барлығы негізгі құрамға жұмсалып, қосалқы құрамға ондай дайындық өткізуге жылда қаражат жетпей жатады. Бірінші айналымда жас қайсарлықтар да көп сүрініп жүрді. Негізгі командаға Владимир Никитенко бас бапкер болып келгеннен кейін, ол қосалқы команданың белді ойыншыларын негізгі құрамның футболшыларымен бірге жаттығу жұмыстарына қосып, жас футболшылардың өздеріне деген сенімділіктерін нығайта түсті. Оларға бұл жаттығулардың көп пайдасы тиді. Екінші айналымда өте жақсы нәтиже көрсетіп, маусымның соңында 6 орынға қол жеткізді. - Команда биылғы маусымда өнер көрсеткен футболшыларын сақтап қала ала ма, әлде қош айтысқан футболшылар бар ма? - Бұл мәселені бас бапкердің өзі шешетін болады. Бапкердің қойған талабына жауап беріп жатса, әрине ол ойыншыны командада ұстап қалуға тырысамыз. Біз бір футболшымен 3-4 жылға келісім-шартқа отыра алмаймыз, өйткені команданың қаржы мәселесі тұрақты емес. Сондықтан қандай футболшы болса да, бір маусымға келісім-шарт жасаймыз. - ҚФФ ендігі жылы алаңда міндетті түрде өнер көрсететін жас ойыншы мен легионерлерге қандай шектеу қойып отыр? - Жақында ҚФФ-ның жаңа талаптарына сай алаңда өнер көрсететін жас футболшының туылған жылы 1992 жылдан үлкен болмау керек десе, сырттан келетін легионерлердің жасы 29-дан үлкен болмауы тиіс деп бекітілген. Осы талаптарға байланысты биылғы команданың көшбасшы ойыншысы Градомир Црнограц келесі маусымда өнер көрсете алмайтын секілді. - Владимир Никитенко келесі маусымда «Қайсарға» бапкерлік етеді ме? Немесе қандай өзгерістер болуы мүмкін? - Бұл сұрақ маған емес, жоғарғы басшыларға қойылуы тиіс. Тіпті менің келісім-шартым осы маусымның аяғында бітеді. Командада кімнің қалып, кімнің кететінін жоғарғы басшылардың өздері шешеді. - Қызылордалық жанкүйерлерге өз лебізіңізді білдірсеңіз?

- Қызылордалық жанкүйерлерге айтатыным, «Қайсар» әрқашан халықтың командасы болған, бола береді де. Команданың қиындықтарына қарамастан, стадионға келіп, қолдау білдіріп, жеңісіне бірге қуанған қызылордалық жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Сыр елінің халқы қай кезде болмасын, үлкен футболдан шет қалмауы керек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Әділбек ЖАҚАНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
Еуропа лигасы
Серіктес жаңалықтары
×