«Ордабасы» бапкерін ауыстырып үлгерді

30.03.2011, 19:05
«Ордабасы» бапкерін ауыстырып үлгерді
Қазақстан футбол маусымының басталғаны жаңа ғана, бірақ қазірдің өзінде бас бапкерін ауыстырып үлгерген команданың есімі белгілі болды. Биыл бас жаттықтырушысын бірінші болып алмастырған команда – «Ордабасы». Үш ойында үш ұпай жинаған шымкенттік ұжым бір мәрте жеңіп, екеуінде жеңіліп қалыпты. Кеш боп кетпей тұрып өзгеріс енгізуді ойласа керек, клуб басшылығы Белоруссия тандэмі Владимир Белявский мен Анатолий Юрьевичтің орнына молдовалық Виктор Пасульконы шақыртуды жөн деп тапты. Айта кетейік, Пасулько былтыр Қазақстан чемпионатында қызмет атқарып, «Атырауды» жаттықтырды. Алайда Еуропа лигасындағы сүреңсіз ойын­дардан кейін команданы тастап кетуге мәжбүр болған. Соңғы кездері жұмыссыз жүрген бұл бапкер Қазақстан жастар құрамасын жаттықтыратыны туралы сыбыс ауыздан-ауызға тарап кеткен еді, міне, бұл сыбыс жай ғана өсек болып қалатын сияқты. Бәрінен де «Ордабасы» басшылығының шешімі түсініксіздеу болып отыр. Өткен жылдың басында «Ордабасыны» отбасылық жағдайын сылтауратып тастап кеткен Анатолий Юрьевичтің сол қылығын кешіріп, клубқа қайта шақыртты. Сөйтті де, үш турдан кейін белорус маманын жұмыстан шығарып жіберді. Бәлкім, өткен жылғы қылығы үшін кек қайтарды ма екен? Автор: Арсен Жанаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×