«ОРДАБАСЫ»: ЖАҢА МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ

22.01.2012, 00:17
«ОРДАБАСЫ»: ЖАҢА МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ

Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын Шымкенттiң  «Ордабасы» командасы Түркияның Анталья қаласында оқу-жаттығу ойындарын өткiзiп жүр. Жуырда жерлестерiмiз Украинаның «Александрия» командасымен кездесiп 3:1 есебiмен ұтты. Бұл ойында А.Трайкович пен А.Карпович және Леонардо бiр-бiр голдан соқты. Биыл шымкенттiктер Еуропа лигасында ел намысын қорғайды. Сондықтан Қазақстан кубогiнiң иегерлерi құрамын жаңа ойыншылармен толықтыруға шындап кiрiскен сыңайлы. Былтыр «Астана» командасында өнер көрсеткен  елiмiздегi ең таңдаулы жартылай қорғаушылардың бiрi А.Карпович пен танымал футболшы Р.Пахолюк бүгiнде «Ордабасы» сапында сынақта жүр. Сондай-ақ Тунис елiнен келген М.Арури мен бразилиялық Леонардо да таяу күндерi шымкенттiк клубқа қабылданады деп күтiлуде.  Бұл ойыншылардың бәрi бас бапкер Виктор Пасульконың жiтi қадағалауында. «Ордабасы» клубының президентi Қайсар Әбдiрайымовтың айтуынша, өткен маусымдағы негiзгi құрам сақталып, оған қосымша 6-7 мықты ойыншы тартылмақ. Түркиядағы жаттығу жиынынан соң команданың  құрамы жасақталады. Ал, былтыр жақсы өнерiмен көзге түскен А.Нұрғалиев   «Жетiсу», В.Евстигнеев «Ақтөбе» командасына кеттi. Қорғаушы М.Мұхтаров «Астанаға» ауысуы мүмкiн. Жаңа маусымға тыңғылықты дайындықпен бару үшiн «Ордабасы» командасы Шешенстанның бұрынғы президентi Ахмат Кадыровты еске түсiруге арналған халықаралық жарысқа қатысады. 28 қаңтар – 3 ақпан аралығында Антальяда өтетiн бұл байрақты бәсекеге «Рапид» (Румыния), Бюлис (Албания), «Металлист» (Украина), Полония (Польша), «Нефтчи» (Әзiрбайжан), «Ордабасы» (Қазақстан), Пахтакор (Өзбекстан) және «Терек» (Ресей ) командалары қатысады. Екi топтың жеңiмпаздары финалға шығып, өзара мықтыларды анықтайды. Бас жүлдеге 100 мың АҚШ доллары тiгiлiп отыр. Жарысқа УЕФА президентi М.Платини мен  Ресей футбол федерациясының президентi С.Фурсенко келедi деп күтiлуде. Жоғарыда аталған мықтылармен шеберлiк байқасу «Ордабасы» үшiн өте пайдалы болатыны анық.  

Ғабит Сапарбеков

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×