«Ордабасының» бас бапкері: біздің командамыз жақсы және оны одан ары шыңдауға тырысамыз

12.05.2025, 12:57

«Ордабасының» бас бапкері Андрей Мартин «Қайсарға» қарсы болған бәсеке жайлы ой-пікірін айтып, шымкенттік ұжымның мақсаттарымен бөлісті.

«Ордабасының» бас бапкері: біздің командамыз жақсы және оны одан ары шыңдауға тырысамыз
Андрей Мартин

Айта кетейік, өткен демалыста молдовалық маман жаттықтыратын шымкенттік команда өз алаңында «Қайсарды» 5:0-мен қапы қалдырып, сенімді жеңіске жетті.

«Біз дәл қазір ойынға кім дайын, соны шығарамыз. Бізде легионер мен жергілікті футболшылар деп бөліну жоқ – маған барлығы бірдей. Мен үшін барлық футболшы – «Ордабасы» клубының ойыншысы.

Жақсы күндерде де, жаман күндерде де бірге болуымыз керек. Өйткені, барлығы күшті кезде бір болу оңай – есеп 5:0, барлығы қуанышты. Алайда, отбасындағы күрделі кезеңде күйеуі мен әйелі ұрсыспайды ғой, керісінше бір-бірін қолдайды. Командада да солай – оны қиын сәттерде де қолдай білу керек. Әрдайым қасынан табылу қажет. Сол кезде команда да қуантады.

Жігіттер, жауапкершілік жүгін түсінеді, олар өздері үшін ғана емес, қала мен жанкүйерлер үшін ойнайды. Біздің командамыз жақсы және оны одан ары шыңдауға тырысамыз. Бірақ оған уақыт керек», - деді молдовалық маман.

Премьер-лиганың 8 турынан кейін «Ордабасы» 14 ұпаймен 6-орынға көтерілді. Шымкенттік клуб келесі кездесуін 14-мамырда «Қайратқа» қарсы өткізбек.    

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×