Орындалмаған арман

04.03.2011, 17:31
Орындалмаған арман

Үлкен спорттан қол үзген бразилиялық футболшы Роналдо Еуропаның ең iрi турнирi саналатын Чемпиондар лигасы мен Олимпиада ойындарының жеңiмпазы атағына қол жеткiзе алмағанын естiп-бiлдiм. Расымен де әлемнiң ең үздiк футболшысы бұл атақтарды бағындыра алмады ма? 

Жақында оңтүстiкқазақстандық жас оқырманымыз “Жас Алаш” газетiнiң редакциясына осындай хат жолдапты. Асқар Исабекұлына айтарымыз мынау: Расымен де, әлемнiң ең үздiк футболшысы Роналдоның қоржынында Еуропаның ең iрi турнирi Чемпиондар лигасының бас жүлдесi мен Олимпиада ойындарының жеңiмпазы деген атақ жоқ. Қалған атақтың барлығына дерлiк қол жеткiзген Роналдо 1996 жылы Атланта Олимпадасына қатысып, қола жүлде жеңiп алды. Ол кезде Роналдоның жасы небары он тоғызда болатын. Оның үстiне Олимпиада қарсаңында бразилиялық футболшы жарақатына ота жасатты. Дене тәрбиесi жағынан тым әлсiздеу болса да, сол кездегi Бразилияның олимпиялық құрамасының бапкерi “қасқатiстiң” жейдесiне он сегiзiншi нөмiрдi тағып, командаға қосты. Бразилияның олимпиялық құрамасы алғашқы ойында Жапония футболшыларынан 0:1 есебiмен ұтылғандарына қарамастан, жартылай финалға дейiн жеттi. Жартылай финалда Бразилия футболшылары болашақ Олимпиада чемпиондары Нигериядан 3:4 есебiмен (қосымша уақытта) ұтылып қалды. Бразилия дәл осы Нигериямен топтық ойында кездесiп, 1:0 есебiмен ұтқан-ды. Қола медаль үшiн болған ойында бразилиялықтар Португалияның олимпиялық құрамасын 5:0 есебiмен жайратып салды. Ал Роналдо Бразилияның сапындағы ең үздiк ойыншылардың бiрi атанып қана қоймай, бес доптың да авторы атанды. Чемпиондар лигасының ойындарында да Роналдо бас жүлдеге ие бола алмады. Мәселен, Еуропа футболына аяқ басқан жылдары Роналдо ең алдымен Голландияның ПСВ клубымен Испанияның “Барселонасында” өнер көрсеттi. 1996-97 жылғы футбол маусымында Бобби Робсонның көмегiмен “Барселона” футболшылары Еуропаның кубок иелерiнiң кубогында жеңiске жеттi. Дәл осы турнирдiң финалында “Барселона” Францияның “ПСЖ” клубын 1:0 есебiмен жеңдi. Ал Роналдо сол ойында соғылған жалғыз голдың авторы атанды. Келесi маусымда Италияның “Интерiнiң” намысын қорғаған Роналдо бара салысымен УЕФА кубогын жеңiп алды. Италияның “Интерi” мен Мадридтiң “Реалында” табаны күректей он жыл жүрсе де, Роналдоға Чемпиондар лигасының бас жүлдесi бiр бұйырмай-ақ қойды. 2002-03 жылғы Чемпиондар лигасының додасында “Реал” финалға шығуға жақын тұр едi. Ширек финалда Англияның “Манчестер Юнайтед” клубымен жартылай финалдық жолдаманы сарапқа салған Роналдоның командасы өз алаңында өткен ойында 3:1 есебiмен жеңiске жетiп, қарымта ойында 3:4 есебiмен жеңiлiп қалды. Ағылшындардың алаңында өткен қарымта ойында Роналдо үш допты да өзi соқты. Осылайша, ағылшындардан айласын асырып, жартылай финалға өткен мадридтiк клубты Туриннiң “Ювентусы” тоқтатты. Итальяндықтармен өткен бiрiншi ойында бiр доп соққан Роналдо жарақатына байланысты келесi ойында ойнаған жоқ. Қарымта кездесуде “Реалдан” айласын асырған “Ювентус” “Реалды” орта жолда қалдырып, финалға шықты. Бiр қызығы, “Реал” футболшылары содан берi жетi бiрдей Чемпиондар лигасын басынан өткiзсе де, жартылай финалға әлi бiрде-бiр рет шыққан емес. Роналдоның жүрiп өткен жолына қарайтын болсақ, бразилиялық футболшы 2006-07 жылғы маусымда, дәлiрек айтсақ, 2007 жылдың қаңтар айында “Милан” клубына келдi. Дәл сол жылдың көктемiнде миландық футболшылар Чемпиондар лигасында топ жарған-ды. Алайда Роналдо командаға жылдың басында келгендiктен Чемпиондар лигасына қатысатын “миландық” футболшылардың тiзiмiне қосыла алмады. Оның үстiне “Милан” мен “Реал” клубының басшылары Роналдоның мәселесiне байланысты ортақ келiсiмге келе алмай, бiраз уақытты өткiзiп алды. Осылайша, әлемнiң ұлы футболшыларының қатарынан орын алатын “қасқатiс” Роналдо көптеген жүлделердi қанжығасына байласа да, Чемпиондар лигасының бас жүлдесiнен құр қалды. Бұл туралы Роналдо бiр кездерi былай деген: “Еуропада доп тепкен жылдарым – менiң бақытты кездерiмнiң бiрi. Еуропаның Чемпиондар лигасының кубогын төбеме көтеру арманым едi. Өкiнiшке қарай, ол арманым орындалмайтын сияқты...”. Бұл сөздi кезiнде Роналдо “Миланнан” бразилиялық “Коринтиансқа” ауысып бара жатқан кезiнде айтқан едi. Амал не? Роналдоның арманы орындалмады. Бәлкiм тағдырдың жазуы солай да шығар. Роналдоның жеткен жетiстiктерi Әлемнiң 2 дүркiн чемпионы (1994, 2002); Әлем бiрiншiлiгiнiң күмiс жүлдегерi (1998); Оңтүстiк Американың екi дүркiн жеңiмпазы (1997, 1999); 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қола жүлдегерi; УЕФА кубогының иегерi (1997/98); Кубок иелерiнiң кубогының жеңiмпазы (1996/1997); Голландия кубогының иегерi (1995/1996); Испания чемпионы (2002/03); Құрлықаралық кубоктың жеңiмпазы (2002); УЕФА Суперкубогының иесi (2002, 2007); Әлемнiң үш дүркiн үздiк ойыншысы (1996, 1997, 2002); Еуропаның ең үздiк ойыншысы (1997, 2002); 1998 жылғы әлем бiрiншiлiгiнiң ең үздiк ойыншысы; 2002 жылғы әлем бiрiншiлiгiнiң сұрмергенi (8 доп); Әлем бiрiншiлiгiнде ең көп доп соққан футболшы (15 доп);

Асқар Исабекұлы, Шымкент қаласы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×