Отандық футболды жемқорлық жайлаған ба?

02.02.2021, 22:50
Елімізде жеке меншік клубтардың болмауы қазақ футболына кері әсерін тигізуде.
Отандық футболды жемқорлық жайлаған ба?

Cыбайлас жем­­­қор­лықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар өзекті мәсе­ле­ге айналып отыр. Әсіресе, спорт­тағы, оның ішінде қазақ футболындағы жемқорлыққа қатысты оқиғалар тыйы­лар емес. Осы орай­да, «Футболдағы жемқорлықты қа­лай жеңуге болады?», «ҚФФ жем­қорлыққа қарсы шара қолданып жатыр ма?» деген сауал туындайды.

Негізі, біздің біріншілікте жемқорлыққа қатысты дау-дамай­ларға «Астана», «Қайрат», «Ақтө­бе», «Атырау», «Ертіс» клуб­тары бір емес, бірнеше рет ұрынды. Оның бәріне де клуб басшылығының тікелей қатысы бар. Атап айтқанда, 2015 жылы «Аты­рау» футбол клубының экс-бас­шы­сы 7 жылға сотталды. Клубты 2011-2013 жылдар аралығында басқарған басшыға облыстық бюджеттен бөлінген миллиондаған теңгені жым­қыр­ды деген айып тағылды. Соны­мен қатар сот Үмбетәлиевтен мемлекетке кел­тір­ген шығыны үшін 25 миллион 617 мың 526 теңге өндіріп алу және оның 768 526 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеу туралы шешім шы­ғарды. 2016 жылы «Ақтөбе» фут­бол клубының ди­рек­торы Дмитрий Васильев те 300 мил­лион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айып­тал­ды. Бұл туралы Сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы күрес бойын­ша ұлт­тық бюроның баспасөз қыз­меті мә­лімдеді. «Ақтөбе» фут­бол клу­бына жетекшілік еткен кезінде бюд­жеттің 240 миллион теңгесін талан-таражға салды» деп айып­талған Дмитрий Ва­силь­ев 2016 жылы 8 қараша күні ұсталған еді. Сол кезде оған Қыл­мыстық ко­дек­стің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша айып тағыл­ған. 2016 жылғы 11 қара­шадан бері үйқамақта отыр­ған «Ақтөбенің» экс-директоры 2017 жылы 26 мамыр күні сот залынан қамауға алынған. Кейін екі айдан соң Дмитрий Васи­льев­тің бостан­дыққа шыққаны хабарланды. Адвокат Күләш Маньконың мәлім­етінше, Дмитрий Васильев­тің жазасы 7 жыл бас бостан­дығын шек­теу жазасымен алмас­тырылған. Ал 2018 жылы 13 ақпан күні Жо­ғарғы сот «Ақтөбе» клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильевті ақтап шық­қаны белгілі болды.

Одан бөлек, павлодарлық клуб­тың жабылуы, «Атырау» ко­ман­­дасының қаржы дағдарысына ұшырап, бірінші ли­гаға кеткені де біраз уақыт көп­тің талқысына түсті. Бұдан бөлек, Қазақстанда дегионер­лерді шақыртуда да «заң­ды белден басу» көріністері жиі бай­қалып жүр. Бұл туралы бір кез­дері ҚФФ президенті қыз­метін атқарған Ерлан Қожағапановтың айтқаны бар.

– Балқаннан немесе Африкадан келген легионерлердің кейінірек Қазақстандағы күн­дерін аңсап, сұхбат беретіні ұнамайды. Тілшілер неліктен мұн­дай та­қырып­та сұхбаттасады? Өйткені Қазақстанда легионер­лерге көп жалақы берілетінін бәрі біледі. Қазақстан чемпионатында 70 мың еуро жалақы алған ойыншылар бүгінде өзге чемпионаттардың екін­­ші лига­сында 9 мың еуро үшін ойнап жүр. Демек, олардың лайық­ты құны сол 9 мың еуро де­ген сөз. Не­ліктен ол біздің чем­пионатта 70 мың еуро алады? Мұ­­­ның бір ғана жауабы бар, ол – жем­қорлық. Дегенмен бұл бы­лыққа енді құқық қорғау орган­дарының мамандары нүкте қояды,– де­ген еді.

Алайда бұл мәселемен әлі де кү­ресіп келеміз. 2015 жылы «Ақ­төбе» футбол клубындағы мына бір атышулы оқиға халықты елең еткізіп, спорт бас­шы­ларының «шарадай басын шақшадай қыл­ғаны» бар. Сол кездегі облыс әкімі «Ақтөбе» сапындағы ойыншы­лардың жалақысын көпшілікке жариялады. Команда сапындағы легионерлер Данило Сирино – 57 мың еуро, Андерсон Сантана – 61 мың доллар, Данило Неко – 67 мың еуро, Маркос Пизел­лидің 75 мың доллар жала­қы алатыны белгілі болды. Бұл – бір оқиға. Одан бөлек, бір кездері афри­калық Jeune Afrique жур­налы да «Қайраттың» бұрынғы шабуыл­шысының айлық жала­қысы 165 мың еуро екенін жаз­ған. Яғни, алматылық «Қайрат­тың» футбол­шысы сол уақытта «Реал», «Ливер­пуль», «Ювентус» және «Тоттен­хэм» секілді командалардың ойыншылары­нан да көп жалақы алған. Ел футболында мұндай көп соманың жүруі клуб басшыларына да жақсы екенін айтты Ербол Қайыров.

– Қазақстан клубтарының басшылары көптеген агенттермен тығыз байланыс орнат­қан. Тек сол агенттердің футбол­шыларын алып, қаражатты өзара бөліседі. Әрине, басқа да жағдай көп. Мыса­лы, фут­болшының жала­қысы­ның ба­сым бөлігін клуб өкілдері өзіне алады. Ал өткен жылы бір клу­бтың басшылары ойыншыларға ірі көлемдегі со­маны карточкаларына жіберіп, қалған ақша­ны өздері алған. Оқу-жаттығу жиындарын өткізгенде де қаралымда жүрген футбол­шы­лар­ды клубқа ұсынған адам­дармен алдын ала келісім жүреді,– деген ойын жеткізді спорт журналисі.

Расымен, осыған ұқсас жайттар футболымыздың дамуына үл­кен кедергі келтіріп отыр. Төрешілердің де матч кезінде әділ төре­лік етпейтіні, ақшаға сатылатыны жайында түрлі қауесет бар. Бұл жайсыз жағдайға Қазақ­стан футбол феде­рация­сының бас хатшысы Аза­мат Айт­қожин бы­лайша жауап берген.

– Қазақстан футбол федерациясы төрешілер арасында жемқорлықтың болмауын қада­ғалап отыр. Осы жағдай бо­йын­ша бірнеше футбол төрешісін қыз­метінен шеттеткен болатынбыз. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады. Тағы қосарым, федерация мен құқық қорғау органдары арасында мемо­ран­думға қол қойыл­ған. Жемқорлыққа қатысы бар төрешіні анықтап, қылмыстық іс қозғатуға дейін барамыз, – деп ашық айтты бас хатшы бір сұх­батында. Ол, сонымен қатар Үкі­мет қаржы­сын жымқырып отыр­ған клуб басшылары мен спорттық директорларға қарсы күрес жүр­гізу жөнінде  қысқаша тоқталған болатын.

футбол

– Қазақстан футболына байланысты мәселенің бәрі фе­де­рация­ға да қатысты. Бірақ фут­бол клубтарын тексеруге, олардың жеке ісіне араласуға құзырымыз жеткіліксіз. ҚФФ-ның Лицензиялау департаменті клуб­тардың жұмысшылар алдында қарызы болмауын, са­лықты уақытылы төлеуін, жа­лақының кешік­тірілмеуін және толық мөлшерде төлеуін қада­ғалап отырады. Қажет жағдайда жергілікті құқық қорғау орган­дары және әкімдіктермен байланысқа шығып, бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан футбол фе­дерациясы әрқашан таза және ымырасыз футболды қолдайды,– дейді белгілі спорт маманы.

Осы мәселе бойынша 2018 жылы Қазақстан футбол фе­де­рациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің клуб басшылары мен төрешілеріне қатаң ескерту жасағаныны да бар.

– Бірден айтайын, бұл – фе­дерацияның ұстанымы, барлық атқарушы комитеттің ұстанымы. Сондықтан клуб басшыларына айтарым, біз өзара келісілген матчтармен күресетін боламыз. Ертең арыз-шағым, жанжал болмасын, келісілген матч анық­талса, ол адамның жасаған ең­бегіне және басқа да жетістіктеріне қа­рамай­мыз, қатаң жаза қолдана­мыз. Әділетсіз судья­лар да бар. Олар боп­салаумен айналысатын шығар. Ондай әрекеттерді бірден анықтап, жауапты адамдарды жазалауымыз қажет. Аталған фак­тор отандық футболдың дамуына кері әсерін тигізеді. Реніш бол­масын, нақты дәлел болса, комис­сия қатаң шара қолданатын бола­ды, – деді Әділбек Рыскелдіұлы.

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, «Ақтө­бенің» аңыз ойыншысы Самат Смақов ел футболындағы жем­қорлық туралы YouТube желісін­дегі ER-BATYR жоба­сында айтты. Ол кәсіби ман­сабында бірде-бір рет келісілген матчқа қатыс­пағанын, алайда көптеген ұсы­ныстар түскенін жасырмады. «Ақ­тө­бе» демекші, «Ақтөбе» клу­бында келісілген ойын­ға қатысқан дубль ойын­шысы жазаланғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл туралы танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен еске салды.

– Бір жылдары «Ақтөбе» фут­бол клубының ойыншысы ке­лісілген ойынға қатысы бар деген айыппен жазаланды. Одан өзге де бірқатар келісілген ойын­­дар бар ғой. Бірақ еш­қай­сы­сы дәлелденген жоқ. Қазақ­стан Премьер лигасында чем­пионаттың соңына таман күмән­ді кездесулердің болатыны анық. Осы ретте айта кете­йін, біздің Еуропадан бір ерек­ше­лігіміз, Қазақстан аума­ғын­дағы ойындарға берілетін коэф­­фи­циенттер өте төмен бо­лады. Мысалы, букмекерлік кең­селер­дегі максималды бәс 60 мың теңгеден аспайды. Кейбір Фонбет секілді букмекерлік кеңселерде 150-200 мың теңгеге дейін бәс тігу­ге болады. Яғни, сіз біріншіліктегі командалар­дың ойы­нына 200 мың теңгеден артық бәс тіге алмайсыз. Ұтысқа кенелсеңіз ары кеткенде 1 мил­лион теңгедей алуыңыз мүмкін. Ол ақшаға ко­мандалар не үшін келіседі? Олар­дың жалақысы онсыз да көп. Ал Италияда, ке­рісінше миллиондап бәс тігеді. Сөйтіп, пайда табады. Сондықтан келісілген ойындар көп өтеді ол жақта. Ал бізде бук­мекерлік кеңселердің тұр­ғысынан келісілген ойындар жоқ десе де болады, – дейді спорт коммен­таторы.

Иә, әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футболда былық болмауы тиіс еді. Бірақ шетелде де, біздің елде де мұндай келеңсіз жағ­дайлар жетіп-артылады. Қазақстан футболындағы жемқорлықтың басты себебі,  клубтардың бюджеттен қаржыландыруына байланысты тәрізді. Бәлкім, футбол клубтарын жеке инвесторлар қаржыландырса мұндай келеңсіздік болмас па еді, кім білсін?!

Абылайхан Жұмаш

Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×