Парижден Венаға дейін

18.04.2012, 19:23
Парижден  Венаға дейін

І бөлім

Төрткүл дүние көз тігіп отырған Еуропа чемпионатына да, небәрі 50-ден аса күннің жүзі ғана қалды. Бүгінгі күндері Польша мен Украина бұл аламанды өткізуге сақадай сай екені де мәлім. Сонау 1960 жылы Парижден бастау алған доданың жүріп өткен жолы мен артына қалдырған соқпағы да өз атағына лайықты. Ендеше сол соқпаққа көзді салып, әр чемпионаттың рекордтары мен тарихына саяхат жасауға бірге аттанайық.

    Еуропа чемпионаты-Еуропадағы ұлттық құрамалар қатысатын дода. Тарихы да тереңнен тамыр алады. Ең алғаш бұл чемпионатты ұйымдастыру туралы негізгі ойды тастаған, француз футбол федерациясының хатшысы Анри Делон болатын. Оның бұл ойын италиялық Оттарино Барасси қолдап, 1951 жылы ФИФА-ның кезекті жиналысында өз жоспарымен бірге ұсынған болатын. Алайда бұл жоспар қолдау көрмеді. Араға 3 жыл салып, 1954 жылы Басарри басшылығымен Базель қаласында өткен конференцияда көптеген елдердің футбол федерациясының басшыларының басқосуы өтіп, жарыс туралы пікірлер сарапқа салынды. 1954 жылдың қазанында Копенгагенде, 1955 жылы Венада, 1956 жылы Лиссабонда жарыс жолы туралы жоспарлар талқыланды. Жоспар құрушы комиссия құрамы екі рет ауыстырылып, 1957 жылы ақыры бір тоқтамға келіп, өз жұмысын аяқтады. Осы жылдың 27 наурызында Кельн қаласында «Еуропа чемпионатының кубогы» деген атпен жоспар қабылданған болатын. Алайда 28 маусымда Копенгагенде болған басқосуда Бельгия, Италия, Голландия, ФРГ және Британия делегациялары бұл чемпионаттың ұйымдастырылуына қарсы болды.

     1958 жылы Еуропа чемпионатын өткізу, өткізбеу туралы сайлау болып өтті. Бұл сында жарысты ұйымдастырушылар 15-7 есебімен жеңіске жетті. Араға 2 күн салып Стокгольмдегі «Форест» қонақүйінде алғашқы жеребе тартылды. Бұған 33 мемлекеттен 17 ұлттық құрама қатысуға ниет білдіріп, жарыс жолына шықты. 1960 жылы Францияда өтетін «Халықаралық Еуропа кубогына» 4 командаға жолдама берілетін болып шешілген болатын, және осы жолдама үшін ұлттық құрамалар тартысын бастап та кетті.

    Еуропа чемпионатының ең алғашқы ойыны СССР мен Венгрия ұлттық құрамаларының арасында басталды. «Лужники» стадионына 102 мың жанкүйер жиналып, сүйікті командасына қолдау көрсетті. Міне, осы матчта алғашқы гол ойынның 4-ші минутында соғылды, авторы-спартактық Ильин болды. Ойын СССР құрамасының еншісіне жазылып 3:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша чемпионатка іріктеу де басталып кетті.

     1960 жылы 6-10 шілде аралығында Францияда өтетін «Еуропа халықтарының кубогына» 4 команда жолдама алды. Олар: СССР, Югославия, Франция, Чехославакия ұлттық құрамалары.

EURO 1960

     Өз жалауын биікке көтерген жарыстың жартылай финалында СССР ұлттық құрама командасы Чехославакияны 3:0 есебімен жеңсе, Югославия Франция ұлттық құрамасын 5:4 есебімен қапыда қалдырды. ІІІ орын үшін болған ойында Чехославакия ұлттық құрамасы француздарды 2:0 есебімен жеңді. Ал финалда 10 шілде күні «Парк де пренс» стадионында СССР құрамасы Югославияны 2:1 нәтижесімен жеңіп, Еуропаның алғашқы чемпионы атанды.

    4 ойында барлығы 17 доп соғылып, әр матчқа орташа көрсеткіште 19740 жанкүйерден тиесілі екен.

    Ең үздік мергендер көшін 2 доптан еншісіне жазған Иванов, Понедельник (СССР), Галич, Еркович (Югославия), Отт( Франция) бастаған екен.

    Еуропа чемпионатының алғашқы кубогын жасаушы француздық зергер Мишеля Шобийон еді. Кубок аты алғаш жарысты ұйымдастырушы Анри Делон құрметіне берілді. Кубоктың биіктігі – 40 см, салмағы 2,567 кг құрады.

EURO 1964  

    Екінші «Еуропа халықтарының кубогы» 1964 жылы Испанияда өтетін болып шешілді. Оған қатысуға 29 елдің ұлттық құрамасы ниет білдірді. Жеребе кезінде бір-бірімен жолдас болған Грекия мен Алвания арасындағы ойынға, екі ел арасындағы саяси ахуалға байланысты гректер ойыннан бас тартты.

     1964 жылғы 17-21 маусымдағы Еуропа чемпионатына СССР, Испания, Венгрия, Дания ұлттық құрамалары жолдама алды. Бұлардың ішінде Испания расында да фаворит болатын, сол биігінен көріне де алды. Финалда 1960 жылғы чемпиондар СССР құрамасын 2:1 есебімен қапыда қалдырды. ІІІ орын үшін болған додада венгрлер даттарды 3:1 нәтижесімен жеңіп, өз тұғырына шықты.

    Жалпы 1964 жылғы чемпионатқа іріктеу кезінде 54 матч өткізіліп, 171 гол соғылған екен. Орташа көрсеткіш әр матчқа 3,17 тиесілі екен. Ал финалдық кезеңде барлығы 13 гол соғылған екен. Бұл алдыңғы чемпионатпен салыстырғанда 5 голға кем. Жалпы бұл кезеңнің іріктеу кезеңімен қоса алғанда сұрмерген болып даттық ойыншы-Оле Мадсен оза шығыпты (11 гол).

    21 маусымдағы финалдық матчтың билетіне «Еуропа халықтарының кубогы» және « Анри Делон» атындағы деп жазылған екен.

   Испаниядағы жарыста мергендер көшін Переда ( Испания), Бене, Новак (Венгрия) бастады.

EURO 1968

    Екі мәрте өткізілген жарыстан кейін нәтиже шығара отырып, UEFA  президенті Густав Видеркер жаңа жүйе жасауды ұйғарды. 1965 жылы қарашада Ницца қаласында қабылданған шешім бойынша, топтық жүйеде ойнауды қабылдап және аламанның атын өзгерту туралы шешім қабылданды. Осылайша жарыс жолына шыққан 31 команда 8 топқа бөлініп өнер көрсетсе, «Куропа халықтарының кубогы» деген атау «Еуропа чемпионаты-Анри Делон кубогы» деп өзгертілді. Тағы да бір басты жаңалықтың бірі – қақпашыны ауыстыруға байланысты, яғни ойын кезінде қосалқы құрамдағы қақпашы ойынға кіруге болады деген сөз.

    1966 жылы 23 ақпанда үздіктердің жеребесі тасталды. Оза шыққандардың финалы Италияда болатын болды. Ал мұндағы басты жаңалық-қонақта соғылған голдың артықшылығы мен мүмкіншілігінің мықты екенін басты назарға алды. Міне сол дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді, жалғаса да бермек.

   Қош сонымен 1968 жылғы «Еуропа чемпионатына» СССР, Италия, Англия, Югославия ұлттық құрамалары шықты.

   Алғашқы ойын Италия мен СССР құрамаларының арасында Неаполь қаласында бастау алды. СССР командасы барын салып шабуылдар ұйымдастырды. Алайда еш нәтиже шығара алмады. Ойынның қосымша уақыты аяқталуына санаулы минуттар қалғанда италяндықтар шабуылы қарқынды болып, гол соғуға жақын қалды, алайда СССР құрамасын қақпа бағанасы құтқарды. Осылайша ойын тең аяқталған. Бас төреші неміс Курт Ченшер екі команданың капитандары мен УЕФА басшысы Агустин Пухолені шақырып,жеңімпазды жеребе арқылы анықтау басталды. Міне, қызықтың «көкесі» осында болды десек те болады. Француздың он франкіне командалар бар тілегін жаудырды. Лақтырылған франк Италия құрамасын «таңдады».

   Флоренциядағы ойында Югославия құрамасы ағылшындарды 1:0 есебімен тізе бүктірді. Осылайша финалға италиялықтар мен Югославия құрамасы шықты.

   8 маусымдағы финалда Италия мен Югославия 1:1 есебімен тең түсті. Тең түскеннен кейін 10 маусымда қарымта матч өткізілетін болып шешілді. Осы ойында италиялықтар барын салып, екі доп айырмасымен алға шығып, Еуропа чемпионы атанды. Осылайша ІІІ-ші Еуропа чемпинаты тарихта қалды.

EURO 1972

   1972 жылғы Еуропа чемпионатына 32 команда қатысты. Бұл да рекордтық көрсеткіш еді. Жалғыз Исландия құрамасы қатыса алмады. Төртінші рет өткізгелі отырған дода да өз жаңалығын ала келді. Бұрынғыдай қосымша уақытта тең аяқталған ойынды «франк» тағдыры емес, 11 метрлік пенальти шешетін болды. Ойында да екі ойыншы алмастыруға рұқсат берілді.

   Бұл чемпионат Бельгияда байрағын желбіретті. Жолдама алған командалар:СССР, ФРГ, Бельгия және Венгрия ұлттық құрамалары еді. Жартылай финалда ФРГ Бельгия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп финалға шыққан, СССР құрамасы мажарларды бір доп айырмасымен жеңді. ІІІ орын үшін болған ойында, өз жерінде Бельгия құрамасы венгрлерді 2:1 есебімен жеңді. Ал финал болса немістердің жеңісімен аяқталды. СССР ұлттық құрамасы 3:0 есебімен ойсырай жеңілді. Осы финалдан кейін Gazetta dela sport басылымы «бұл команданы тек пулеметтің көмегімен ғана тоқтатуға болады» деген болатын.

   1972 жылғы Еуропа чемпионатының жұлдызы және үздік сұрмергені неміс Герд Мюллер (4 гол) болды. Финалдық кездесуде 4 ойын өткізіліп, 10гол соғылған екен. Төрт матчқа  106 510 жанкүйер жиналып, орташа есеппен әр матчқа 26628 жанкүйерден келген екен. Ең жас ойыншы СССР құрамасының шабуылшысы А.Байдачный (19 жас) болса, ең қартаңы-Бельгия жартылай қорғаушысы Л.Й.Семмелинг (32 жас) болған екен.

   Бұл Еуропа чемпионатына іріктеу аясында 108 ойын өткізіліп, 282 доп қақпада тулаған екен. Мұнда да 7 гол соғып мерген болған Г.Мюллер екен.

  1972 жылғы Еуропа чемпионатының символдық құрамына мына үздік футболшылар енген: Е. Рудаков (СССР), Р. Дзодзуашвили (СССР), М. Хурцилава (СССР), Ф. Беккенбауэр (ФРГ), П. Брайтнер (ФРГ), Й. Хайнкес (ФРГ), Х. Виммер (ФРГ), Г. Нетцер (ФРГ), Р. Ламбер (Бельгия), У. Хенесс (ФРГ), Г. Мюллер (ФРГ).

    Міне, ФРГ бұл аламандағы азуы алты қарыс команда екенін, сол Еуропа чемпионатының символдық құрамынан да байқауға болады. Осылайша тарихта 1972 жылғы жеңіс ФРГ еншісіне жазылды.

 (Жалғасы бар)

Өмірбек  САНСЫЗБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×