Педро Эуженио: «Қайратқа» былтыр да гол соққанмын»

07.04.2021, 02:39
Педро турдағы ең әдемі голдардың бірін соқты.
Педро Эуженио: «Қайратқа» былтыр да гол соққанмын»

«Тараздың» португалиялық легионері Педро Эуженио «Қайратпен» өткен кездесудегі үздік ойыншыларының бірі болды. Ол матчта әдемі гол соғып, ҚПЛ турының символикалық құрамына енді. Футболшы клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында ойын туралы пікір білдірді.

 - Педро, сіз соққан гол турдың әдемі голдарының бірі дегенге келісетін шығарсыз?

- Өкінішке орай, бул турдағы ойындардың бейне шолуын толық көріп үлгерген жоқпын. Сол себепті ең әдемі голдардың қатарында деп сеніммен айта алмаймын. Бірақ жалпы келісуге болатын сияқты.

- Тәжірибеңізде мұндай голдар болды ма?

- Кешегіге ұқсас бірнеше гол соққанмын. Айып алаңының тұсында қорғаушымен алдаспай-ақ, қақпашыдан допты асыра тебуді дұрыс көремін әрі ұнайды. Бірақ әрине, көбіне дәл шыға бермейді, оның үстіне қазір қақпашылар да жақсы секіре біледі.

- Бұл ойында жеңіске жетуге де болатын еді. Сіздің ойыңызша, сенсация жасауға не жетіспеді?

- Иә, әлі күнге дейін біз жеңіп кететін едік қой деген ой миымда жүр. Бірақ сырт алаңда, оның үстіне шебер футболшылардан жасақталған Қазақстан чемпиондарына қарсы ойнағанымызды ескеру қажет. Ойын барысында Қазақстандағы үздік команда екеніне көзіміз жетті. Сондықтан тең нәтиже айтарлықтай көрсеткіш деуге болады.

 - Ойын кезінде қарсылас команда Адамовичті жабуға тырысты. Бірақ Ненад соның арқасында сізге бос кеңістік мен мүмкіндік тудырды. «Қайрат» футболшылары сізден мұны күтпеді деп, сізді дұрыс бағаламады деп айтуға бола ма?

- Мені дұрыс бағаламады немесе Адамовичті асыра бағалады деп айта алмаймын. Бірақ олар мені жақсы біледі. Былтырғы маусымда оларға гол соққанмын. Адамовичті ғана емес, олар бізде кім допқа иелік етсе, соның барлығына бос кеңістік қалдырмауға тырысты. Бірақ қысымға қарамастан, мүмкіндіктер жасай алдық.

«Тараз» КФК баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×