Пеллегринидің Тұманды Альбиондағы бірінші кубогі

03.03.2014, 05:03
Пеллегринидің Тұманды Альбиондағы бірінші кубогі
Бүгін Англиядағы Лига кубогінің финалы. "Манчестер Сити"-"Сандерленд". Әрине, фаворит кім десек, бәріміз де бір ауыздан "қалалықтарды" айтарымыз анық. Бірақ, былтыр Англия кубогінің финалы бәріміздің есімізде. Онда да, сол кездегі Примьер-Лиганың аутсайдерлерінің бірі "Уиганмен" кездескен болатын. Қанша жерден мықты болғанымен де, дәл қазіргі таңда Чемпионшипте өнер көрсетіп жатқан Уиганнан күтпеген жерден жеңілгені бар. Тағы да сол "Уэмбли", тағы да финал "Манчестер Ситидің" қатысуымен. Бірақ, биылғы "Манчестер Сити" былтырғыдан өзгерек. Тізгін Пеллегрини қолында. Англияға келісімен, жарты жыл көлемінде өз командасын финалға шығарып, енді жеңісті қалай да қолдан бермеуге тырысары хақ. Оның бұл ойын матч тізіміндегі негізгі құрамнан да байқауға болады. Тек қақпадағы Харттың орнына Пантилимон шыққаны болмаса, қалған ойыншылар түгелдей негізгі құрамның ойыншылары. Тіпті, жақында ғана жарақатынан айыққан Агуэроның өзі алаңға бірінші минуттардан шықпақ. Статистика да қызық, бірақ. Екі команданың соңғы 8 кездесуінде, "Сандерленд" 4 мәрте жеңіп, "қалалықтар" 2 рет қана жеңіс тойын тойлаған. Онымен қоса, жартылай финалда осы ұжым басқа манчестерлік клубты, яғни "қызыл сойқандарды" жарыс жолынан шығарған. Егер, финалда тағы бір манчестерлік клубты жеңіп жатса нұр үстіне нұр болмақ. Ойын, әрине, "қалалықтардың" басымдылығымен басталды. Шабуылдауға тырысты. Территория, доп Пеллегрини шәкірттері еншісінде. Бірақ, оныншы минутта "Сандерленд" есеп ашты! Фернандиньюдан допты тартып ала білген Ларссон, шабуылдағы Бориниге пас шығарды. Ал, шабуыл өтінде Компанидің қателігін пайдаланған Борини, қақпашыдан айласын асырып өз командасын алға шығарды. Осыдан кейін толықтай ойын тізгінін өз қолдарына алады деп күтілген "Манчестер Ситидің". Іс жүзінде олай болмай шықты. Тұшымды шабуылдаған "Сандерленд". Пеллегрини шәкірттері тек, екінші таймның оныншы минутында Туренің ғажайып голынан кейін есепті теңестірді. Бір минуттан соң тағы гол! Бұл жолы көзге түскен Самир Насри. Әрине, екі минуттың ішінде екі гол өткізу Пойет шәкірттеріне айтарлықтай психологиялық соққы болып тигені анық. Өз-өздеріне келе алмай, есепті теңестіруге күш таба алмады, жаттықтырушының тыңнан қосқан ойыншыларыда көмектесе алған жоқ. Онымен қоса, 90-шы минутта гол да жіберіп алды. Сөз жоқ, "қалалықтардың" жеңісі. Чилилік маманды Англиядағы бірінші кубогімен құттықтаймыз. Бірақ, "Сандерлендте" жарады. Екі минут ішіндегі екі гол болмағанда бұл команданың дәлелдейтін дүниесі көп еді. Перспективті, қайсар ұжым. Финалға дейін жетіп, финалда да қазіргі таңда Примьер-Лиганың чемпиондығына таласып жатқан командаға айтарлықтай қарсылық көрсеткенінің өзі жетістік. "Сандерленд" қол шапалақтауға тұрарлық команда. Финалда жеңілсе де, Примьер-Лигада осы маусымда орнын сақтап қалады деп үміттенеміз. 85 мыңдай көрермен жиналған ойын эмоцияға бай нағыз финал болды.   Англия кубогі. Финал 2 наурыз. Лондон. "Уэмбли" стадионы. 84697 көрермен. Манчестер Сити-Сандерленд-3:1 Голдар: Борини, 10(0:1). Туре, 55(1:1). Насри, 56(2:1). Хесус Навас, 90(3:1). Манчестер Сити:  Пантилимон, Сабалета, Компани, Демичелис, Коларов, Фернандинью, Туре, Насри, Агуэро( Хесус Навас, 58), Сильва( Хави Гарсия, 77). Джеко(Негредо, 88) Сандерленд: Манноне, Бардсли, Алонсо, Браун, Оши, Ларссон(Гарднер, 60), Каттермол(Джакеринни, 77), Колбэк, Ки Сун Ен, Джонсон(Флетчер, 60), Борини   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×