Пельцердің шәкірттері Президент кубогын ала ма?

23.04.2011, 05:31
Пельцердің шәкірттері Президент кубогын ала ма?

Елімізде соңғы бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Президент кубогы үшін жасөспірімдер арасындағы халықаралық футбол додасы биыл да Астана қаласында өтетін болды. Әлемнің сегіз елінің аяқдоп шеберлері бақ сынасатын дода сәуірдің 26-сы мен 30-ы аралығына белгіленді. 17 жасқа дейінгі бозбалалар арасындағы аталмыш турнир былтыр да тура осы уақытта өткен болатын. Кеше осыған байланысты Қазақстан Футбол федерациясы арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Федерацияның атқарушы директоры Әлия Дүйсекееваның айтуынша, жарысқа жасы 17-ден аспаған жасөспірімдерден құралған құрамалар қатысады. Дүбірлі додаға Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Өзбекстан, Армения, Грузия, Түркия және Украина елдерінен сегіз бірдей команда келеді. Ал осымен төртінші рет жалауын көтергелі отырған турнир «Астана-Арена» стадионында өтеді. Командалар екі топқа бөлініп сынға түседі. 26-29 аралығында іріктеу кездесулері, 30 сәуір күні шешуші ойын болады», – дейді Футбол федерациясының атқарушы директоры Әлия Дүйсекеева. Жүлде қоры 20 мың АҚШ долларын құрап отыр. Бірінші орынға ие болған командаға 10 мың АҚШ доллары берілсе, қалған 10 мыңы екінші, үшінші орындарға алты және төрт мыңнан бөліске түседі. Баспасөз мәслихатында Қазақстанның намысын қандай команданың қорғайтыны ай­тылмады. Әлия Дүйсекееваның сөзіне қарағанда, ел намысын қорғайтын команданың құрамы алдағы сенбі күні белгілі болмақ. Оливер Пельцер жаттықтыратын жасөспірімдер құрамасы Талғар қаласында Қырғызстан командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Нақты команда құрамы осы матчтан кейін белгілі болады. Биылғы Кубоктың бір ерекшелігі ұйымдастырушылар көрермендерді «Астана-Арена» стадионына тегін апарамыз деп отыр. Осы мақсатта Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бас корпусы мен «Астана-Арена» стадионы аралығында қатынайтын 20 автобус ұйымдастырылады», – дейді Футбол федерациясының атқарушы директоры. 26 сәуір күнгі ашылу салтанаты Қазақстан-Өзбекстан командалары арасындағы кездесумен басталады. Осы күні сағат 16.30 – 18.30 және 20.30 – 22.30 аралығында кері маршруттар жүреді. Ал финалдық кездесу өтетін 30 сәуір күні маршруттар 17.30–19.30 және 21.00–23.00 (кері қайту) аралығында қатынайды. Қазір Оливер Пельцер баптайтын жасөспірімдер құрамасы қалай болған күнде де Президент Кубогын жеңіп алуға барын салуы тиіс. Өйткені алда 19-24 қазан аралығында Алматы қаласында Еуропа чемпионатына іріктеу матчы тұр. Естеріңізге салайық, ең алғашқы Президент кубогын 2008 жылы түріктің «Бешикташы» жеңіп алған болатын. 2009-шы жылы Кубок Бразилияның «Оле Бразил» командасының еншісінде кетті. Былтырғы Кубокта шешуші айқас Сербия командасы мен ресейлік «Зенит» арасында өткен болатын. 7:0 есебімен сербтер жеңіске жеткен. «А» тобы: Қазақстан Иран Өзбекстан Әзірбайжан «В» тобы: Украина Түркия Грузия Армения 26 сәуір 10:00 Украина – Түркия 12:00 Грузия – Армения 16:00 Әзірбайжан – Иран 18:30 Ашылу салтанаты 19:00 Қазақстан – Өзбекстан 27 сәуір 12:00 Түркия – Грузия 14:00 Украина – Армения 16:00 Иран – Өзбекстан 19:00 Қазақстан – Әзірбайжан 29 сәуір 12:00 Грузия – Украина 14:00 Түркия – Армения 16:00 Өзбекстан – Әзірбайжан 19:00 Қазақстан – Иран 30 сәуір 10:00 7-орын сарапқа салынады 12:00 5-орын с/с 14:00 3-орын с/с 19:00 Финал Финалдық ойыннан соң жабылу салтанаты Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×