Премьер-лига. 13-турға шолу

24.05.2013, 15:13
Премьер-лига. 13-турға шолу

Жексенбі күні Қазақстан премьер-лигасының 13 тур ойындары өтеді. Павлодарда «Ертіс» клубы қарағандылық «Шахтер»-ді қабылдайды. Бұл матчты турдың орталық ойыны деп айтуға әбден лайықты.

Ақтөбеде қала аттас клуб Оралдың «Ақжайығымен» кездеседі. «Ақтөбе» біріншілікте ешкімге дес беретін емес әрі ойындағы басты фаворит. Соған қарағанда, алаң иелерінің асығы алшысынан түсетін секілді.

Талдықорғандық «Жетісу» өз алаңында «Восток» клубымен күш сынасады. Өткен турда екі клуб та жақсы нәтижеге қол жеткізді. «Жетісу» клубы «Ордабасыны» ұтып кетсе, «Восток» павлодарлық «Ертіспен» тең түсті.

Соңғы кездері жолы болмай жүрген «Ордабасы» елордаға қонаққа келеді. Бұл ойында «Астана» клубы жеңіске жетуі ықтимал, өйткені Шымкентте өткен ойында астаналықтар басым түскен еді. Қалай дегенмен, «Астана» үшін де, шымкенттіктер үшін де үш ұпай ауадай қажет.

«Атырау» мен «Қайрат» Каспийдің жағасында жолығады. Қай команданың бәсі жоғары екенін тап басып айту қиын. «Атырау»-дың негізгі құрамдағы бірнеше ойыншысы алаңға шықпайды. Алматылықтар жеңіс үшін ойнайтыны түсінікті.

Біріншілікті жақсы бастап, турнир ортасын ауған тұста абдырап қалған «Тараз» өз алаңында қостанайлық «Тобыл»-мен күш сынасады. Жақында ғана бас бапкерін орнынан алып тастаған тараздықтар үшін кейінгі ойындар сәтсіз аяқталып жатыр. Осы матчта оңтүстіктің клубының болашақ тағдыры шешіліп қалуы ықтимал.

sportsarap.com

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×