Кеше футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасындағы жалғыз қазақ бапкерінің туған күні болып, Талғат Байсуфинов 45 жасқа толды.
Талғат Маруанұлы 1968 жылы 4 қыркүйекте туған. Әкесі Маруан Байсуфинов – өз ортасына кеңінен танымал, Павлодар футболшысы. 1958 жылы «Строитель» (Павлодар) клубының сапында Қазақ КСР кубогының жеңімпазы атанған.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Талғат Байсуфинов та әкесінің жолын қуып, жастайынан футболға әуес болады. «Трактор» (Павлодар) клубының дайындық топтары сапында бірнеше жыл доп теуіп, аяқдоп өнерінің қыр-сырына қаныққан. Алғашқы бапкері – Анатолий Казаков.
Көп ұзамай арманына жетіп, бар болғаны 16-дан асқан шағында, яғни 1985 жылдың көктемінде «Трактор» клубының жейдесін киіп, негізгі құрамында өнер көрсете бастайды. Содан Отан алдындағы екі жылдық әскери борышын өтегенше, екі жыл «Трактор» сапында шеберлігін ұштай түседі. Әскери борышын өтеген соң Павлодарға оралып, ұшқан ұясының намысын қорғайды. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, «Трактор» («Аңсат», «Ертіс») сапында 1985-1986, 1989, 1992-1995, 1998-1999 жылдары ойнаған. Осы жылдары 180 матч өткізіп, 26 гол соққан (Соның 110 ойынын Қазақстан чемпионаттары аясында өткізіп, 17 голдың авторы атанған).
Талғат Маруанұлы, сондай-ақ «Металлург» (Ермак, қазір «Ақсу» деп аталады), «Еңбек» (Жезқазған), «Жетісу» (Талдықорған), «Маңғыстау» (Ақтау), «Экибастузец» (Екібастұз), «Восток» (Өскемен) командалары сапында да өнер көрсеткен.
Талғат Байсуфинов футболды жаман ойнаған жоқ. Оған ұлттық құрама сапына шақыртылуы дәлел бола алады. 1992 жылы халықаралық доп додасы аясындағы Қазақстан – Түрікменстан кездесуінде ұлттық құрама жейдесін киіп, жасыл алаңға шыққан. Нақтырақ айтар болсақ, біздің құрама 1:0 есебімен жеңіске жеткен матчтың 73-минутында Вахид Масудовтың орнына шыққан.
35 жасында бутсысын шегеге іліп, хикметі көп бапкерлік қызметке бет бұрады. 2003 жылы «Есіл-Богатырь» клубының бас бапкеріне көмекші болып, тәжірибе жинақтай бастайды. Көп ұзамай Қазақстан жастар құрамасының бапкерлер құрамына да алынып, тәжірибесін толықтыра түседі.
Степногорскінің «Ақсуы» – Талғат Маруанұлының бас бапкер болған алғашқы клубы.
2008 жылы Павлодарға оралып, «Ертістің» бас бапкеріне көмекші болып, екі маусым еңбек етеді. Ал 2009 жылдың желтоқсан айында «Ертістің» бас бапкері болып бекітіліп, сүйікті клубының тізгінін өз қолына алады.
2008 жылы «Ертіспен» қола жүлдегер болған Талғат Байсуфинов (бас бапкердің көмекшісі ретінде) 2010 жылы осы жетістікті қайталап, өзінің тырнақалды табысына қол жеткізеді. Ал былтыр, яғни 2012 жылы «Ертіспен» ел чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.
Талғат Маруанұлы 2009 жылы қараша айында УЕФА-ның Jira бағдарламасы бойынша дәріс алып, PRO санатының «А» лицензиясына ие болды. Ал 2011 жылы УЕФА-ның PRO лицензиясын алып (емтихандарын абыроймен тапсырып шығып), жоғарғы дивизиондағы клубтар мен ұлттық құрамаларды жаттықтыруға болатын бапкерлік құқыққа қол жеткізді.
Былтыр «Ертіс» ел кубогы додасының финалына шығып, «Астана» клубымен кездесті. Осы ойынның алдында және ақтық ойын біткен соң БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз жиыны өтті. Тіл-көзіміз тасқа, екеуінде де Талғат Маруанұлы сұрақтарға жалтақтамай, мүдірмей еркін жауап беріп, білімі мен ілімі жоғары екендігін де көрсете білді. Қитұрқы сұрақтардың өзіне сөз тауып жауап беріп кетіп, көпшілікті риза қылды. Сонда Қазақстан футбол федерациясының басшылары мен қызметкерлері «Маруанұлы – біздің түлегіміз» деп масаттанды. Байсуфиновты мақтан тұтатындықтарын білдірді (Талғат PRO лицензиясын ҚФФ-ның Техникалық орталығынан дәріс алып, қорғап шыққан).
Енді бір айтарымыз, Талғат Маруанұлы – қазақша сұрақ қойсаң, соған ана тілімізде іркілмей жауап беретін санаулы бапкерлеріміздің бірі. Еурокубоктарда да қазақ клубының қайсар мінезін көрсете білген білікті бапкер. Әттең, «Ертістің» қалтасы жұқалау болып, алысқа шаба алмады. Әйтпесе Байсуфинов та «Ертіспен» «Шахтер» клубы секілді Еуропаны тамсандырар ма еді?!.
Талғат Маруанұлы «Ертіс» клубында да қаржылай қиындықтар көсіле сілтеулеріне мүмкіндік бермей жүрсе де, соны жалпақ жұртқа жария етпей, командасын өрге сүйреп келеді. Ойыншыларының тілін тауып, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» тауқыметі көп алыс жолға төтеп беріп келеді.
Біз футбол саласындағы мамандар мен әріптестерімізге қосылып, Талғат Маруанұлын туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Жүйкені жұқартатын жауапты жұмысына табыс, еленбей жүрген ерен еңбегіне жеңіс пен жеміс тілейміз. Бағыңыз жанып, ерен жетістіктерге жете беруіңізге, бейнетіңіздің зейнетін көруіңізге тілектеспіз.
Талғат Байсуфиновтың жетістіктеріФутболшы ретінде
Қазақстан чемпионы – 1993 («Аңсат», Павлодар).
Еліміздің күміс жүлдегері – 1994 жыл («Аңсат»).
Еліміздің екі дүркін қола жүлдегері – 1992 жыл («Трактор»), 1998 жыл («Ертіс»).
Қазақстан кубогының иегері – 1997/1998 жж. («Ертіс»).
КСРО чемпионатының ІІ-лигасындағы аймақтық доданың жеңімпазы – 1989 жыл («Трактор»).
Бапкер ретінде
Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері – 2012 жыл («Ертіс»).
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері – 2010 жыл («Ертіс»).
Қазақстан кубогының финалисі – 2012 жыл («Ертіс»).
Автор: Нұрғазы САСАЕВ