Премьер-лиганың 12-туры: жаңа бапкер алғашқы жеңіске жеткізе ме?

14.06.2025, 14:19

Ұлттық құраманың ойындарына байланысты екі апталық үзілістен соң, қайта ішкі чемпионат жанданады. Бүгін жанкүйерлер 4 матчты тамашалай алады.

Премьер-лиганың 12-туры: жаңа бапкер алғашқы жеңіске жеткізе ме?

«Жетісу» (Талдықорған) – «Қайрат» (Алматы)

Уақыты: 18:00

Өткен турдың орталық кездесуінде «Ақтөбені» қапы қалдырған алматылықтар турнир кестесінде 2-орынға көтерілді. Иә, олар фаворит. Бірақ біршама ойыншысы ұлттық құраманың матчтарынан кейін шаршаңқы болуы әбден мүмкін. Салыстырмалы түрде алаң иелері дәл осы матчқа дайындықтарын жүргізді. Оның үстіне талдықорғандықтар 3 матч бойы жеңілмей жүр. Олар кезекті рет сенсация жасай ала ма екен? Статистикаға жүгінсек, «Қайрат» сырт алаңда 2020 жылдан бері тұрақты түрде ұпай алып жүр.

«Қызылжар» (Петропавл) – «Ақтөбе» 

Уақыты: 18:00

Бірнеше сериялы жеңістен кейін «Ақтөбе» ұжымы турнир кестесінде көш бастап еді. Алайда соңғы 2 ойында есе жіберіп, 3-орынға құлдилады. Егер тағы сәтсіздік жалғасса, «Астана» мен «Қайратты» ұзатып алуы әбден мүмкін. Оның үстіне «Қызылжар» да осал қарсыластардың қатарынан емес. Кейінгі 5 матчтың біреуінде ғана жол берді. Былтыр ақтөбеліктер 2:0 есебімен басым түскен еді. Биыл сол көрсеткішін қайталай ала ма екен?

«Атырау» – «Ұлытау» (Жезқазған)

Уақыты: 19:00

Жан сақтау үшін күресіп жатса да, «Ұлытаудың» жағдайы әжептеуір жақсы. Аутсайдер саналғанымен, жезқазғандықтар 2 серия жеңісімен Атырауға келмек. Егер қонақтар сырт алаңда жеңісті жолын жалғаса, жағдайын одан әрі қауіпсіздендірмек. Бірақ букмекерлер көш соңындағы «Атырау» сәтсіздік сериясын тоқтатады деп сенеді.

«Тұран» (Түркістан) – «Жеңіс» (Астана)

Уақыты: 20:00

Премьер-лигадағы екі апталық үзіліс кезінде елордалық команда тізгінін украиналық Андрей Демченко қолға алды. Осы аралықта ол команданы зерттеп, ішкі жағдайды түсініп алуға жеткілікті. Жарқын дебют бола ма екен? Ал түркістандықтар мықты легионерлерді жасақтаса да, өз ойындарын таппай жүр. Өткен маусымдағы матчтарына көз жүгіртсек, «Жеңіс» 1 жеңіс, 1 тең нәтиже тіркеген. Букмекерлер Виталий Жуковскийдің командасы жеңіске жетеді дегеніне сенбейді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×