Премьер-лиганың ойындарында сенсация тіркеле ме?

15.06.2025, 16:40

 Бүгін жанкүйерлер қалған 3 матчқа куә болады.

Премьер-лиганың ойындарында сенсация тіркеле ме?

«Астана» (Астана) – «Оқжетпес» (Көкшетау)

Уақыты: 18:00

Өткен маусымда елордалықтар маусымды сүреңсіз бастап, екінші айналымда қарқынды арттырып еді. Биыл «Астананың» жай-күйі тұрақты. Әр ойында ұпай алуға тырысып жүр. Кеше «Қайрат» пен «Ақтөбе» өз матчтарын ұта алмаған соң, «Астананың» ұзап кетуіне жақсы мүмкіндік туып тұр. Бірақ «Оқжетпес» те әлсіздердің қатарынан емес. Қай алаңда доп тепсе де, еш саспайды. Тіпті Алматының төрінде «Қайраттан» айласын асырып кетті. Биыл қос клуб Қазақстан кубогында жолығып, «Астана» пенальти сериясында басым түскен еді. Статистикаға көз жүгіртсек, елордалықтар үшін «Оқжетпес» өте ыңғайлы қарсылас. Себебі, көкшетаулықтар 2012 жылдан бері қарсыласын жеңе алмай келеді. Осы жолы дәстүр бұзыла ма екен?

 

«Ордабасы» (Шымкент) – «Елімай» (Семей)

Уақыты: 20:00

Жүлделі орындарға үмітті командалардың қазіргі жағдайы аса мәз емес. Турнир кестесінде небәрі 6-7-орындарда тұр. Оның үстіне ақпараттарға сенсек, «Елімай» алдағы уақытта тек отандық футболшыларға сенім артуы мүмкін. Осы жағдайды ескерсек, «Ордабасының» жеңіске жету ықтималдығы жоғарлайды. Алаң иелері онсыз да фаворит болып қала бермек.

 

«Қайсар» (Қызылорда) – «Тобыл» (Қостанай)

Уақыты: 20:00

Қызылорда қаласындағы ойында алаң иелері кезекті рет жігерлік таныта ма деген сұрақ туындайды. Өз алаңында «Қайрат» пен «Астанадан» ұпай алған «Қайсарға» осы жолы да барын салуы тиіс. Естеріңізде болса, өткен маусымның соңғы турында «Қайсар» күтпеген жерден еурокубокқа үмітті болған қостанайлықтарды 2:0 есебімен жеңіп кетіп еді. Қонақтардың да реванш қайтаратындай жөні бар. ТОП-3 командалардан қарағанда әлдеқайда аз кездесу өткізген «Тобыл» өз матчтарында ұпайдан шашау шығармаса, 1-орынға көтерілетіні анық.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×