
Францияның “Париж Сен-Жермен” клубы 2025 жылғы Чемпиондар лигасының финалынан кейін орын алған оқиғаларға байланысты ресми мәлімдеме жариялады.
Клуб өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионы атағын жеңіп алу ұжымдық қуаныштың сәті болуға тиіс екенін айтып, мерекелік шаралар кезінде орын алған қатыгездік пен тәртіпсіздікті қатаң айыптады.
"ПСЖ” жанкүйерлері жеңісті тойлау кезінде пиротехника жағып, алаңға жүгіріп шыққан. Соның салдарынан футболшылар киім ауыстыратын бөлмеге кетуге мәжбүр болған.
"Бұл Еуропа чемпионы атағы баршамыздың қуанышымыз болуға тиіс еді, бірақ өкінішке қарай, тәртіпсіздіктермен көлеңкеленді." – делінген клубтың мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, Париждіктер жанкүйерлер мен қоғамды жауапкершілік пен құрмет сақтауға шақырып, бұл тарихи жеңісті бірлік пен мақтаныш сәті ретінде есте сақтауға үндеді:
"Париж Сен-Жермен баршаңызды жауапкершілік пен құрметке шақырады, бұл тарихи жеңіс – әркім үшін мақтаныш болсын."
Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасының финалында "ПСЖ” "Интер Миланды" 5:0 есебімен жеңіп, турнир тарихындағы ең ірі финалдық жеңісті тіркеді.
Біздің серіктес: FONBET