Лион қаласының "Стад де Люмьер" алаңында өткен Франция лигасының кубогын "Монаконы" ойсырата ұтқан "ПСЖ" жеңіп алды. Бұл олардың осы турнирді осымен қатарынан төртінші рет ұтуы. Жалпы есепте жетінші рет (1995, 1998, 2008, 2014, 2015, 2016, 2017) Франция лигасы кубогының ең биік тұғырына көтеріліп отыр. Ал қарсыласы "Монако" болса осы тұғырдан бар болғаны бір рет (2003) көрінген екен.
Финалдағы қарсылас та оңай шағылар жаңғақ емес. Финалға оңай команда шықсын ба? Чемпиондар лигасында тамаша ойынымен талайды тамсандырып келе жатқан "Монако" "ПСЖ-ге" қауқар таныта алмады. Мүмкін бар күштерін дортмундтықтарға сақтап отырған болар. Бұл жеңіліс "Монакоға" үлкен қасірет те емес, ішкі біріншілікте көш бастап келе жатыр. Франция кубогына да таласын жалғастыруда. Ал "ПСЖ" үшін "Барселонадан" оңбай ұтылған өзекті өртер өкінішті ойынның сәлде болсын жамауы болары анық. "ПСЖ" осы маусымда титулсыз қалмау мәселесін шешіп қойды десе де болады, бірақ Эмери мұнымен тоқтап қалмай чемпионатта "Монаконы" қуып жетіп, басып озғысы келері анық.
Ал енді ойынға тоқталып өтсек, ойынның алғашқы минуттарынан-ақ "ПСЖ" ойын тізгінін өз қолдарына алды. Ойынның төртінші минутында Ди Марияның бос қақпаға берген пасынан кейін Дракслер ойынның есебін ашты. 27-минутта Сидибенің дәл пасынан кейін Лемар айып алаңына кірер тұстан керемет соққы жасап, допты дәл тоғыздықтан бірақ шығарды. Есеп теңесті, ойын қыза түсті. Бірінші тайм аяқталар тұста, яғни 44-минутта Дракслер Ди Марияға алғысын өзіне қайта пас беріп білдірді. Қақпашымен бетпе-бет келген аргентиналық париждіктерді есепте алға шығарды. Сөйтіп, бірінші тайм "ПСЖ" пайдасына аяқталды. Екінші таймның 54-минутында Вераттидің әдемі пасынан кейін "Эль Матадор" париждіктердің басымдылығын арттыра түсті. Осы голдан кейін де "ПСЖ" босаңсымай бірнеше тамаша сәттер туғызды. Ойынның 90-минутында Ди Марияның кезекті пасынан кейін "Эль Матадор" кезекті голын соқты. Есеп 1-4. Ойын париждіктердің айқын басымдылығымен аяқталды.
Марғұлан ЖАҚЫП