15 қараша күні Қазақстан футбол федерациясында келер жылғы премьер-лига клубтарының саны қанша болмақ деген сұрақ төңірегінде жиналыс өтті. Онда талқыланған басты мәселе қазақ футболының мақтанышы «Қайрат» командасының алдағы уақыттағы тағдыры еді.
Осыған дейін «Қайраттың» 1-лигаға түсіп қалғандығы белгілі болған. Біріншіліктің соңғы турларында керекті ұпайға қол жеткізе алмаған алматылық ұжым тәртіп бойынша келер жылы бір саты төмен лигаға түсу керек болатын. Бірақ, келер жылдан бастап премьер-лига командаларының саны 12-ден 14-ке көбейеді деген әңгіме өрбіген. Көпшілік жанкүйерлер мен мамандар «Қайратты» 1-лигаға түсірмей, премьер-лигада алып қалу туралы ойларын айтқан еді. Десе де, Ұлттық футбол лигасы қабылдаған тәртіптері мен заңдарына өзгеріс енгізгілері келмейді екен.
Ұлттық футбол лигасының директоры Михаил Гурман бұл жайында: «Биылғы біріншіліктің өткізу үлгісін біз 2012-жылдың соңына дейін деп қабылдаған болатынбыз. Енді «Қайрат» үшін біз оны өзгертпейміз. Команда сүреңсіз өнер көрсетіп, жеткілікті ұпай жинай алмады. Алматылық команда келер жылы 1-лигада өнер көрсетіп, өзінің мықтылар қатарына кіре алатындығын дәлелдесін», деді.
Ермұхамед ТАМА
Біздің серіктес: FONBET