Қайрат ӘШІРБЕКОВ: «Жасыл алаңдағы қазақтардың аздығы мені де алаңдатады»

09.02.2012, 23:25
Қайрат ӘШІРБЕКОВ: «Жасыл алаңдағы қазақтардың аздығы мені де алаңдатады»
«Бүгiн «Ордабасының» негiзгi құрамында 7 қазақ жiгiтi ойнады. Алаңға тыңнан қосылған ойыншыны қосқанда 8 болдыңдар. Бұл ел футболында сирек кездесетiн жағдай. Сендер қазақы намыс пен қайсарлықтың арқасында жеңiске жеттiңдер», — дедi ол қуанып. Қазақ футболында өзiндiк қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан талантты ойыншылардың бiрi — Қайрат Әшiрбеков. Спорттық ғұмырында Қазақстандағы ең мықты командаларда өнер көрсетiп, бiрнеше дүркiн жүлдегер атанып, ел чемпионы деген атаққа да қол жеткiзген Қайрат үш жыл бұрын өзi туып-өскен Шымкентке оралды, «Ордабасының» белдi ойыншысы атанды. Алаңда шабуылшыларды паспен жарылқап, үйлестiрушi мiндетiн атқаратын шебер 2011 жылдың қорытындысы бойынша елiмiздегi ең таңдаулы жартылай қорғаушылардың қатарынан табылды. Жаңа маусымға дайындықты бастаған «Ордабасы» футбол командасының капитаны Қайрат ӘШIРБЕКОВПЕН сұхбаттасудың сәтi түскен еді. - Қайрат, ең алғаш футбол үйiрмесiне келген кезiңiз есiңiзде ме? Қанша жастан бастап теңбiл допқа құмарттыңыз? - Шымкент қаласында дүниеге келгенмiн. Бұл спортқа деген құмарлық бала кезден оянды. 5-6 жастан бастап аулада доп теуiп өстiк. Өзiммен жасты және үлкен балалармен кеш батқанға дейiн тынбай футбол ойнайтынбыз. 11 жасымда футбол үйiрмесiне жазылдым. Мүсiлiм деген ағайымыз болды. Ол кiсi бiздi өз баласындай көрiп, ойынның әлiппесiн үйреттi. Мектепте оқып жүрiп болашағымды тек футболмен байланыстырамын деген шешiмге келдiм. - Кәсiби футболшы ретiнде алғаш рет жасыл алаңға шыққан кезде толқыған боларсыз? - Әрине, жасөспiрiмдер футболынан бiрден ересектерге өту оңай емес. Спорттық ғұмырымдағы алғашқы команда — «Синтез». Жанкүйер қауымының есiнде болса, Шымкенттiң намысын қорғаған бұл команда ел бiрiншiлiгiнде жоғары орындардан көрiнiп жүрдi. Бiзден Қазақстанның «менмiн» деген мықты командалары сескенетiн. Танымал футболшылармен бiрге жаттығып, тәжiрибе жинап жүргенiмде бас бапкер В.Талгаев менi ұлттық бiрiншiлiктiң кезектi ойындарының бiрiнде алаңға шығарды. Ол кезде небәрi 16 жаста едiм. Барынша жақсы қырымнан танылуға күш салдым. Алғашқы қадамым жаттықтырушыларға ұнаса керек, осы кездесуден кейiн команда сапында жиi ойнайтын болдым. - «Синтезден» кейiн үлкен футболдағы жорығыңыз басталды ғой?..  - Иә, сол маусымда ел бiрiншiлiгiндегi ең жас ойыншылардың бiрi болдым. Бiр жылдан кейiн «Тараз» командасына ауыстым. Бiраз тер төккен соң менi «Ақтөбе» командасы шақырды. Онда 7 жылдай ойнадым. Сол команданың сапында екi рет ел чемпионы атандым. Өзiндiк ойын-өрнегi қалыптасқан клуб ретiнде үнемi жүлделi орындардан көрiнiп жүрдiк. Бiр маусымда көп гол салған мерген ойыншылардың қатарынан да табыла бiлдiм. Одан кейiн «Шахтер», «Астана» командаларында ойнадым. Бұл клубтарда жағдайым жаман болған жоқ. Жоғары орындарды иемдендiк. - Байқап тұрсақ, сiз үнемi өзге облыстардың командаларында ойнапсыз. Шымкентке кеш оралуыңыздың сыры неде? - Ол рас, көптеген клубтарда ойнадым. Дегенмен, жыл сайын шымкенттiк командаға шақыртулар келiп тұрды. Бұған қуанатынмын. Әр спортшының жолы әртүрлi болады ғой. Маған өзге клубтарда ойнап, елге танылу бақыты бұйырыпты. Бiрақ Шымкентке бiр оралатынымды iштей сезiп жүрдiм. 2010 жылы «Ордабасы» командасы өзге облыстарда ойнап жүрген Оңтүстiктiң жiгiттерiн жинай бастады. Маған да ұсыныс түстi. Бас тартпадым. «Тобылда» жүрген А.Нұрғалиев пен Ф.Ирисметов те қайтып келдi. Нақты жоспар құрып, бiр мақсат жолында бiрiккенiмiздiң арқасында былтыр ел кубогiн ұтып алдық. Туған қалама оралып, «Ордабасы» сапында Оңтүстiктiң намысын абыроймен қорғау — мен үшiн үлкен мақтаныш. - Отандық және шетелдiк бапкерлердiң қоластында жаттықтыңыз. Қай маманды үздiк деп танисыз? - Әр жаттықтырушының ойынға, командаға деген өзiндiк ұстанымы, тәсiлi болады. Бәрiнен де үйрендiк, ұмытылмас сабақ алдық. Мынау мықты, мынау нашар деп бөлiп айту дұрыс емес деп ойлаймын. - Қай клубта жалақыңыз көп болды? - Бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйын. - Сiз Еуропа бiрiншiлiгiне iрiктеу ойындарында Сербия қақпасына гол соқтыңыз. Бiрақ ұлттық құрама сапында көп тұрақтамадыңыз. Неге? - Ел құрамасында ойнау — әрбiр ойыншының арманы. Голландиялық бапкер А.Пайперстiң тұсында бас командаға шақырту алдым. Бiрнеше ойын өткiздiм. УЕФА-ға қабылданғалы берi ресми ойындардағы алғашқы жеңiсiмiзге үлес қостым. Қай спортшының қандай деңгейде екенiн, ұлттық құрамаға кiмдер ойнайтынын жаттықтырушылар бiледi. Егер Қазақстан құрамасына шақырып жатса, ел намысы үшiн бар күш-жiгерiмдi салуға дайынмын. - Жасыратыны жоқ, премьер-лигада ойнайтын көп командалардың негiзгi құрамында жергiлiктi ұлт өкiлдерi аз. Кәсiби футболшы ретiнде бұған көзқарасыңыз қалай? - Бұл мәселе қазақ азаматы ретiнде менi де алаңдатады. Сізге бiр мысал айтайын. Былтыр қараша айында ел кубогiнiң жартылай финалында «Таразбен» ойнадық. Алғашқы ойында сырт алаңда қарсыласымызға 1:3 есебiмен ұтылып, өте қиын жағдайда қалдық. Финалға шығу үшiн қалайда екi доп айырмашылығымен жеңу керек болды. Көп адамдар есе қайтаратынымызға сенбедi. Бiрақ, Шымкенттегi орталық стадионда жауған қарға қарамай, қарсыласымызды 3:0 есебiмен ұтып, ақтық сынға жолдама алдық. Ойыннан кейiн үйге қайтып келе жатып әкем: «Балам, сен бүгiн ойында ерекше бiр нәрсенi байқамадың ба?», — дедi. Мен: «Ол не? Кәдiмгi бәсеке ғой» дегенiмде, «Бүгiн «Ордабасының» негiзгi құрамында 7 қазақ жiгiтi ойнады. Алаңға тыңнан қосылған ойыншыны қосқанда 8 болдыңдар. Бұл ел футболында сирек кездесетiн жағдай. Сендер қазақы намыс пен қайсарлықтың арқасында жеңiске жеттiңдер», — дедi ол қуанып. Ойлап қарасам, әкемнiң сөзiнде жан бар. Айтайын дегенiм, бүгiнде елiмiзде футболды дамыту жолында көп жұмыстар атқарылуда. Қазақ жастарының футболмен шұғылдануына мүмкiндiк бар. - Ел арасында премьер-лига мен кубоктiк ойындарда кiмнiң топ жаратыны алдын ала келiсiлiп қояды екен деген сыпсың әңгiме бар. Бұл пiкiрге не дейсiз? - Мен ондай болжамдар мен әңгiмелерге сенбеймiн. Мысалы, былтыр маусым басында «Ордабасы» кубоктi алатынына ешкiм сенген жоқ. Үмiткерлер ретiнде өзге командалардың аты айтылып жүрдi. Бiрақ бiз ешқандай болжамдарға қарамай, өз еңбегiмiзбен жеңiске жете бiлдiк. - Футболшылар арасында достарыңыз көп пе? - Бiр премьер-лигада бақ сынап жүргендiктен футболшылардың көпшiлiгiн танимын. Араласып тұрамыз. Дегенмен, өмiрде дос болғанымызбен, жасыл алаңда таныстықты ұмытып, бiр-бiрiмiздi аямаймыз (күлдi). - Жасыл алаңда жиi жарақат алатындар бар. Осындай қиын сәтте бiр рет болса да футболды тастаймын деген ой туды ма? - Ауыр жарақат алып бiрнеше ай емделген кезiм болған. Бiрақ футболдан кетем деп ойлап көрмеппiн. Өйткенi, футбол — менiң өмiрiм. - Көп азаматтар карьера қуып, ақшаның соңына түсiп, туған жерiн ұмыт қалдырып жатады. Ал, өзiңiз ауылыңызға барып тұрасыз ба? - Менiң әкем Мақтааралдiкi, ал анам Отырар ауданының қызы. Ауылға да, нағашы жұртқа да уақыт тауып, жиi барып тұрамын. Жыл сайын отбасымыздың демеушiлiгiмен оқушылар арасында футбол бәсекесiн өткiземiз. Ол жақтағылар менi танып, «бiздiң бала» деп мақтап жатады. Қалада өссек те, ауылдың орны бөлек қой. - Биыл Нұрғалиев, Мұхтаров, Евстигнеев сынды ойыншылар басқа клубтарға ауысты.«Ордабасыға» жаңадан қосылған футболшылар олардың орнын баса алады ма? - Әрине, қай командада ойнайтынын әркiм өзi таңдайды. Әрiптестерiме сәттiлiк тiлеймiн. Дегенмен, Карпович, Жалмағамбетов, Пахолюк, Арури сынды ойыншылар да осал емес. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында бiрге ойнадық. Жаңа маусым басталғанша командаға сiңiсiп кететiнiне сенiмдiмiн. - Екi жылдан берi бiрге ойнаған командадағы легионерлер мен жергiлiктi жастардың шеберлiгiне қандай баға бересiз? «Шымкент — елiмiздегi футболы өркендеген қала» деген пiкiрмен келiсесiз бе? - Толық келiсемiн. Негiзi, бiзде балалар футболы дұрыс жолға қойылған. Соның арқасында жыл сайын талантты жастар шығуда. «Ордабасының» негiзгi ойыншылары — жергiлiктi жастар. Олар талантты әрi еңбекқор. Өзге клубтарда ойнап, өз командама оралғанымда Шымкентте жас футболшылар арасында бәсекелестiк бар екенiн байқадым. Легионерлерiмiз де жаман емес. Касьянов та, Эндри де, Трайкович те өздерiне жүктелген мiндеттi орындады деп есептеймiн. - Баспасөзде өзiңiз жайлы жазылған мақалаларды оқып тұрасыз ба? Сынды қалай қабылдайсыз? - Негiзiнен спорт тақырыбындағы газет-журналдар мен интернет сайттарды оқып жүремiз. Егер сын орнымен айтылса, қорытынды шығаруға тырысамын. - «Қазақстандағы үздiк үш футболшы кiмдер?» десе қалай жауап берер едiңiз? - Мен дауысымды Сымақов, Жұмасқалиев және Лорияға берер едiм. Бұл жiгiттер әр маусым сайын өз деңгейлерiн түсiрмей жақсы ойнап жүр. - Команда капитаны болу қиын ба? Жаңа маусымнан не күтесiз? «Ордабасының» алдында қандай мақсат бар? - Командаға капитан болу футболшылар алдында да, жанкүйер алдында да үлкен жауапкершiлiктi талап етедi. Бiр жағынан бұл қосымша күш бередi. Ел сенiм артып отырғанда аянып қалмауға тырысасың. Жоспарларға келсек, ең алдымен оқу-жаттығу жиынын ойдағыдай өткiзiп, тыңғылықты дайындаламыз. 6 наурызда суперкубок үшiн «Шахтермен» ойнаймыз. Бiрiншi осы жүлденi ұтып алғымыз келедi. Еуропа лигасында да жақсы ойнауымыз керек. Жаңа маусымда неғұрлым жоғары орындардың бiрiнен көрiнiп, жанкүйер сенiмiн ақтасақ деймiз. - Ой бөлiскенiңiзге рахмет! Жасыл алаңдағы жеңiстi жолыңыз жалғаса берсiн!  Сұхбаттасқан Ғабит САПАРБЕКОВ "Маса.kz" сайты  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×