«Қайрат» Чемпиондар Лигасының жартылай финалына өтті

29.04.2021, 02:40
Кака шәкірттері келесі кезеңде «Барселона» - «Добовец» жұбының жеңімпазымен күш сынасады
«Қайрат» Чемпиондар Лигасының жартылай финалына өтті

Алматылық «Қайрат» футзалдан Чемпиондар Лигасының ширек финалында португалиялық «Бенфикадан» басым түсті. Кездесу бүгін, 28 сәуірде Задар қаласында (Хорватия) өтіп, 6:2 есебімен қазақстандық клубтың пайдасына аяқталды.

16-минутта Гадейя есеп ашты. Бірақ португалиялық клуб бірден есепті теңестірді. 31-минутта Эдсон алматылық команданы қайтадан алға шығарды.

Сондай-ақ «Қайрат» екінші голдан кейін қақпашысын ауыстыруға мәжбүр болды. Сары қағаздарының көптігіне байланысты Игита алаңнан қуылды. Оның орнын 19 жастағы Нарун Серіков иеленді. 35-ші минутта қарсыластар таразы басын теңестірді. Нәтижесінде матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталды. Командаларға қосымша екі экстра тайм өткізуге тура келді.

Бірінші экстра таймның соңында «Қайрат» Дәурен Тұрсағұловтың арқасында алға шықты. Екінші таймның ортасында Гадейя дубль жасады. Көп ұзамай Фернандиньо командасының бесінші голын соқты. Ал соңғы секундтарда Біржан Оразов кездесудің нүктесін қойды.

«Қайрат» жартылай финалдағы қарсыласы әлі белгісіз. Кака шәкірттері келесі кезеңде «Барселона» - «Добовец» жұбының жеңімпазымен күш сынасады. Турнирдің жартылай финалы 1 мамырда, ал финал 3 мамыр күні өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×