«Қайрат» командасына бөлінетін қаржы көлемі өткен жылғыдан бірнеше есе көп

02.03.2011, 21:00
«Қайрат» командасына бөлінетін қаржы көлемі өткен жылғыдан бірнеше есе көп

Әлемдегі әр қаланың деуіміз артық айтқандық болар, бірақ Алматы секілді ірі мегополистердің намысын қорғайтын арнайы футбол командасы болады. Алайда, сол қалалардың тізгінін ұстаған әкімдердің арасында жанкүйер басшылар жоқтың қасы. Осы орайда, алматылық «Қайраттың» нөмір бірінші жанкүйері әрі жанашыры саналатын шаһар басшысы Ахметжан Есімовтің ықтиярлығымен тұңғиыққа батқан команда жоғары лигаға қайта оралды. Бала кезінен «Қайраттың» бірде-бір ойынын жібермей тамашалайтын үлгілі басшы тұрғанда, команданың өз биігіне қайта шығуына сеніміміз мол.

Шаһар басшысы Ахметжан Есімов жаңа маусым басталмас бұрын Алматының намысын ала доп аламанында жарты ғасырдан бері қорғап келе жатқан «Қайрат» командасының құрамымен кездесіп, биылғы біріншілікте қай межеден көріну керектігі төңірегінде әңгіме қозғады. Биылғы маусым шымылдығын жаңа құраммен бастағалы отырған команданың тізгінін кезінде «Қайраттың» сапында ең көп ойын өткізген ардагер футболшы Владимир Никитенко ұстады.

– Қайрат» – еліміздегі ең тарихи командалардың бірі әрі бірегейі. Тек алматылықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналған футбол ұжымы. Өздеріңіз білетіндей, 1954 жылы іргесі қаланған команданың алғашқы атауы «Локомотив» болатын, одан кейін «Урожай» болып өзгерді. Ал, команда «Қайрат» деген атауға ресми түрде 1955 жылдан бастап иелік етіп келеді. Демек, «Қайрат» командасына биыл тура 55 жыл толып отыр.

Биыл алматылық «Қайраттың» құрамы да, жаттықтырушысы да өзгерді. Әрине, оның барлығы жанкүйер үмітін ақтап, биылғы біріншілікте қалай да жоғары сатыдан көріну үшін жасалынып отыр. Команда сапына Руслан Балтиев сынды тісқаққан ойыншылардың келуі де көп көмегін тигізуі тиіс, – деді Алматы қаласының Әкімі Ахметжан Есімов.

Керек дерек

Қала әкімдігі «Қайрат» командасы үшін 2011 жылға 700 млн. теңге көлемінде қаржы бөліп отыр. Ал, команданың бас демеушісі «ҚасРосГаз» ЖШС  қайырымдылық көмек ретінде 299 млн. теңге қаржы бөліп, команда ұжымын тасымалдауға су жаңа автобустың кілтін табыс етті.

Сондай-ақ, «Қайрат» командасының тарихына тоқталып өткен қала басшысы алматылық футбол клубының бүгінгі жай-күйін де сөз етті.

«Қала әкімдігінің ресми сайтына хат жолдайтындардың көбі «Қайрат» командасының жанкүйерлері. Сонда көбі «Қайраттың» дәл бүгінгідей сүреңсіз ойын көрсетуін қаржының тапшылығынан деп біледі. Әрине, олардың да ойын түсінуге болады. Бірақ, өткен жылы команда ойыншылары мен бас жаттықтырушысына берген уәдемізді толықтай орындадық. Тіпті, оларға қалай да ішкі біріншілікте көш бастауларың керек деп қатаң талап та қойғанымыз жоқ. Алайда, өздеріңіз білетіндей өткен жылы алматылық аяқдопшыларымыз жоғары лигада өнер көрсету мүмкіндігін әрең сақтап қалды.

Қала әкімдігі «Қайрат» командасына өткен жылы жеткілікті дәрежеде қаржы бөлді. Биыл қаржы көлемін бірнеше есе көбейтуді жоспарлап отырмыз. Демек, бөлінген қаржыға байланысты талап та қатаң болады. Биылғы маусымда алматылық команда жоқ дегенде алғашқы алтылықтың қатарында болуы тиіс. Ал, ішкі біріншіліктің көшін бастайтын болса, қолдан келгенше көмегімізді аямаймыз», – деді қала басшысы.

Жандос БАЙДІЛДА

Фото - Самат ҚҰСАЙЫНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×