Өткен жылы біріншілікті сүреңсіз бастап, екінші айналымда екпінді ойнап, маусым соңында сегізінші орынға табан тіреген команда биыл одан жоғары нәтижеге қол созсақ деп ниеттеніп отыр. Аталмыш клубтың төрағасы Ермек Көкетовтің айтуынша, «Қайсардың» құрамында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бас бапкер Альгимантас Любинскас үстіміздегі жылы да командаға жетекшілік етуге келісім беріп отыр. Түркияда литвалық маманмен келісімшартқа қол қою мәселесі шешілмек. Оған былтырғыдай Владимир Линчевский мен Сұлтан Әбілдаев көмектеседі.
Екінші айналымда «Қайсардың» құрамына келіп, тасқамал қақпашы атанған Жасур Нәрзіқұлов биылғы футбол маусымында өзге командада да бақ сынауы мүмкін. Дегенмен ол алдын ала келісім бойынша қызылордалық ұжымның жейдесін киюге ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ қорғаушы Егор Азовский «Атырауға» аттанса, жартылай қорғаушы Сабырхан Ибраев жаңа команданы іздестіру үстінде. Былтыр шетелден келген Иван Перич, Борут Семлер, Градимир Црногорац, Филипе Эдейпо сынды футболшылар Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына шақыру алған. Ал Серік Сағындықов, Азиз Анарметов, Руслан Эсатов, Александр Стахив, Анатолий Малков та «Қайсарды» өрге сүйреуге күш салады. Команда басшылығы былтыр өзге клубтарда бақ сынаған талантты жастарды қатарға тартуды көздейді.
Ең бастысы, биыл команданың қаржылық жағдайы былтырғыдан әлдеқайда тәуір болмақ. 2012 жылы «Қайсардың» қалтасы 800-900 млн теңгені шамалайды.
Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы
Біздің серіктес: FONBET