«Қалың ұйқыдағы» «Қайратты» испан маманы да оята алар емес

18.07.2012, 02:23
«Қалың ұйқыдағы» «Қайратты» испан маманы да оята алар емес
Алматы дербиінде алаң иелері «Қайрат» болған. Бірақ Испаниядан келген Пепе бапкер бұл жолы да жігіттерін желпіндіре алмады. Тіпті жазғы маусымаралық үзілісте Испаниядан аттай қалап алдыртқан Гарсия мен Соуто Санпедроның өздері де «Қайратты» тығырықтан шығарған жоқ.
«Шахтердің» Чемпиондар лигасына байланысты үзілісін пайдаланған Қостанайдың «Тобылы» турнир кестесінің көш басына қайта жайғасты. Ал екінші орынға Керекудің «Ертісі» орналасты. Сондай-ақ аутсайдерлер «Жетісу» мен «Сұңқар» да осы турды сәтті өткізді.
Турдың орталық кездесуі ретінде Шымкенттегі «Ордабасы» – «Ақтөбе» ойынын айтуға болатын шығар. Дегенмен Еуропа лигасындағы екі клубымыз бірін-бірі ала алмай, тең есепке қанағат білдіріп тарқасты. Алдымен алаң иелері есеп ашқан. Алайда 13-минутта Мансур Гуйе соққан голға 70-минутта Лукас Байер жауап қайтарды. Сондай-ақ Керекудегі ойын да қызықты өтеді деп ойлағанбыз. Бірақ алаң иелерінің қарқынды шабуылдарына қонақтар еш қарсылық көрсете алмады. Сөйтіп, еліміздегі ең белді қақпа­шылардың бірі Ненад Эрич бір емес, үш мәрте сан соғуға мәжбүр болды. Алдымен Сергей Иванов «Астана» қорғанысын бұзып жарса, екінші таймның басында Ұлықбек Бақаев екінші голды соқты. Арада көп уақыт өтпестен Тити Эссомба Эричпен жеке-дара шығып, серб қақпашысын оп-оңай алдап өтті. Есеп – 3:0.
«Тараз» баяғы қалпына қайта түскен секілді. Уақыт өте жеңілістері де көбейіп келеді. Өткен турда «Ақтөбеден» 1:4 есебімен ойсырай ұтылған. Бұл жолы «Жетісудан» жеңілді. Бірақ, бір қызығы, өткен турдағыдай бұл жолы да Любко Петрович шәкірттері бірінші болып есеп ашты. Алайда 10-минутта Эрсин Мехмедовичтің баспен соққан голына қонақтар екінші таймда үш доппен жауап қайтарды. Келесі тур да киелі қаламыздың өкілдеріне оңай соқпайды. Шілденің 29-ында «тараздықтар» ел чемпионы «Шахтерді» қабылдайды. Егер сол ойында да жеңілсе, жергілікті жанкүйерлер командасын кешіре қоймас. Қазірдің өзінде стадионға келер көрермендері азайып барады. «Жетісумен» болған ойынды тамашалау үшін ста­дионға бар болғаны 2700 адам жиналыпты. Бұл – көрермендер жинау тұрғысынан алғанда 17-турдың ең төменгі көрсеткіші.
  Алматы дербиінде алаң иелері «Қайрат» болған. Бірақ Испаниядан келген Пепе бапкер бұл жолы да жігіттерін желпіндіре алмады. Тіпті жазғы маусымаралық үзілісте Испаниядан аттай қалап алдыртқан Гарсия мен Соуто Санпедроның өздері де «Қайратты» тығырықтан шығара алмады.Қайта «Сұңқар» жарады. Жазғы трансферлік кезеңді сәтті пайдаланып, шабуылын күшейтіп алды. Енді қаскелеңдіктердің бір ойында үш гол соғатындай әлеуеттері бар. Бұған біз «Қайратпен» болған кездесуде куә болдық.
Ал «Тобыл» көш басына жаңа легионері Неманья Йовановичтің арқасында қайта оралды. Иә, сол баяғы — «Таразда», «Қайратта» ойнап, әр кездесуден кейін жанкүйерлердің өсегіне қалып жүрген Йованович. Бәлкім, «Тобылда» бұл шабуылшы өз орнын тапты ма екен, әйтеуір, ойынның аяқталуына жарты сағат қалғанда «Атырау» қақпашысы Бойченконы сан соқтырды.
Турдың тағы бір ойыны Оралда өтті. Алайда жергілікті «Ақжайық» пен Қызылорданың «Қайсары» арасында өткен кездесуде футболшылар көрермендерді голмен қуанта алмады. Жеңіске оралдықтар жақын болған. Бірақ «Қайсар» қақпашысы Неманья Джоджо иелігіне бірде-бір соққыны дарытпады.
17-тур
«Тараз» — «Жетісу» (Талдықорған) 1:3
Голдар: Мехмедович, 10 – Белич, 63. Михайлов, 69. Тілешев, 89.
«Ертіс» (Кереку) — «Астана» 3:0
Голдар: Иванов 33 (1:0), Бакаев 50 (2:0), Эссомба 62 (3:0)
«Ордабасы» (Шымкент) — «Ақтөбе» 1:1
Голдар: Гуйе, 13 – Байер, 71.
«Қайрат» (Алматы) — «Сұңқар» (Қаскелең) – 1:3
Голдар: Соуто Санпедро, 4. Джокич, 36. Савенас, 59-пен. Недашковский, 77.
Ойынның 58-минутында Джорджевич (Қ) алаңнан қуылды.
«Тобыл» (Қостанай) — «Атырау» 1:0
Гол: Йованович 57 (1:0)
«Ақжайық» (Орал) — «Қайсар» (Қызылорда) 0:0
 Әзиз ЖҰМАДІЛ
алаш арена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×