Қақпашы Нәкен Қырықбаев қайтыс болды

06.04.2015 19:35

Қақпашы Нәкен Қырықбаев қайтыс болды
Кеше Жамбыл облысында "Тараз" футбол клубының бұрынғы қақпашысы Нәкен Қырықбаев кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды "Алаш айнасы" аталған клубтың ресми сайтына сілтеме жасап. Нәкен Қойшыұлы 1975 жылы 29 қыркүйекте туған. Үлкен футболдағы карьерасын 1993 жылы "Намыс" футбол клубының сапында бастаған. 1994-2008 жылдар аралығында ол еліміздің жеті клубының сапында өнер көрсетті – "Қайрат", "Қайнар", "Қайрат-2", "Тараз", "Восток", "Қайсар" және "Жамбыл". 2012 жылдан бастап бапкерлік қызметке ауысып, бірінші лигадағы үш клубтың қақпашыларын жаттықтырды – "Лашын", "Гефест" және "Мақтатарал". Нәкен Қырықбаев – спорт шебері. Қазақстан ұлттық құрамасының сапына ілігіп, үш ойын өткізген. Ол "Тараз" клубының тарихында пенальти тойтарудан рекорд жасаған. Оның бұл рекорды әлі жаңартылған жоқ. "Тараз" футбол клубының ресми сайты бүкіл Жамбыл облысының футбол қоғамы қақпашының қазасына ортақтасып, оның туғандарына қайғырып көңіл айтатындықтарын білдіріпті. Біз де қазақ футболының жанкүйерлері мен жанашырларына атынан өмірден ерте озған қақпашының қазасына қайғырып, оның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Марқұмның жаны жұмақта болсын.  

0 пікір