Қарқыны қатты Роберт Левандовский

30.10.2020, 17:58
Леванголский, иә қазіргі таңда бұл польшалық шабуылшының лақап аты десекте болатын шығар. Мен бүгінгі мақаламды дәл осы футболшыға арнағым келіп отыр.
 Қарқыны қатты Роберт Левандовский

            Роберт Левандовский – 1988 жылы 21 - тамызда Варшава қаласында дүние есігін ашқан. Өнер көрсететін клубы немістің «Бавариясы». Спорттық ғұмырын Лешно қаласындағы «Партизан» командасының жастарында бастаған. Польша ұлттық құрамасының капитаны. Заманауи футболдағы теңдессіз шабуылшылардың бірі. Ең алғашқы голын «Дельта» сапында соққан. 2010 жылы  1 – шілдеде Дортмундтық «Боруссияға» ауысып, екі жыл қатарынан Бундеслиганың чемпионы атанды. 2011-2012 және 2013-2014 жылғы маусымдарда неміс чемпионатының үздік сұрмергені болды. 2013 жылы Чемпиондар Лигасында «аралар» финалға дейін жетіп, басты қарсыласы «Баварияға» 1-2 есебімен жеңіліп қалды. Жартылай финалда Мадридтік «Реалдың» қақпасына покер жасаған поляк, жарыстың осы кезеңінде бір матчта 4 гол салған жалғыз аяқдопшы ретінде тарихқа енді. Айта берсек бұл футболшының жетістіктері өте көп.

          2014 жылы Роберт «Баварияның» жейдесін киді. Жаңа клубымен бес жылдық келісімшартқа отырып, бір жылдан кейін ешқашан есінен кетпейтін ойын өткізді. 2015 жылдың 22 – қыркүйегінде Бундеслиганың кезекті турында «рекордмайстер» «Альянц Аренада» «Вольфсбургты» қабылдады. Бірінші таймнан кейін қонақтар 0-1 есебімен жеңіп жатты. Екінші кезеңде бас бапкер полякты алаңға жіберді. Аш қасқырдай атылған Роберт Левандовский небәрі 9 минуттың ішінде бес гол салды. Осылайша Еуропаның топ-5 чемпионаттар арасында рекорд орнатты. Бір қызығы барлық голды ойыннан соққан. 32 жасына дейін 621 кездесуге қатысып, 431 гол соғып үлгерген. Әлемдік деңгейде өте тамаша көрсеткіш.

Ал енді азды-кем футболшының отбасы жайлы әңгімелесем. Жер шарындағы әдемі спорттық жұптардың бірі ол – Роберт және Анна Левандовскийлер. Польшада оларды өз тілдерінде «Бекхэм» дейді. Анна – кәсіпқой спортшы, қара белбеу иегері және каратэден Әлем чемпионы. Оның ішкі және халықаралық ареналарда көптеген жүлделері бар. Роберт Аннамен 2007 жылы Варшава білім және спорт мектебіне семинарға шақырылған кезде кездескен. 2013 жылы 22 - маусымда ерлі-зайыптылар қарым-қатынастарын заңдастырды. Қазіргі таңда бұл керемет жұп екі қызды тәрбиелеп отыр. Есімдері Клара және Лаура.

          Футбол жанкүйерлері үшін Роберт Левандовский жайлы кішкене болсын ақпарат бердім деп ойлаймын. Айта кетейік, осы маусымда Чемпиондар Лигасының жеңімпазы  «Бавария» сапында барлық турнирлерде 10 гол салып, 3 нәтижелі пас берген.

Нұрасыл Нұрсұлтан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×