Қартаймайтын "кәрілер"

08.10.2014, 22:02
Қартаймайтын "кәрілер"
Футболдық мансап қысқа-ақ. Бірнеше жылдар бойы еңбек ету, үздіксіз жаттықтырулар, тығыз график, әдетте футболшыларды қажытады. Көбіне 32 жастан кейін-ақ аяқдопшылар психологиялық, моральдық, физикалық зейнеткерлікке кете бастайды. Кейбірі, жасыл алаңмен қош айтысады, кейбірі команданың қосалқы құрамында отырады, жаттықтырушылар керек кезде олардың тәжірбиесіне үміт артады дегендей. Кейбірі мұхиттың ар жағына немесе Азияға, қомақты қаржы тауып, рахат кәрілікті қамтамасыз ету үшін кете барады. Бірақ, атақты футболшылардың арасында, жасы 32-ден асса да, уақыттың қамшысына бағынбай, жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп жүрген футболшылар да жоқ емес. Франческо Тотти, 38 жас. "Рома" Италия Осы кезде Тоттидің әріптесі Мирко Вучиничтің сөзі еске түседі: "21 жыл бойы Тоттиді бәрі тоқтатқысы келеді, бірақ әлі ешкімнің де қолынан келген жоқ". Иә, Император мәңгі жасыл алаңнан кетпейтін секілді. Әлі талай рет Романы шайқастарға бастап шығады. Айтпақшы, Чемпиондар Лигасында Манчестер Ситидің қақпасына гол салып, рекорд орнатты. Бұған дейін бірде бір ойыншы 38 жасында бұл үздік клубтық турнирде гол салмапты. Былтырғы нәтижесі таңдай қақтырады. Жарақатына байланысты маусымның біраз бөлігінде алаңға шықпаса да, қатысқан ойындарда 11 голға айналған пас беріп, 8 рет мергендік танытқан. Златан Ибрагимович, 33 жас. "ПСЖ" Франция 3 қазан күні 33 жасын тойлаған Златанды бұл тізімге қосуды ұйғардық. "Ол сапалы шарап секілді, жылдан-жылға жақсарады"-дейді француз журналистері. Бұл теңеумен келіспеске болмайды. Уақыт өткен сайын ойынынан мін табу қиын. 33-те деп кім айтады? Қимылы 25-тегі жігіттікі секілді. ПСЖ-ны Ибрагимовичсіз елестету де қиын. Маусымның басында Францияның чемпиондар ұпайды көп жоғалтса, оның басты себептерінің бірі, әрине шведтың жарақаты. Бұл жайлы ойлап бас қатыру қажет емес, футболмен қоса, таэквандоны да меңгерген Златанның акробатикалық ойынынан кем дегендей 2 жылдай ләззәт аламыз. Джон Терри, 33 жас. "Челси" Англия Президенті ауыс-түйісті жақсы көретін Челси секілді клубта, футболшы ретінде тұрақты орнынды сақтап қалу қиын. Роман Абрамович әр маусым аралық үзілісте жаңа ойыншылармен команданы толықтыру үшін қаражатты аямайды. Осы жазда да дәл солай. Команда нығайды, жұлдызды ойыншылар келді десек те болады. Бір қызығы, соңғы 15 жыл ішінде бір орталық қорғаушыны алмастыру мүмкін емес. Тіпті, керек те емес. Әрине, Терри жарақат алғанда оны алмастырған ойыншылар болды, бірақ капитанның денсаулығы қалыпты жағдайда кезде, негізгі орталық қорғаушы ол! Нағыз тірі аңыз. Ақсүйектердің символы, бетке ұстары. Кэхиллмен жұптасып Челси қорғанысынң беріктігін сақтап тұр. Тіпті, беріктігі соншалық, Давид Луистің өзі олардың мықтылығын мойындап, Францияға кетуге мәжбүр болды. Тим Ховард, 35 жас. "Эвертон" Англия Әдетте, қақпашы позициясы кәріліктің тісі өтпейтін позиция. 42-43 жасқа дейін де негізгі құрамда ойнаған қақпашыларды бар. Көбіне солар клубтың тарихында ең көп матч өткізген ойыншылар ретінде рекорд қойып жатады. Әрине, 35 жасында Эвертонның қақпасын қорғап жүрген Ховардтікі жаңалық емес. Бірақ, ол қалай қорғап жүр десеңізші. Әлем чемпионатындағы Бельгия-АҚШ матчын қайталап көрсеңіз-ақ, Ховардтың мықтылығына көзіңіз жетеді. Джанлуиджи Буффон, 36 жас. "Ювентус" Италия Буффонсыз Ювентусты, Буффонсыз Италияны елестете аласыз ба? Менде елестете алмаймын. Әлемде сыйламауға мүмкін емес футболшылар бар. Әрине, өкініштісі олар жылдан-жылға азайып бара жатыр. Қазіргі таңда Лэмпард, Хави, Джеррард, Касильяс тағы бірнеше аяқдопшылар. Сүйікті команданның қақпасына гол салғанда, немесе командана кедергі жасағанда жек көруін мүмкін. Уақытша ғана. Онда да күмәнді. Ал, жалпы сыйламау, құрметтемеу мүмкін емес. Солардың бірегейі Буффон. Мәңгі жас, шеберлік, талантпен бірге адами асыл қасиеттерді бойына қондыра білген Буффонды қалайша сыйламасқа? Жасы 36-ға келсе де, Италия да, Ювентус та қақпасын құдайдай сеніп тапсырады. Сенуге тұратындықтан, сеніп тапсырады. Антонио Ди Натале, 34 жас. "Удинезе" Италия Адалдықтың символы. Антонио Еуропаның кез келген алпауыт клубында ойнай алушы еді, қызықпаған алпауыт клуб жоқ. Иә, ол Чемпиондар Лигасында ойнауға да талай мүмкіндіктер болды. Манчестерге, Миланға, Лондонға кеткенде. Бірақ, ол 10 жыл бойы Удинезеде. Мансап, ақша қумаған жан. 10 жылдың ішінде бұл команданың басынанан не өтпеді? Дағдарыс, жоғары өрлеу, Чемпиондар Лигасы, қайта құлдырау. Бірақ, осының бәрін де Антонио өз жұмысын беске атқарды. 2009 жылдан бері, әр маусымда 23 голдан кем салмаған. Оның еншісінде клубпен жеңіп алған бірде-бір трофей жоқ. Оның трофейі клубқа деген адалдығы. Бүгінгі миллион қуған, атақ қуған жастарға үлгісі.

Фараби Әбдіхалық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Еуро-2016. Телекөпір
Келесі жаңалық
ЧЕХИЯ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Серіктес жаңалықтары
×